Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды жоғары палатаның баспасөз қызметі.
Онда ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев және ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндама жасады. Шахрат Нұрышев елдің сыртқы саясатының алдағы он жылды қамтитын негізгі бағыттарына, мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. «Жаңа nұжырымдама еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіздік таңында негізін қалаған сыртқы саяси бағыттың базалық қағидаттарының сабақтастығын сақтайды. Қазақстанның сыртқы саясаты бұрынғыдай көпвекторлық, тепе-теңдікті сақтау, прагматизм және ұлттық мүдделерді қорғау қағидаттарына негізделеді. Оның тиімділігі уақытпен дәлелденген», -деді Сыртқы істер министрінің орынбасары. Жаңа nұжырымдамаға сәйкес Тәуелсіздікті, халықаралық және өңірлік әріптестікті, келісім мен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған дәстүрлі сыртқы саяси бағдар бұдан былай экономикалық даму аспектілеріне де назар аударатын болады. Бұл ел экономикасына тікелей шетел инвестициясын тарту, тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайту арқылы қазақстандық экспорт үшін сыртқы нарықтың аясын кеңейту шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Қосымша баяндамашы Қайрат Төребаев Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасына және онда қамтылған еліміздің сыртқы саудасын дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол өңірлік сауданы дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында кедергісіз тауарлар қозғалысын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Оның айтуы бойынша, экономикалық дипломатия құралдарын пайдалану ел тауарларын әлемдік нарыққа шығаруға жол ашады. Сенаторлар отырыс барысында сыртқы саясаттың маңызды мәселелерін талқыға салды, олардың қатарында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын реттеу, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені, сондай-ақ пандемия кезінде Қазақстан азаматтарының елге оралуын ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
zhaikpress.kz