1941-1945 жылдары күркіреп өткен соғысқа қатысқан жауынгерлер туралы зерттеулер әлі де жалғасуда. Осы ретте архивтің сарғайған құжаттарын ақтарып, тың мәлімет іздестірген жандардың еңбегі ерекше. Біз Жеңіс күні қарсаңында БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, зерттеуші Ахмедияр Батырхановпен жүздескен едік. Соғыстан оралмағандар туралы мәлімет іздеумен 2004 жылдан бері айналысып келе жатқа өлкетанушы бүгінге дейін жариялана қоймаған ақпараттармен бөлісті.
Жалпы 1940-1945 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысынан майдан даласындағы ерліктері үшін 40 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Ахмедияр Қуанұлының айтуынша, батысқазақстандық тағы бір батыр бұл тізімге енбей қалған. Ол – Валентин Гришко. 1941 жылы соғыс басталғанда Украинадан Шыңғырлау ауданына эвакуациямен көшіп келіпті. Осы ауданнан әскерге шақырылып, соғысқа аттанған. 1944 жылы шілдеде көрсеткен ерлігі үшін полк командирі оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. 1945 жылы 24 наурыздағы Калининнің қолы қойылған құжаттағы 200-ден астам жауынгердің арасында оның да есімі бар. Ол соғыстан кейін Украинада қайтыс болған. Алайда отбасы, әйелі мен қызы біздің облыста тұрған. Ұрпақтарының қайда екені белгісіз. Сонымен қатар майданда ерлік көрсетіп, батыр атағына ұсынылғанмен, марапат берілмеген 40 батысқазақстандықтың құжаттары табылған. Соның ішінде украин ұлтының өкілі Василий Бецкий Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ұсынылған. Өкінішке қарай, екеуінде де жоғары үкіметтік марапат берілмеген. Ұлы Отан соғысы жылдары біздің облыстан 43 офицер Александр Невский орденіне ұсынылған. Алайда бұл орденді тек 39-ы иеленген.
– Орал қаласында 1995-2000 жылдары аралығында «Боздақтар» кітабының 1-6 томдары жарыққа шыққаны белгілі. Бұған дейін де айтқанымдай, Жәнібек ауданынан соғысқа аттанған 463, Бөкей ордасы ауданы бойынша 666, Жаңақала ауданынан 300-ге жуық адам аталған жинаққа енбеген. Ал бір ай бойы ізденіп, зерттеуімнің барысында Тасқала ауданынан соғысқа қатысқан 60 шақты адамның жинаққа енбегені анықталды. Бұл жауынгерлер – қаза тапқандар және хабарсыз кеткендер. Әскерде жүріп істі болып, әскери трибуналмен сотталғандар, тұтқынға түскендер де бар. Сонымен қатар соғыстан елге аман-есен оралған кейбір жауынгерлерді «Боздақтар» кітабында қаза тапты деп жазып жіберген. Мысалы, Иван Андреевич Шаповалов (суретте) 1901 жылы Бөрлі ауданында дүниеге келген. 1935 жылы Бөрлі аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Соғыста полковник шенінде 160-танк бригадасының командирі болған. 1942 жылы шілдеде шайқас алаңында танкісі өртеніп, ауыр жараланып, тұтқынға түскен. Ал «Боздақтар» кітабы 3-томының 99-бетінде оны 1942 жылы шілдеде Кременчук қаласының түбіндегі ұрыста қаза тапты деп жазған. Ол 1945 жылы сәуір айында тұтқыннан босатылады. Сталинград қаласындағы танк училищесінде, кейін Харьков қаласындағы танк училищесінде оқытушы болып қызмет етеді. 1985 жылы қайтыс болған. Әр жылдары екі реттен Қызыл ту және Ленин ордендерімен марапатталған. 1985 жылы І дәрежелі Отан соғысы орденін алған. Ол тұтқында болғаны үшін ешқандай қуғын көрмеген.
Ал соғыста жау қолына тұтқынға түсіп, одан босап шыққандардың көбі елге келгеннен кейін сотталды. 1946-1950 жылдары Оңтүстік Орал әскери округінің әскери трибунал үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексі 58-бабының 1-тармағының б-тармақшасына сай («Отанға опасыздық») сотталғандар көп. Бірақ темірдей тәртіп иесі атанған Иосиф Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болғаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандары түрмелерден босатыла бастады.
1995 жылы шыққан «Боздақтар» кітабының 1-томының 22-бетінде біздің облыс бойынша ҰОС-да 157 адам жау тұтқынында қайтыс болды дейді. Ал менің жеке зерттеуім бойынша, облыстан соғысқа аттанған 5981 адам жау қолына тұтқынға түскен. Соның ішінде 1350 адам тұтқында қайтыс болған. 200-дей жерлесіміздің тағдыры белгісіз. Шетелде қалып қойғандар да болуы мүмкін. Бұл деректерді облыстық полиция департаментінің архивінен, Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архивтен және Алматы облыстық полиция басқармасының архивінен анықтадым. Соғыста тұтқында болғандардан жаңақалалық Қадыр Сариев Италияда, шыңғырлаулық Дәулет Тағыберлі Америкада, жәнібектік Қарыс Қанатбаев Германияда қалып, өмір сүрген. Соғыс тұтқыны болған оңтүстікқазақстандық Ахмет Бектаевтың «Франция аспаны астында» деген кітабы бар. Сонда ол: «Францияда қарсыласу қозғалысы отрядында 300-дей қазақ болдық» дейді. Содан елге тек 78-і оралыпты. Қалғаны Сталиннің қатал жазасынан қорқып, елге келмей қалған. Шетел қарсыласу қозғалысының қатарында біздің облысымыздан 30-дан астам адам соғысқан. Олар тұтқынға түсіп, босатылған.
Тың мәлімет іздестіру барысында мынадай дерекке тап болдым. Облыстың бір ауданының екі жігіті қатар өседі. Соғысқа бірге аттанады. 1942 жылы Курск маңындағы шайқаста екеуі тұтқынға түседі. Соғыс біткен соң, тұтқыннан босатылып, бірі елге оралып, екіншісі Ресейде қалып қояды. Елге келген майдангер 1949 жылы қыркүйекте Оңтүстік Орал әскери округінің әскери трибуналының үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексі 58-бабының 1-тармағының «б» тармақшасы негізінде 25 жылға сотталды. Кейін түрмеден босап, аман-есен елге оралды. Ал Ресейде қалып қойған жерлесіміз елдегі соғыс тұтқындарын қудалау аяқталған соң, 1957 жылы облысқа көшіп келді.
Жалпы, қудалау көргендердің көбі – қазақстандықтар. Мысалы, Жаңақала ауданының азаматы соғыста тұтқынға түсіп, босап шығады. Елге келген соң, замандастарымен бірге отырған кезде басынан өткен бар шындықты баяндайды. Тұтқыннан Америка әскерінің босатқанын, олардың моншаға түсіріп, киіндіріп, тамақ беріп, жақсы жағдай жасағандарын айтып мақтаған. Екінші күні оны тұтқындап, 25 жылға соттап жіберген. Көкіш Кенжәлиев деген азамат та жау тұтқынына түсіп, одан қашып шығып, Қызыл әскерге қосылады. Оны ерекше бөлімде тексеріп, үш ай айыптылар ротасына салады. «Немістің тұтқынынан гөрі, елге келген соң НКВД-ның тексеруінен өткен кезде қорлықтың көкесін көрдік» деген екен майдангер баласына.
Жоғарыда айтып өткенімдей, кейбір деректер, жауынгерлердің тағдыры зерттеу еңбектеріне, жинақтарға енбей қалған. Соғыстағы адам шығыны аз етіп көрсетілген. Менің ойымша, бұл – соғыстағы солақай саясат. Зерттеуші ретінде архив құжаттарын парақтаған сайын осындай ойға келіп отырмын.
РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты көптеген құжат көп жыл бойы өте құпия болып келді. Көрші елдің қорғаныс министрінің 2007 жылғы 8 мамырдағы №181 бұйрығымен аталмыш тақырып аясындағы құжаттар құпиялылығын жойды. Құжаттар жаңартыла бастады. Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің «Память народа», «ОБД-Мемориал» және «Подвиг народа» деген сайттарында маңызды мәліметтер бар, – деп жан-жақты баяндады А. Батырханов.
Ресей қорғаныс министрлігінен алынған бір құжатта сандар сыр шертеді. Құжатқа 1955 жылы 28 қарашада әскери трибуналдар басқармасы бастығының орынбасары, әділет подполковнигі С. Максимов қол қойған. Соғыс жылдары өте құпия болған бұл құжатта 1940-1954 жылдары және 1955 жылдың 9 айының есебі бойынша әскери трибуналмен сотталғандардың (әскери адамдар) саны көрсетілген екен. Мәселен, 1940 жылы әскери трибунал үкімімен 71 188 адам сотталған. Соның ішінде 3141-і ату жазасына кесілген. Көрсетілген барлық жылды қоса есептегенде 3 млн 614 мың 105 адам әскери трибуналмен сотталып, соның 235 мың 964-і атылған.
Бүгінде зерттеуші 1942 жылы Ақтөбе қаласында құрылған 101-атқыштар бригадасының және Алматыда құрылған 100-ұлттық қазақ атқыштар бригадасының сапында соғысқан батысқазақстандық жауынгерлерді анықтауда. Сондай-ақ Брест қамалын қорғауға қатысқан майдангерлер жөнінде мәліметтер іздеуде.
Есімдері елеусіз қалған жерлестер
Шәміл Айтжанұлы Арғыншиев
Теректі ауданында туған. Әскери дәрігер. Полковник шенінде атқыштар корпусында дәрігер болған. Бұл азамат туралы мәлімет облыстың энциклопедиясына енбеген. Ол туралы Санкт Петербургтен шыққан «Соғыс жылдарындағы әскери дәрігерлер» деген анықтамалықта жазылған.
Қайыржан Ақжарова
Орал қаласынан әскерге алынған. «За боевые заслуги» медалімен марапатталған. Ол 24-гардиялық атқыштар корпусында радиотелеграфист болған.
Григорий Ефимович Елин (суретте)
1903 жылы 15 тамызда Қазақ КСР-ы, Орал облысы, Орал қаласында дүниеге келген. 1920 жылы 1 шілдеде Орал қалалық әскери комиссариатынан әскерге алынған. Соғыста 316-атқыштар дивизиясы 1073-полкінің командирі болды. Әскери шені – полковник. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ленин орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» және «1941-1945 ж. ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бұл жерлесіміз қазақтың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының командирі болған.
Борис Себастьянович Агофонов
1905 жылы Орал қаласында туған. 1927 жылы әскерге алынған. 1952 жылы 25 қаңтарда әскери қызметін аяқтаған. Әскери шені – инженер-полковник.
Александр Павлович Алексеев
1901 жылы 3 қазанда Орал қаласында туған. 1919 жылы әскер қатарына алынған. 1953 жылы 24 қаңтарда әскери қызметін аяқтаған. Әскери шені – полковник.
Сергей Васильевич Букин
1900 жылы 25 тамызда Орал қаласында туған. 1919 жылы 8 мамырда әскерге алынған. 1945 жылы 14 желтоқсанда әскери қызметін аяқтаған. Әскери шені – полковник.
Петр Андреанович Волков
1901 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1919 жылдан әскерде қызмет еткен. Әскери шені – полковник. 1945 жылы қарашада Ленин орденімен, ақпанда Қызыл Ту орденімен, «1941-1945 ж. ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Есеналы Абулхайырұлы Абулхайыров
1909 жылы 26 желтоқсанда Жаңақала ауданының Бораншағыл деген ауылында дүниеге келген. 1936 жылы 1 шілдеде әскерге алынған. Медицина қызметінің полковнигі. Авиацияда әскери дәрігер болған. 1960 жылы әскери қызметін аяқтаған.
Андрей Александрович Рахманов
1903 жылы Оралда туған. 1919 жылдан әскерде болған. 353-атқыштар дивизиясында қызмет еткен. Соғыстан кейін генерал-майор шенін алған. 1959 жылы әскери қызметін аяқтаған.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»