Жымпитыда жалғыз криминалист бар. Ол – Жангүл Бисембиева. Кейіпкеріміз ізін суытпақ болған талай қылмыскердің жолын кесіп, қылмысын әшкерелеген. Бұл күнде нәзік жанды арудың әскери шені – капитан.

Жангүл Ғаниқызы 1981 жылдың 10 мамырында Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген. Асқар тауы дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болғанда, көкөрім қызы әкесінің әскери формасына қатты қызыққан. Содан бойжеткен шағында санадағы албырт сезімдерді алқымдап, белді бекем буып, болмысына сая мамандықты таңдайды. Орал қаласында жоғары оқу орнын аяқтап, Сырым аудандық прокуратурасының кеңсе меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Қызметіне қатысты бар ақпаратқа қанық болып, өзінің жауапты салаға қадам басқанын сол кезден-ақ жете түсінген. Құзырлы құрылымның қайнаған қазанында шыңдалып, «айыпталушылар», «сотталушылар» дегенді естігенде бұрын ботадай мөлдірейтін «жәутең көзіне» «қырау» қататын болған. Себебі әйел затына нәзіктік тән болғанымен, «басбұзардың» нақ алдында босаңсуға болмайды. Ол мұны әбден ұғынды. Басшылық Жангүлдің жөпшенді жан емес екенін айқын аңғарып, оны жауапты қызметке тағайындайды. Әңгіме тиегін тарқата айтатын болсақ, кейіпкер ару Сырым аудандық пробация бөліміне ауысады.
– Жалпы құқық қорғау құрылымдарына жататын барлық қызмет түрінде қиыншылық бар. Форма киюді кез келген адам меже тұтқанымен, көңілі шыдас бермейді. Осы саладағы екінші қызметім арқылы біраз тәжірибе жинақтадым. Сол шырайлы күндердің тізбесінде алғашында қорқыныш сезімі болып, көңілім солғын тартқан еді. Кейін ептеп үйреніп, жұмысыма бастығып кеттім. Пробация қызметі түрлі топқа бөлінеді. Темір тордың ар жағында жазасын өтеген жанды қоғамға бейімдеу, олардың ел қатарлы ғұмыр кешуіне моральды тұрғыда демеу беру оңай емес. Бұл қызметтің ерекшелігі – кей кездері қылмыскермен бір өзің бетпе-бет қаласың. Оның жағдайын қадағалап, ой-пікірін тыңдайсың, қажет болған жағдайда үйінің ішін де аралап көресің. Егер бұрынғы әдетіне салып, қайта қылмыс жасауға оқталып жүргенін аңғарсаң, шара қолданасың. Жеті жылымды осы пробация саласына арнадым, – деді капитан ару.
Пробация саласынан криминалистикаға ауысқан алғашқы аптасында ауданда өлім-жітім фактілері тіркелген. Кейіпкеріміз сол кезде қорқынышы мен толқынысы бойын қатар билегенін де жасырмады. Бірде ол мал ұрлығы бойынша ауданға қарасты бір округтен келіп, асауқат қамына кіріскенде телефон қоңырауы шыр ете қалыпты. Сөйтсе, ауданға қарасты басқа бір ауылда қандықол қылмыскер өз ауылдасына аяушылық танытпапты. Криминалист ару іле-шала қызметтік формасын қайта киіп, жұмысына қарай жедел жөнеледі. Жанында әріптестері болғанымен, барлығының жанары Жангүлде. Өйткені жұмбақ қылмыстың басын ашудағы басты міндет нәзік жанды арудың мойнындатұғын.
– Қылмысты сараптап-зерттеудің сан түрлі айла-тәсілі бар. Бірақ мұның бәрін жіпке тізіп жайып салсам, қылмыскерлердің қулығына құрық бойламай кеткелі тұр. Қылмысты жасырып-бағу амалдары ұры-қарылардың құлағына оңай жетіп, кең етек жайғаны жалпыға мәлім. Бірсыпырасымен таныстырып, сырттай шолып өтейін. Денеге кірген пышақ жүзі арқылы суық қаруды іздестіруге болады. Қылмыс жасалған суық қару үй жағдайында немесе сөмкесінде табылған күннің өзінде мойындамайтындар жетерлік. Бұлай болмауы үшін, мәйіттегі бар айғақты таспалап, не түртіп алу керек. Сырым ауданында бір дүкен тоналған еді. Қылмыскер бағалы бұйымдарды қолды қып, жөпелдемде жоқ болған. Шамасы, қитұрқы әрекетін алдын ала салқынқандылықпен сараптаса керек, көзге ұрар айғақ қалдырмаған. Криминалистика саласының зерттеу-іздестіру әдістері өте көп. Оны қолжетімді ақпарат ретінде ұсынуға болмайтынын сөзіме өзек еттім. Ақырында қылмыскер біз мүл-де ойламаған алыс ауылда тұратын болып шықты. Қалаға барып сауда жасауға қамданып та қойған. Ол өзіне тиісті жазасын алды. Бірде Т. есімді азаматтың жоғалғаны жөнінде хабар түсіп, аудан көлемінде іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Мамандар адасып кетіп, денесі үсіп кеткен мәйітті алып келді. Жасырып қайтейін, көп жатып қалған. Тіпті бет-пішінінде қарайтын жер жоқ. Мал іздеймін деп шығып, ауа райының қолайсыздығынан айдалада адасып қалған-ау деп топшыладық. Мен мәйіттен саусақ іздерін алдым. Біз іздеген азаматпен жоғалу себебі сәйкес келсе де, екеуінің саусақ іздері бір-біріне қарама-қайшы. Менің тұжырымым оң болып, бұл мәйіт өзге азамат болып шықты. Ал ұшты-күйлі жоғалған жан жанұясымен аман-есен қауышты, – деп қызметтегі қауырт күндерімен бөлісті кейіпкер.
Бүгінде бүтін Сырым жұртшылығы осы саладағы жалғыз маман Жангүлге арқа сүйейді. Қызметтік өтілі жиырма жылға жуықтаса да, Ғанидың Жангүлі болдым-толдым деуден аулақ. Ол алғашында Орал қалалық полиция бөлімінде бір ай тәжірибеден өткен. Сол кезде криминалистика бастығы Талғат Махамбетұлы мен шаһарда еңбек ететін әріптестерінен көп нәрсе үйренген. «Жедел криминалистикалық бөлімнің басшысы, полиция полковнигі А. Мағзомова мен оның орынбасары полиция подполковнигі Қ. Мұхамамедьяровқа айтар алғысым шексіз. Біз ай сайын сынақтардан өтіп тұратынбыз. Зерттеу жұмыстарында жаңашыл қадамдар жасап, тың дүниелерді меңгердім», – деп ризашылығын білдірді. Жангүл ханымға «криминалист ару» деп айдар таққанымызбен, ол – отбасында ардақты жар, аяулы ана. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырақ шамшырағына айналған ибалы келін. Әрине, келіннің мұндай салада осынша уақыт қызмет етуі – ата-енесінің ақжарқын мінезінде. Келінді қызындай көріп, құшағына басып, демеп-қолдап, жұмыс істеуіне мүмкіншілік беретін ата-енесінің бары бақыт емес пе?! Жангүл өмірлік серігі Нұрболмен 2006 жылы отасып, жарық өмірге үш перзент әкелген. Үлкен ұлы биыл 11-сыныпты тәмамдап, құқық қорғау саласына бет бұрғысы келетінін айтыпты. Анасы Жангүл Ғаниқызының да тұнғышымен әріптес болуға еш қарсылығы жоқ.

Әскери қызметшілер жұмыс барысында ешқандай қателікке бой алдырмаса, олардың қызметтік шені біртіндеп өсе береді. Жангүл Бисембиева – қызметте еңбекқор, батыл әрі алғырлығымен көзге түскен кәсіби маман. Десе де, оның капитан шенін алғанына жеті жылдың жүзі болыпты. Тағатсыздана күткен майор атағы тезірек берілсе, арудың мәртебесі одан әрмен асқақтай түсері анық. Әрі осы шендегі «дәу» жұлдыз Жангүлдің қос иығына құйылып түсетіндей. Ел-жердің тыныштығын күзету жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысына толайым табыстар тілей отыра, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз!
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»,
Сырым ауданы