Осы сұрақ соңғы бірер жылдың бедерінде алдымыздан жиі шыға берді. Ізге түстік. Бар екен, ортамызда жүр екен. Екеуара әңгімеміз үйлесіп жүре берді.
– Сонау бір жылдарда КСРО Халық депутаттығына сайланып, есімі мұқым Қазақстанға ғана емес, бүкіл Кеңес одағына белгілі болған Меңсұлу Дүйсенбайқызы Жұматованы бүгінде елі ұмытып кеткен жоқ па? Сол Меңсұлу бүгінде қайда, нендей кәсіппен шұғылданады, әлде қарттыққа мойын ұсынып, жылы пештің түбінде жатыр ма?
– Халқым ұмытқан жоқ. Зейнетке шығып алып, өзіңіз айтқандай, пеш түбінде жатқан жоқпын. Қаладағы №6 емханада 2017 жылдан дәрігерлік-консультативтік комиссияның дәрігер-эксперті болып істеймін. Тыныш, жеңіл жұмыс деуге келмейді. Қайта бастан асады. Негізгі талап (норматив дейсіз бе?) бойынша 20 мың адамға бір дәрігерлік-консультативтік комиссия (ВКК) болуы керек. Ал біздің емханаға 80 мыңға жуық адам тіркелген. Бұл дегеніңіз түсініктілеу етіп айтсам, 3-4 есе артық.
Бұрын қалаға қоныс аударған алғашқы жылдарымда жастармен, студенттермен, оқушылармен кездесулерге шақырып тұратын. Сынақ полигондары, денсаулық сақтау тақырыбына арналған талай қызу кездесулер өтті.
– КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайлану кез келген қазақтың әсіресе, қыз-келіншектердің маңдайына жазыла бермеген. Сол кездегі Кеңес үкіметінің, еліміздің назары сізге қалай түсті? Қандай еңбегіңізге бола?
– Бұл сұрағыңа жауапты әріден бастайын. Мамандығым – дәрігер-терапевт. Сол кездегі Чапаев (қазір Ақжайық) ауданының Жамбыл атындағы кеңшарында жалпы нобайы 25 жылдай жұмыс істедім. Ауылдық жер болғасын, терапевт те, гинеколог та, хирург та, педиатр да, акушер-гинеколог та, кардиолог та т.б. болып істеуге тура келді. Күндердің күнінде Жалпақталдан бір әйел түсік тастап, қан тоқтамай, оны Оралға алып шығады. Бірақ жағдайы қиындағасын, жолшыбай Болдырев ауылына тоқтайды. Ол ауылда дәрігер жоқ, маған (Жамбылға) суыт хабар жетті. Күн боран. «Жедел жәрдемді» К-700-ге жетектетіп, Болдыревке әрең жеттім. Келсем, әйел көп қан жоғалтқан ғой, аппақ шүберектей болып, кірпігі қимылдап жатыр. Қанды тоқтатып, таңғы сағат алтыда боранмен алысып жүріп, келіншекті Чапаевтың аудандық ауруханасына жеткіздік. Онда әрі қарай шұғыл шаралар көрсетіп, әйелдің есін жинаттық... Алға озып айтсам, келіншек тірі қалды, кейін бала сүйді. Сол сәтте маған «ауданда дәрігерлік кеңес өткелі жатыр, соған қатысасыз» деген хабар жетті. Аяғымда – байпақ, үстімде – тон, басымда – қабаттап тартқан орамал. Мына ұсқыныммен қалай барамын, қатыспаймын дедім. Болмады. Қатысуға тура келді. Ең соңғы қатарға, елеусіздеу жерге барып, отыра кеттім. Облыстың ауылдық жерлердегі дәрігерлері жиналған, айқай кеңес екен. Ахметов Бақтығали ағамыз бәрін қуырып жатыр. Бір кезде «Жамбыл» совхозының дәрігері Жұматова бар ма, шықсын, сөйлесін» деді. Мен үстімдегі киімімнен ұялып, шыға алмаймын дедім. Ол кезде мен басқаратын учаскелік аурухана (бала өлімі, ана өлімі, асқынған туберкулез, обыр аурулары, жұқпалы аурулар, мерзімдік сырқаттар, т.б. болдырмау) барлық көрсеткіштер бойынша облыс, республика ғана емес Одақ бойынша алдыңғы қатарлы, үлгілі дәрежеге жеткен еді. Ахметов мұндай жетістікке қалай жеттің соны баянда деп тұр ғой. Аяғымдағы байпақ, үстімдегі киімнің жай-жапсарын білгеннен кейін «мейлі, сөйле, мына отырғандарға Одақ бойынша жақсы көрсеткішке қалай жеттің, соны баянда!» деді. Сөйлеуге тура келді. Әріптестерім үстімдегі киімдерімді көріп, алғашында маған басқа планетадан келген адамдай қарағанымен, кейін сөзімді ынта қойып тыңдады. Ахметов арасында түрлі сұрақтарды жаудырып, оған риза болғаны шығар залға «міне, осылай жұмыс істеу керек» деп қояды. Содан бастап мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының, басқа да органдардың назарына ілінсем керек, жиындарға шақыру жиіледі. Көп айтып қайтеміз, содан депутаттыққа ұсынылдым. Партияда болған адам емеспін. Кәсіподақ ұйымынан сайландым. Оған сайланғаным да қызық. КСРО-ның депутаттығына кандидаттыққа тіркелуге Қазақстан бойынша 40 дәрігерді жіберген. Бірақ олардың іштерінде ауылдық дәрігерлер жоқ деп қайтарып жібереді. Ылғи басшылар барған ғой. Кейін екі дәрігерді қосып, қайта жібереді. Біреуі – мен. Қысқасы мен өтіп, құжаттарым Мәскеуге кетеді. Күндердің күнінде Мәскеуден, Орталық Комитеттен таңертеңгі жоспарлау өткізіп жатқан кеңшар директорына телефон шалынады. Директордың зәресі ұшып, сөйлей алмай қалады. Менің үйімнің телефонын сұрайды. Директор асып-сасып, тұтыға сөйлеп, телефонымды береді. Бұл хабар лезде ауылға тарап, гу-гу әңгіме... Мен аң-таңмын. 1989 жылдың қаңтар айы, ауыл халқын, малшыларды профосмотрдан өткізіп, бруцеллезге қан алып, прививка жасап дегендей бұрылатын шама жоқ, етегімізге сүрініп жүрген күндердің бірінде «Жұматова Оралға тез жетсін!» деген хабар жетіп келді. Барсам, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Оразов Абай ағай қабылдап, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып тіркеліппін. Енді соны Мәскеуге барып, кандидаттығымды қорғауым керек екен. Шошып кеттім, бара алмаймын, депутат бола алмаймын, ертең елдің алдында ұятқа қаламын деп азар да безер болайын. Абай ағамыз жылы жүзді, аса сабырлы жан екен, асықпай отырып түсіндірді. «Айналайын, облыс бойынша 39 адамнан, республика бойынша бір мың адамнан қызметіңдегі көрсеткіштерің бойынша кандидаттыққа сен өтіп тұрсың. Шегінетін жер жоқ!» – деп отырып, кандидаттыққа келіскен қолымды қойдырды. Қойшы, сонымен 1989 жылдың 13 қаңтарында Мәскеуге жеттік. Кәсіптік Одақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің (ВЦСПС) бас ғимаратындамыз. Дәрігерлердің кәсіподақ комитетінің төрайымы Лидия Ивановна Новактың кабинетінің алдында депутаттыққа тіркелуге жүздеген адам кезекте тұрмыз. Аты-жөнімізді атап, кезекпен шақырады. Бір Аллаға сыйынып кірдім. «Т» қарпі тәріздес айлапат үстелді айнала қырық шақты адам, төрде – төрайымның өзі. Кіреберістегі кішкентай үстелге отырғызды. Лидия Ивановна менің өмірбаяныммен, жұмысыммен таныстырды. «Кандидат Жұматоваға сұрақ қойыңыздар» деді де, алғашқы сұрақты өзі қойды. «Бүкілодақтық Денсаулық сақтау министрінің ауылдық жерлердегі учаскелік ауруханаларды жауып, аудандық ауруханаларды нығайту керек» деген бұйрығына қалай қарайсыз?» – деді. Мен жұлып алғандай «үзілді-кесілді қарсымын, ол кабинетный приказ» деп қойып қалдым. Отырғандар маған үрейленіп қарап қалыпты. Қырық адамның сексен көзі мені ішіп-жеп, тесіп барады. Бүлдірдім-ау деп арқамнан мұздай тер бұрқ етіп, тұла бойым қалтырап қоя берді. Лидия Ивановна: «Неге? Түсіндір!» – деді. Бойымды тез жиып, ойымды асықпай, ашық айтуға көштім.
– Біріншіден, қазақ жерінде халық Прибалтика сияқты елдердей емес, шоғырланбай, тарыдай бытырап жатыр. Ауылдардың, мал қыстақтарының арасы 50-60-70 шақырым. Екіншіден, аудандық аурухана ауылдан 70-80 шақырымда жатады. Қыста, күзде, көктемде жол жоқ, қатынас тоқтайды. Үшіншіден, әр отбасында 3 баладан, көбінде 4-10 баладан бар. Ата-анасы ауырса да аудандық ауруханаға бара алмайды, қарайған баланы тастап кете алмайды. Соның салдарынан, мүгедектер, созылмалы аурулармен ауратындар көбейеді. Бұл Үкіметке екі есе шығын. Ал әр ауылда өзінің ауруханасы болса, ешқайда шаппай емделеді, сауығып шығады. Ауыл дәрігері бесаспап, кардиолог, невропатолог,педиатр, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, фтизиатр болуы керек деп, ауылға учаскелік аурухананың ауадай қажет екенін көздерін жеткізіп, түсіндіріп бердім. Лидия Ивановна орнынан ұшып тұрып, бұл менің идеям ғой, Евгений Иванович, көрдіңіз бе ауылдың қарапайым дәрігерінің ойы қандай ұшқыр, практик дәрігер ретінде өте дұрыс дәлелдеп айтып отыр. Осылай деді де қасыма келіп, мені қатты құшақтап: «Молодец! Мен саған ризамын!» – деді. Сөйтсем, 40 адамның біреуі сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Евгений Иванович Чазов екен. «Тағы қандай сұрақтар бар?» – деді Лидия Ивановна. Біраз сұрақтар қойылды. Соның біреуі екпе (прививка) жөнінде болды. Мен: «Вакцинаның 40 дозалық болып шығуы қате. Тарыдай шашылып жатқан ауылдарға жарамайды. 40 доза алатын бала жоқ, әрі кетсе, 5-10 болады. Қалғаны жарамсыз болып қалады. Ең болмағанда 5 дозалық болуы керек. Флаконды үнемдегенше, вакцинаны үнемдеу керек, – деп едім, бұған бәрі ризалық танытты. Академик Чазовқа көзім түсіп кетіп еді, жылы жымиып, басын изегендей болды. Ал ауылдардағы учаскелік ауруханаларды жабу керек деген бұйрық (кабинетный приказ дедім ғой) Чазовтың бұйрығы екен. Сөйтіп қызық болған...
– Ол кездегі депутаттардың жалақысы, жалпы тұрмыстарыңыз қандай болды?
– Сұрамаңыз, керемет! Кеңес үкіметі халық қалаулыларынан ештеңені аяп қалмаса керек. Әрине, бәріне бірдей емес, тұрақты жұмыс істейтіндердің жалақысы да басқалай материалдық жағынан қамтылуы да высший разряд деуге болады. Мысалы, менің жалақым сол 1989 жылы 800 сом болды. Бұл дегеніңіз – сол кезде өте мол дүние, бүкіл отбасымды алаңсыз асырауға еркін жетеді. Мәскеуден үй берді, жолдасымды жұмысқа орналастырды. Балаларымның екі үлкені ауылда қалды, екі қызымды Мәскеуге ала кеттік, мектепке, балабақшаға орналастырды. Екі машина – «Волга» және «Жигули» бөлінді. Мен жолдасыммен ақылдасып, әрі қалтамызға қарап, екіншісін алдық. Үкімет жақсылығын аяған жоқ, біздерден. Алайда осынау бере салған мол дүниенің, күрпіген өмірдің арғы жағында талай нәрсе жатыр екен ғой, мен оны кейін түсіндім...
– Сіз кезінде сынақ полигондарын жабу, оның зардабын тартқан халыққа өтемақы төлеу, сол полигондардың кесірінен мүгедектікке ұшыраған науқастарға дәрігерлік көмек көрсету үшін ерекше жеңілдіктер қабылдау туралы мәселелерді жиі көтердіңіз... Одан не шықты?
– Бұл менің жүрегімнің түкпірінде беріш болып, мәңгілік жазылмайтын жара шығар... Есіме түссе, шыным, жылағым келеді... Депутат болып сайланғаннан кейін бізді әртүрлі комитеттерге бөлді. Мен денсаулық сақтау комитетіне бөліндім, онда 40 депутат болды. Төрағасы – академик Юрий Бородин. Халықтың денсаулығы, экология, полигон мәселесімен тікелей айналысуға кірістік. Горбачев әлсін-әлсін сессияға келіп, депутаттардың сұрақтарына жауап беретін. Мен полигондар туралы, оларды жауып, халыққа әлеуметтік-медициналық көмек тағайындау жайлы қаншама сұрақтар қойсам да оқылмай қалады. Бір күні сұрағымды бірден полигондардан бастамай, басқаша өрдім. Горбачев менің сұрағымды бастап оқып, аяғына, полигондарға келгенде, қолы қалтырап, даусы өзгеріп кетті. Мұны жұрт бірден байқады. Осыдан кейін үзіліске шыққанда қызық болды. Съездер Сарайы ғой, екінші қабаттан түсіп келе жатқанмын. Олжас Омарханұлы мені соңымнан қуып жетіп, құшақтап, көтеріп алды: «Айналайын, активист қарындасым менің... Молодец! Горбачевтің қолын қалтыратып жібердің», – деп, қатты қуанғанын жасырмады. Мен болсам, ұялып барамын...
Семей полигонына аяқтай барып, жағдайдың барлығын көзбен көру керек болды. Ол үшін Олжас ағамыз депутаттық комиссия құруды маған жүктеді. Негізі оған кірісердегі бүкіл шаруаны ағай өзі аяқтай жүріп, өзі тиянақтап берді. Мен білекті сыбанып кірісіп кеттім. Әрине, Семей полигонын көру, оған рұқсат алу оңай болмады. Оны тәптіштеп айтсам, оған бірнеше сағат керек. Қысқартып айтайын. Көрдім. Жағамды ұстадым. Сұмдық. Адамға да, мақұлыққа да келмейтін тірі жатқан жандарды көргенде зәрем ұшты, көз жасыма ие бола алмадым... Әсіресе өзіммен түйдей құрдас жігітті көргенде, есімнен танып қала жаздадым. Аяқ-қолы жоқ, төртбұрыш. Тілі жоқ, ата-анасы әлсін-әлсін көтеріп, тосады... Полигоннан 30 шақырым жердегі Знаменка деген ауылға келдік. Халық клубта күтіп отыр екен. Алдыңғы қатарға санап шықтым, 22 мүгедекті отырғызып қойыпты, аналары алдарына алып отырған сәбилер қанша ма?.. Арбада (коляска) отырғандар, олар өз алдына. Мен басында мүгедектерді облыстан жинап әкелген шығар деп ойладым. Себебі, әлгі ауылда үш мыңдай адам тұрады ғой. Жиналған мүгедектер осы Знаменканың ғана тұрғындары, әлі келе алмағандары бар дегенде төбе шашым тік тұрды... Жүріп-тұрғандарының өзі бүкірейіп, әрең қозғалады, шаштары аппақ. Шал-кемпірлер екен десем, менің құрдастарым, жастары 30-35-терде. Жүрегім езіліп, «іштей қор болған, қайран қазағым-ай» деп жылап жіберіппін. Амалсыздан 10-15 минуттық үзіліс жарияланды. Содан несін айтасыз, дәрігерлер полигон аймағында тұратындарды тексереді, бірақ өлім аузында жатса да ешқандай дәрігерлік көмек көрсетпейді. Тексеруден өткізгеннен кейін диспансерден шығарып жібереді. Қоятын диагноздары – тұмау, ОРЗ. Өтірік! Ал адамдар радиациядан өліп жатыр. Лейкоз... Тиісті жеріне құпия ақпарат береді де, басқа жаққа мағлұмат бермейді. Көрген сұмдықтарымыздың қайсыбірін айтайын... Мәскеуге келгесін үлкен баяндама (доклад) әзірледім, барлық шындықты бүкпей жаздым. Оны Олжас ағаға тексерттім. Мұндай сұмдықты халық білсін деп, «Правда» газетінен бастап, барлық үнқағаздарға (республикалық, облыстық) бердім. Біреуі де баспады. Ол кезде полигон туралы ауыз аштырмады, саясат солай...
– 1991 жылы сіз Америкаға барып, халықаралық-ғылыми конференцияға қатыстыңыз ғой...
– Қатыстым... Оған дейін Гурьев, Орал облыстарында орналасқан әскери полигондарды аралап шыққанмын. Оларда да Семейдегі жағдаймен пара-пар ахуалды көріп, жаным ашыды. Орда өңірін аралағанда полигон әкелген талай сұмдықты көрдім. Жаңағы сіз сұрап отырған конференцияда полигонның зардаптары туралы баяндама жасаймын деп күні бұрын тас-түйін дайындалдым. Олжас ағамыз бастаған 19 адам 1991 жылдың 1-8 қаңтар аралығында Америкада өтетін конференцияға аттандық. Нью-Йорк қаласына келгенде Олжас аға екеуміз шемоданымызды таба алмадық. Сөйтсек, оларды Мәскеуде КГБ-ның қызметкерлері алып қалған. Ішінде менің конференцияда жасайтын 11 беттік баяндамам бар еді. Алдында Олжас Омарханұлы өзі оқып, тексеріп берген, маған «баяндамаңды шемоданға салма, қолтығыңа қыстырып жүр, тастама!» деген еді. Кішкентай қол сөмкеге сыймайды, майысып қалатын болғасын, шемоданға кілттеп, киімдерімнің арасына тыққанмын. Олжас ағам қатты өкінді. Неше түрлі мәліметтер, цифрлар бар еді. Бір цифрдан қате жіберсең, мировой скандал болады деп Олжас ағам мені баяндамашылардың тізімінен алып тастайтын болды.
Мен сөйлеймін, баяндамамды, цифларды жатқа білемін деймін, жыларман халмен. «Сөйлемейсің!» деп ағамыз қысқа қайырды. Халықаралық конференция басталды. Екі залға бөліндік, (әрқайсысында 7 мың адамнан отырады) бірінде саяси тақырыпта өтсе, (Олжас аға сонда), екіншісінде медицина-әлеуметтік жағдайды қаузайтын делегаттар отырды. Әр ұлт өз тілінде француздар французша, жапондар жапонша, шошондар шошонша дегендей, сөйлеп жатыр. Мен төралқаға өз тілімде, қазақша сөйлеймін деп записка жібердім. Қызықты қараңыз, маған кезектен тыс сөз берді. Сөйледім. Полигон жайлы Америкаға айтамын деп келген сөзімді айырып тұрып айттым, ана тілімде! Мен сөйлеп жатқанда КГБ-ның адамы зәресі ұшып, Олжас ағамызға жүгіріп барып: «Жұматова қазақша сөйлеп жатыр, оқсатты... Енді не істейміз?» – депті. Ағамыз: «Саспа, Мең-сұлу қарындас бізді жерге қаратпайды», – дейтін көрінеді аспай-саспай. Мен сөйлеп болғанша, жеті мың адам отырған зал орындарынан үш дүркін тұрып, сөзіме құрмет көрсетті. Үзілісте Олжас ағам: «Молодец, айналайын, жақсы сөйлепсің, ұсынысың бәріне ұнапты. Сен тарихта қалдың, қазақ қызы дүниежүзілік конгресте тұңғыш рет қазақша сөйлеп, барлығын тәнті етті!» – дейді, мәз болған ол маған «балаларыңа базарлық апар» деп 20 доллар берді. Мен ол кезде тарихты ойлаған жоқпын, бес ұсынысымды жеткізуім керек еді, соны ойладым. Жеткіздім. Ұсынысымның 3-еуі конгрестің резолюциясына енген ғой. Бұл үлкен жеңіс еді, академик, профессорлардың ұсыныстары енбей жатқанда қарапайым ауыл дәрігерінің үш бірдей ұсынысының қабылдануы бұл – үлкен дәреже!
– Ал шемоданыңыз қайда қалды, баяндама қайда?..
– Мәскеуге оралғаннан кейін 17 күн өткесін, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) қызметкерлері үйге әкеліп берді. Баяндамам орнында. Сол баяндаманы алып, «Правда» газетінен бастап, барлық республикалық, облыстық газеттерге апардым. Сіздің «Орал өңіріне» де бердім. Біреуі баспады.
– Қазіргі медицинаға халықтың көңілі толмайды. Сіздің ойыңызша, бұл салаға не болды? Қалай жақсартуға болады? Ауыл медицинасының ахуалы туралы не білесіз?..
– Ертеде бір ғұлама айтыпты дейді, мемлекет өркендеу үшін 3-ақ нәрсе қажет. Біріншісі – ғұлама көсем, екіншісі – таза ауа, таза су, таза тамақ, үшіншісі – білікті дәрігер. Осы пікір дұрыс па деп ойлаймын. Ал білікті дәрігер табысты еңбек етуі үшін, медицина саласы Үкіметте бірінші орында болып, толыққанды қаржыландырылуы керек. Соның салдары 1991 жылы елімізде 66 мың дәрігер болса, 2000 жылы 49 мың болып, құлдырап кетті. Қазір аз да болса, көтерілуде. 30 жыл ішінде медицина жүйесі қырық құбылып, әртүрлі мембағдарламалар қабылданды. Олардың жетістіктері болды, олқылықтары да толып жатыр. Медсақтандыру жүйесіне мүлдем көңілім толмайды. Қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайға байланысты бәлки, керек шығар. Бірақ Кеңес үкіме-ті кезінде социалистік принциппен құрылған тегін медицина жүйесі озық болғанына ешкім дауласа алмайды. Қазіргі екіжақты қаржыландыру өз қиыншылықтары мен күрделілігін көрсетуде. Бұл – бір. Екіншіден, дәрігерлерді оқыту, дайындау, білімін жетілдіру жүйесінде олқылықтар көп, бастан асады. Медицина қызметкерлерін еш уақытта онлайн оқыту және ақылы оқыту мүлдем болмауы керек. Салалы, сапалы білім беру керек! Үшіншіден, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында қиыншылықтар жетіп артылады. Халықты, әсіресе жастарды елсүйерлік (патриоттық) рухта тәрбиелейтін идеологиямыз әлжуаз. Әрбір адам өзінің денсаулығына жауапты болғаны керек, жылына ең болмағанда бір рет дәрігердің тексеруінен өтсе?.. Скринингке шақырып келтіре алмайсың, адамдарды. Диспансерлік есепте тұратындарға да мұның қатысы бар. Төртіншіден, дәрігерлердің жалақысы өте төмен, сондықтан олар күндіз-түні қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Етегіне сүрініп шауып жүргенде қандай сапа болмақ. Дәрігерлерді, әсіресе жас мамандарды әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдап, баспана, т.б. тегін берсе... Тап сол дәрігерлердің өздеріне басыбайлы оңалту орталықтарын, шипажайлар беруді ойластырған жөн. Дәрігерлер адам өмірі үшін ажалмен арпалысқан кезде науқаспен бірге қиналады, жандарына батады. Сондықтан кез келген ауруға бейім тұрады. Ал ауыл медицинасына келсек, ол ұлттың денсаулығын ойлау болып табылады. Амбулаторияларды, ауылдық ауруханаларды көбейту керек, аудандық, облыстық ауруханалар бәрін бірдей қамти алмайды.
– Бүгінде соңыңызға қайырылып қарағанда, есіңізден кетпейтін, бірақ көңіліңізді қатты қалдырған сәттер болды ма?
– Өзіміздің Орал қаласында диагностикалық орталық ашылатын болды, сонау бір жылдарда. Ондай орталыққа толып жатқан заманауи қондырғылар, аппараттар керек қой. Сондай жабдықтар Прибалтика еліне бөлініп тұр екен. Мен сол кездегі денсаулық сақтау министрі Евгений Иванович Чазовқа қайта-қайта барып жүріп, сол жабдықтарды жұлып алып, Оралға бөлдірттім. Чазовпен жоғарыда айттым ғой, жақсы қарым-қатынаста болдым деп. КСРО Халық депутаты ретінде мен шаруам тіреліп қалғанда қабылдауына емін-еркін кіретінмін. Ол мені әзілдеп «шеф» деп атайтын, емен-жарқын қабылдайтын. Жабдықтарды Оралға бөлу туралы құжаттарға қол қойып жатып, өзім қабылдауына ертіп барған сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ахметов Бақтығали ағайға «Бұл жабдықтарды мына шефтің арқасында алып жатырсыздар, ұмытпаңыздар!» – деп еді. Осы күнде оның бәрі ұмытылды, ешкім аузына да алмайды. Одан кейін Чапаев ауданына (кейін Ақжайық) Одақтан екі миллион рубль (бір милионы монша салуға) бөлдіріп, оңалту (реабилитационный центр) орталығының жабдықтарын алдырттым. Онда дәрігерлік жабдықтарды айтпағанда, аяққа киетін тәпішкіге дейін болды. Чапаевта оңалту орталығы салтанатты жағдайда ашылып, облыстың сол кездегі әкімі қатысты. Лентаны өзі қиды. Мен де қатысып, жиналған халықтың арасында тұр едім. Содан бір ақын домбырамен жырлады-ай келіп, облыс әкімін «оңалту орталығын әкелген сіз» деп мақтады-ай, келіп... Жағымпаздықтың талайын көргенбіз, бірақ мынандай көкесін көрмеп едім. Әкім мәз. Шыны керек, есіме түсіп кетсе, әлі күнге жиіркенемін...
Одақ тарады. Онымен бірге депутаттар да елдеріне, жұмыстарына қайтты. Маған Мәскеуде жақсы жұмыстар ұсынды, бірақ Ақжайығыма қайтайын деп, елге қайттым. Оған дейін полигонға қатысты мен сол кездегі Ата заңға, оның 6-бабына, коммунистер туралы айтылатын бап қой, жеті депутатпен бірге қарсы болған едім. Ішінде Ельцин бар, академик Сахаров бар, Гдлян, Иванов және тағы басқалары болды ғой. Қазақстаннан – жалғыз мен. Соның зардабын тарттым. Жұмыс бермеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы бір кезде «елге келгесін диагностикалық орталықтың директоры етіп қоямын» деген. Сол кездегі облыс әкімі де мені «жұмыс бермеңіздер, отырған жерінде отыра берсін» деп мұқияттапты, оны мен кейін білдім. Сөйтіп ширек ғасырдан астам дәрігерлік тәжірибесі бар, КСРО Халық депутаты болған Меңсұлу Жұматоваға жөнді жұмыс берілмеді. Қаладан ең болмаса, бір емхананы қимады. Өзімнің Жамбыл атындағы кеңшарыма барып, баяғы жұмысыма тұрдым. Құдайға шүкір, жерде қалған жоқпын, жұмысымды адал атқардым.
– Сіз 35 жасыңызда депутат болып, биік мінберлерден талай жарқылдап сөйледіңіз. Алдағы желтоқсан айында сол 35-іңізге екінші рет келгелі отырсыз. Құтты болсын! Жанұяңыз, бала-шағаларыңыз жайлы білгім келіп отырғаны...
– Рақмет! Жанұя жағынан өзімді бақытты жан санаймын. Отағасы екеуміз 4 ұл-қыз тәрбиеледік. Олардан 12 немере, бір жиеншар сүйіп отырмыз. Ұл-қыздарымыз ел қатарлы ешкімнен кем болмай оқыды, тоқыды, қазір әр салада қызметтерін абыроймен атқарып жатыр. Осыдан артық қандай бақыт керек деп, шүкіршілік етеміз.
– Ағыл-тегіл сырыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі
P.S. Бет қатталып жатқанда ардагер дәрігер Меңсұлу Жұматованы ҚР Денсаулық сақтау министрі арнайы қабылдағаны туралы хабар келді. Ұзақ жылғы алқаусыз еңбегіне орай,
«ҚР Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталыпты.