1.06.2017, 10:20
Оқылды: 67

Қудаланған прокурорлар

Kudalangan prokurorlar   Осыдан 80 жыл бұрынғы саяси қуғын-сүргін зобалаңының ұзын құрығына заң қызметкерлері, оның ішінде прокурорлар да ілігіп, ауыр зардап шекті. Сол кездегі Батыс Қазақстан облысының прокуроры Қазкен  Ақжаровтың қайғылы қазасы, бірнеше аудан прокурорларының  жазықсыз қуғындалуы сөзімізге айқын дәлел.

   Біз осы мақалада еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда БҚО прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған Ғалымжан Есжановтың жазған дерегіне және қуғын-сүргінге ұшыраған прокурорлардың архивте сақталған жеке істеріне сүйеніп, сол бір зұлмат жылдардың заң қызметкерлеріне төндірген қасіреті туралы баяндамақпыз.


Ақжаровтың ажалы

   Облыс прокуроры Ақжаровты қуғындау оның орынбасары Ю. Граниттің КСРО бас прокуроры А. Вышинскийге жазған арызынан басталады. Арыз бойынша Гранит Петропавл қаласынан БҚО прокурорының орынбасары қызметіне келген кезінде Ақжаров оны қорлап, беделіне нұқсан келтірген. Нақтырақ айтқанда, Ақжаров Гранитке «Қарағанды облыстық прокуратурасының қызметкерлері Мұхамедшин, Чатыбаев және өзгелердің контрреволяциялық бағыттағы үгіттеулері үшін іс қозғамауың керек еді» деп кінә артқан. Арызданушы Ақжаровты дөрекі, озбыр, атқамінерлер мен байларға тән қылығы бар әпербақан басшы ретінде суреттейді. Облыс прокурорын ұлттық элементтермен байланысы бар және олардың істерін өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, әдейі жеңілдетті деп айыптайды. Гранит Қазақ КСР-ы прокурорының орынбасары С. Покровскийге жазған келесі бір арызында Ақжаровты ұлттық-фашистік ұйымның мүшесі, «Халық жаулары» — БҚО ВКП(б) обкомының бірінші хатшысы Құрамысов және обком бюросының мүшелері Шаймерденов, Ақботин, Балғаниязовтармен байланысы бар деп көрсетеді. Осындай мәлімдемелер бойынша облыс прокурорының үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бірақ Ақжаров ендігі тағдырын және бұрмаланған қылмыстық істің ақыр түбі неге соқтырарын алдын ала болжап, қызметтік бөлмесінде өзін өзі атып өлтіреді.

    Қазкен Ақжаровтың архивте сақталған жеке ісінде оның 1899 жылы Шортанды ауданының (Ақмола облысы) Қотыркөл ауылында дүниеге келгені жазылған.

Бірінші хатшы Құрамысов

   Гранит арызында көрсетілгендей, «Халық жауы» Ақжаровпен жақын байланыста болған БҚО обкомның бірінші хатшысы Ізмұхан Мұқашұлы Құрамысов 1896 жылы Ақтөбе губерниясына қарасты Тұзтөбе болысында дүниеге келген екен. 1916 жылы Орынбор қаласында қара жұмысшы болып еңбек жолын бастаған ол, кейін Ақтөбе, Орынбор, Ташкент, Алматы, Орал қалаларында аса жауапты қызметтер атқарған. Ташкентте 1925-29 жылдар аралығында «Жұмысшы» газетінің редакторы болған. Ізмұхан Құрамысов 1923 жылдың екінші тамызында жазған өмірбаянында өзінің туған жері Томарөткелдегі ауылдық мектептен сауат ашқанын, кейін өнер-білімге қалай құштар болғанын, жасында қара жұмыс жасап жүріп, Орынбордан шығатын төрт газетке түгелдей жазылып, оқығанын, қалайша жауапты қызметтерге тағайындалғанын, оны қандай деңгейде атқарғанын жан-жақты баяндап жазады.

Гранит – облыс прокуроры

   Ақыры бастығының түбіне жеткен Гранит облыс прокурорының міндетін атқаруға кіріседі. Оның бұл қызметтегі алғашқы қадамдары бұрын Ақжаровпен «қылмыстық» байланыста болған аудан прокурорларын, шын мәніне келгенде өзінің қуатты қарсыластарын жазалаудан басталады. Осы орайда Теректі ауданының прокуроры Меңдібай Жалмұқанов оның алғашқы «құрбандығына» айналады. Обком хатшысының бұрынғы көмекшісі Шаймерденовтың берген жауабында облыс прокуроры Ақжаров өзіне қол жұмсағаннан кейін, обкомның бұрынғы бірінші хатшысы Құрамысов облыс прокурорлығына бірінші кезекте Жалмұқановтың кандидатурасын ұсынған екен. Алайда Құрамысов көп кешікпей-ақ қызметінен босатылуы себепті бұл тағайындау жүзеге аспаған.

    Меңдібай Жалмұқанов 1899 жылы Жаңақала ауданы Мұқыр елді мекеніндегі кедей отбасында дүниеге келген. 1921 жылғы аштықта ата-анасы мен апасынан айырылған ол байларға жалданумен күн кешеді. Көрген қиындықтарына қайыспай, өзіндік өмір жолын қалыптастыра біледі. Ол 1920 жылдары Томскідегі әскери-инженерлік мектепті тәмамдаған соң, Шежін волисполкомы төрағасының орынбасары, Бөкей уезінде милиция бастығы және халық соты қызметтерін атқарған. 1933-35 жылдары Орда, кейін Тайпақ аудандық атқару комитеттеріне төраға болып қызмет атқарған. 1936 жылдан бастап Теректі ауданының прокуроры қызметін атқарады. Осы қызметінде жүргенде облыс прокурорының міндетін атқарушы Гранит жазған арыз-шағым негізінде «Контрреволюциялық ұйымдарға қатысы бар, бірнеше қылмыстық істі бүркемелеп, заңсыз тоқтатқаны үшін» деген айыппен жұмыстан босатылады. Жұмыстан босату туралы бұйрықта облыс прокурорына Жалмұқановтың ісін тергеуді аяқтауға он күн мерзім беріледі. Нәтижесінде бұл бұйрық жедел әрі мүлтіксіз орындалады. 1937 жылдың 3 желтоқсанында қылмыстық іс қозғалып, сол түнде Жалмұқанов тұтқындалады. Сол жылдың 15 желтоқсанында тергеу ісі аяқталып, БҚО облыстық сотының арнаулы алқасына жолданады. Судья Самохиннің төрағалығымен өткен алқа мәжілісі Жалмұқановты жиырма жылға бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге үкім шығарады. Осыдан кейін Меңдібай Жалмұқанов өзге де мыңдаған жазаланушылар секілді үйіне оралмаған. Тағдыры қалай аяқталғаны да белгісіз. Оның ісі айыптаушысыз және адвокатсыз қаралған. Айыптау және сот үкімі бір ғана Граниттің бас прокурор Вышинскийге жіберген құпия мәлімдемесінде көрсетілген схема бойынша жүзеге асырылған.

Ақталған есімдер

   Арада 52 жыл өткенде Қазақ КСР-ы прокурорының бірінші орынбасары Н. Манаевтың Жалмұқанов ісіне қатысты 1990 ж. 25 сәуір күнгі наразылығы бойынша, Қазақ КСР-ы Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасы Меңдібай Жалмұқановтың кінәсіз екенін анықтап, ақтаған. Оның әрекетінде қылмыс құрамы болмауы себепті қылмыстық іс тоқтатылған.

Жоғарғы басшыға құпия мәлімдеме жіберуші Граниттің тағдыры да кейін оңай болмағанға ұқсайды. БҚО прокурорының міндетін атқарушы Ю. Гранитке 1938 жылдың маусым айында троцкийшілдермен байланысқан, қылмыскерлер мен контрреволюционерлердің ісін бүркемелеген, прокуратура органдарын қылмысты элементтермен ластаған деген айып тағылады. Сақталған деректер бойынша Гранит те қызметінен босатылған. Ал кейінгі тағдыры белгісіз.

   БҚО бойынша ішкі істер департаментінің архивінде саяси репрессия жылдарында Жымпиты ауданының прокуроры болған Мақан Шаяхметовтың да қуғынға ұшырағаны туралы дерек сақталған. Жеке ісінде көрсетілгеніндей, Мақан Шаяхметовтың ұлты қазақ, 1907 жылы БҚО Ілбішін ауданына қарасты Дуана көл мекенінде, яғни кейін Дуана ауылы атанған жерде дүниеге келген. Ауыл мектебінен сауат ашқан ол өзге ешбір жерден білім алмай-ақ, облыс орталығында және аудандарда заң саласына қатысты жауапты қызметтер атқарған. Шаяхметов 1938 жылдың 11 маусымында Кеңес өкіметіне қарсы ұлттық ұйымның мүшесі ретінде тұтқынға алынған. Қылмыстық сот алқасы 1938 жылдың 19 қарашасында Мақан Шаяхметовты 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. Алайда Шаяхметов сот отырысында өзін тергеу ісіне қатысты заңбұзушылық орын алғанын айтып, алдыңғы берген жауабынан бас тартады. Нәтижесінде қайта тергеу жұмыстары жүргізіледі. Бір қуаныштысы – Шаяхметов әрекетінің қылмысқа қатыстылығы дәлелденбеуіне байланысты 1940 жылдың 10 қаңтарында оны тұтқыннан босату және ісін тоқтату туралы қаулы шығарылыпты.

   Бүгінгі таңда саяси репрессия құрбандарына қатысты әділеттілік орнады. Олардың есімдері ақталып, қайта жаңғырды. Алайда миллиондаған қарапайым адамдарға жазықсыз запа шектірген тоталитарлық режимнің жан түршіктірер қатыгездігін ұмыту мүмкін емес. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде өткен тарихқа баға беріп қана қоймай, болашақта мұндай саяси геноцидтің қайталануына жол бермеуіміз керек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Алмас ОҢАЕВ

БҚО прокуратурасының бөлім басшысы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале