3.07.2025, 17:00
Оқылды: 271

Креатив көкжиегі

Батыс  Қазақстан  облысының  дизайнерлер  мен  модельерлер  қауымдастығы  Жұмысшы  мамандықтар  жылы  аясында  «AQJAIYQ  FASHION  FESTIVAL»  сән  фестивалінің  төртінші  маусымын  жоғары  деңгейде  өткізді.

 М Салык (1)

Бұл фестиваль – аймақтың креатив индустриясы мен кәсіпкерлікті тоғыстырған маңызды алаң. Фестиваль аясында өткен дөңгелек үстелде «Отандық дизайнерлер мен кәсіпкерлер серіктестігі» тақырыбы бойынша саланың өзекті мәселелері мен даму бағыты талқыланды.

Ұлттық құндылықты насихаттау – киім арқылы тарих пен рухани байлықты жеткізу. Этно-мотивтер мен заманауи стиль үйлесімі – ұлттық болмысымызды әлемге танытудың ең сәтті тәсілдерінің бірі.

Дөңгелек үстелге БҚО дизайнерлер қауымдастығының төрайымы, «Креативті индустрия академиясы» жобасының негізін қалаушы Әсем Сырымова, қауымдастық төрайымының орынбасары, «MAQPAL» брендінің ауторы Айнагүл Мүйтенова, Ақтөбе қаласының дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының төрайымы Әйгерім Ғайыпбаева, қауымдастық мүшесі, дизайнер Айгүл Төлеубаева,  Орал «Сервис» технологиялық колледжінің директоры Айгүл Бейсенбайқызы, жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Фатима Куржакова қатысты.

М Салык (2)

Фестиваль аясында «Made in KZ» атты отандық қолөнершілер көрмесі өтті. Ал кештің ең жарқын бөлігі «Заманауи стиль және ұлттық нақыш» атты сән көрсетіліміне ұласты.

Ақжайық сән фестивалінің басты мақсаты – өңірдің рухани тұлғаларын ұлықтау, тарих пен мәдениетті сән әлемімен үйлестіру. Бұған дейінгі маусымдарда Қыз Жібек, Тақсай ханшайымы, Жәңгір хан мен Фатима бейнесі дәріптелсе, биыл сахнада Құрманғазы мен Дина рухы жаңғырды. Жәңгір хан атындағы университет студенті Алмас Азаматұлы өз туындысын ұсынып, жетекшісі Маншүк Сабырғалиевамен бірге ұлттық мұраны сән тілінде жеткізді. Сондай-ақ сән көрсетілімінде ұлттық этно стильде тігілген бірегей топтамалар да көрермен назарына ұсынылды. Олардың қатарында ақтөбелік Айгүл Төлеубаева, атыраулық Сәлима Қуанбаева, оралдық ALCYM брендінің ауторы Айым Сейітова және оралдық дизайнерлер Айгерім Хамзина, Мәриям Назарбаева, Әсем Сырымова мен Айнагүл Мүйтенованың туындылары бар.

М Салык (4) (1)

– Ақжайық сән фестивалі өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл шығармашылық пен ұлттық болмыстың тоғысқан алаңы. Биылғы фестивальге Атырау мен Ақтөбе қалаларынан арнайы қонақтар келіп, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік туды. Бүгінгі кеште сегіз дизайнердің топтамасы сахнаға шығып отыр. Бұл – отандық сән индустриясының кәсіби деңгейін көрсететін үлкен жетістік. Сонымен қатар оннан аса қолөнерші өз бұйымдарын ұсынып, көрмеге келушілерге ұлттық нақыштағы ерекше туындыларын таныстыруда. Осындай мазмұнды да мағыналы кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына, қоғамдық даму басқармасына, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне және барша демеуші кәсіпкерге, ұйымдастырушыларға, техникалық және шығармашылық топқа, сондай-ақ  кешке келіп, қолдау көрсетіп отырған көрермен қауымына шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық дизайнерлер мен модельерлер қауымдастығының төрайымы Әсем Сырымова.

М Салык (5)

Айта кетейік, БҚО дизайнерлер қауымдастығы 2019 жылдан бастап жастарға, жас кәсіпкерлер мен тігін ісіне бет бұрған мамандарға тәжірибе алмасу, даму, жаңа бағыттарға қадам жасау үшін тұрақты алаң қалыптастырып келеді. Қазіргі таңда қауымдастық халықаралық деңгейде Париж бен Түркия, республикалық деңгейде Атырау, Ақтөбе, Тараз қалалары және БҚО іскер әйелдер қауымдастықтары мен өңіріміздің жоғарғы оқу орындарымен меморандум орнатып отыр. Осы платформа арқылы көптеген дизайнерлер халықаралық деңгейге көтеріліп, тігін өндірісінің іргетасын қалап, дамуға нақты мүмкіндіктер алды.

М Салык (3) (1)

Ауқымды жоба соңында қатысушы дизайнерлерге облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев арнайы алғысхат табыстады.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

М Салык (6)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале