Тарих – үңілген сайын тұңғиықтана, аршыған сайын ажарлана түсетін құбылыс.Кеңес қоғамы тұсындағы астары қалың ақтаңдақ жылдар елдің сот жүйесінде де ізін қалдырыпты. Мұрағаттардағы материалдармен танысу барысында өктемдік жүйенің сот органдарын қалай шарпығандығы жөнінде бірқатар мағлұмат алдық.
1937 жылғы партиялық «тазалау», большевиктік саясатқа қайшы көзқарас атаулыны жаппай жазалау ызғары сот жүйесін де айналып өтпеген. Кеңестік құрылысқа қарсы үгіт-насихат аса қауіпті мемлекеттік қылмыс ретінде қатал қаралып, Кеңестер одағының аумағындағы бірыңғай қолданыстағы РКСФР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-14-баптарына сәйкес жаза қолданылып отырылған.
1937 жылы арнаулы соттардың ашылуына байланысты облыстық сотта арнаулы алқа құрылып, оның төрағалары Михайл Степанович Анишин мен Петр Матвеевич Юшков болды. Сол жылдарда облыстық сот төрағасы болған Т.Қожасовтың 1938 жылғы 20 қаңтардағы №1а бұйрығында:
«Батыс Қазақстан облысы бойынша сот қызметінің ақтаңдақтары атап көрсетілген ҚКСР әділет халық комисcариатының 1938 жылғы 3 қаңтардағы №2 бұйрығын, БКП (б) Орталық Комитетінің ақпан-наурыз Пленумының шешімдерін басшылыққа ала отырып және ХАЛЫҚТАР КӨСЕМІ СТАЛИННІҢ (Бұйрықта осылай ерекшелеп жазған авт.) осы Пленумда атап көрсеткен шетелдік буржуазиялық мемлекеттер агенттерінің, соның ішінде троцкист-бухариншілер және жапон-герман фашизимнің ұлтшыл-фашистік жандайшаптарының еліміздің шаруашылық, әкімшілік және партия органдарына тереңдей еніп, бірқатар жауапты тұғырды басып алып, өз кадрларын орналастырып, іріткі салушылық және диверсиялық, шпиондық-террористік қызметтерін жүргізгендігі туралы нұсқауларының біздің Батыс Қазақстан облысының сот қызметіне де тұтастай және толық қатысы бар екендігін назарларыңызға беремін.
Халық соты – Ұлы Октябрь Социалистік революциясының жеңістерін теріске шығаратын барлық халық жауларымен күрестегі жұмысшы табы диктатурасының қуатты және күшті қаруларының бірі болып саналады.
Жекелеген жолдастардың саяси қамсыздығы, қараңғылығы, большевиктік қырағылығының осалдығы Батыс Қазақстан облыстық сотының бұрынғы төрағасы болған Кириенко, Минин, халық судьялары – Хайруллин, Масақбаев, Маемиров, Құбаев, Сержанов және шпион Шпак сияқты халық жаулары, оларды қорғаштаушылар мен мүдделестері арамызға кіріп кетіп, партия мен үкіметтің басшы қызметтеріне қоғамдық активтерден, әділет қызметі резервтеріндегі төменгі сот органдарынан, әсіресе қазақтарды басшылық жұмысқа тартып, жылжытып отыру жөніндегі көптеген шараны бүлдірді.
Халық жаулары өздерінің әшкереленіп қалатындарынан қорқып, сын мен өзара сынды қыспаққа алды. Соттарды қоғам белсенділерінен ажыратып, халық соттарының облыс халқының алдын-
да есеп беру науқандарын әдейі өткізбей тастады. Сондай-ақ еңбекшілердің арыз-шағымдарын қарамады. Контрреволюциялық іріткі салатын істерді қорғаштап, істерді қарауды жүйелі түрде созбалаушылыққа салды. Сөйтіп, кеңестік заңдарды өрескел бұрмалады.
Біздің міндетіміз біздің қоғамдық құрылысымыздан халық жауларының қалдықтарын түпкілікті және тез аластап, іріткі салушылықтың зардаптарын батыл түрде толық жою болып табылады. Бұл басты жұмыста сын мен өзара сынды одан әрі өрістетіп, мемлекеттік және еңбек тәртібін нығайта отырып, большевиктік және революциялық қырағылықты арттыра түсу арқылы ғана табысқа жетуге болады» делінген.
Бұйрық мәтінін тарихи ақиқатқа назар аудару үшін арнайы толық келтіріп отырмыз. Әйтпесе осы бұйрық тарихи шындыққа берілген үзілді-кесілді лайықты баға емес әрине. Бұйрықта есімдері аталған сот басшылары мен қызметкерлерінің көпшілігі кезінде жазықсыз жазаланып, кейін саяси қуғын-сүргінге де ұшыраған. Ол жөнінде қолымызда нақты деректер де бар. Әйтпесе күні кеше биік лауазым тұғырында отырғандардың қас-қағым сәтте «халық жауы» болып шыға келуінде қандай мәніс болуы мүмкін. Бұл жылдарда бұрын сотта лауазымдық қызмет атқарып, НКВД-ның назарына іліккен әріптестерін мүлде есептен шығарып, бар жаланы соған жауып, алқалы жиындарда қаралай сипаттау жиі кездесіп отырған. Мәселен, шыңғырлаулық судья Имашев әділет қызметкерлерінің облыстық жиынында өз жұмысынан есеп бере келіп, сотта істер мен арыз-шағымдардың ұзақ уақыт бойы қаралмай, қордаланып қалуының негізгі себебін бұл сотта өзінен бұрын судья болған «халық жауы» Қ.Сүйегеновтың істегеніне сілтейді.
КССР әділет халық комиссариатының 1938 жылы Батыс Қазақстан облыстық соты бойынша жарияланған №1а бұйрығы мен осы жылдардағы құжаттарға сүйене отырып, жазықсыз жазаланған бірқатар батысқазақстандық судьяның аты-жөнін анықтадық. Олар – Батыс Қазақстан облыстық сотының 1936-1937 жылдардағы төрағасы И.Я.Кириенко, Маңғыстау ауданының халық судьясы Нығмет Хайруллин, Талов ауданының халық судьясы Бисенғали Масақбаев, Теңіз ауданының халық судьясы Молдағали Маемиров, Тайпақ ауданының халық судьясы Құсайын Құбаев, Жымпиты ауданының халық судьясы Ғизат Сержанов, Шыңғырлау ауданының халық судьясы Қарабас Сүйегенов, Теректі ауданының халық судьясы Темірғали Дүйсенәлиев. Алайда Қазақ-стан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мұрағат қорынан Теректі ауданының халық судьясы Т. Дүйсенәлиев пен Шыңғырлау ауданының халық судьясы Қ. Сүйегеновтың істерінен басқаларыныкі табылмады. Бұл екі судьяның істері әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан, кейін қысқартылған (екі істің фотоайғақтамасы беріліп отыр).
Т.Дүйсенәлиев Кеңес үкіметінің бастапқы жылдарында ауылдық кеңес хатшылығынан аудандық атқару комитетінің төрағалығына, одан соттың төрағалығына дейін өрлейді. Ұлт зиялыларын түп-
тамырымен жалмаған 37-нің зауалында Теректі ауданының халық судьясы болып жасап жүрген Темірғали да НКВД-ның қара тізіміне ілігіп, үстінен қылмыстық іс көтеріледі. Сөйтіп, азап вагонында Қиыр Шығысқа дейін сапар шегіп, жүрген жерінде тиісті органдарға өзінің жазықсыздығын сауатты түрде жазып, ақыры кінәсіз екенін дәлелдеп, елге аман-есен оралады. Өзінің құқығын заңмен қорғаудың мүмкіндігін таба білген азаматқа ақыры «үндеместердің» де тісі батпағандай. Әрекетінен қылмыс құрамы табылмағандықтан, ісі қысқартылып, тұтқыннан босатылады. Елге оралғасын Теректі ауданындағы «КИМ» колхозының төрағасы болып тағайындалып, 1942 жылы қыста өз еркімен майданға аттанады.
Темірғали майданға аттанғанда жарының құрсағында қалған Аманкелді Темірғалиұлы Дүйсенәлиевпен (марқұм 70-тен асқан шағында дүниеден озды) жақын танысуымның сәті түсті. Кеңес заманында ұзақ жылдар КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет етіпті.
Елдегілер арыстың артынан көрінген тұяқтың есімін азаматтың от-жалыннан аман оралуының тілекшісі болсын деп «Аманкелді» қояды. Мейірімсіз соғыс періштенің тілегін де бермеді. Ленин-град түбіндегі майданға қатысқан қазақ батальонының саяси жетекшісі Темірғали Дүйсенәлиев 1943 жылы мерт болып, денесі сол Парголово елді мекеніндегі бауырластар зиратына жерленеді.
Арада тура елу жыл өткенде, 2003 жылы мамыр айында Аманкелді Темірғалиұлы отбасымен Парголовоға сапар шегіп, бауырластар зиратынан әкесінің есімін тауып қайтты.
Аманкелдінің ата-баба жолынан таймай, зиялы тәрбие, білім алуына кезінде татар медресесін бітірген көзі ашық азамат, әкесінің ағасы Өмірғалидың, нағашы атасы, заманында Санкт-Петербургтің императорлық сарайынан «Киелі Станислав» орденін өңіріне тағып қайтқан бір кездегі Орал қаласының құрметті азаматы Дәулет Сәрсенбаев ақсақалдың үлесі зор болды.
Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын инженерлік мамандық бойынша бітірген А. Дүйсенәлиев орда бұзар отыз жасында КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы тыңдаушылық курсынан өтіп, әуелі Жәнібек, кейін Зеленов аудандарында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өкілі болып жасады. Біраз уақыт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасында жауапты қызметтер атқарды.
Құпия органда жасаған жиырма жыл ішінде кезінде әкесін айыпсыз соттаған мекеменің шашбауын көтеріп, сойылын соғып жүргенін, талай жыл әкесінің үстінен көтерілген қылмыстық істің нақ үстінде отырғанын да білмепті. Кеңес үкіметінің саясатына, өз қызметіне адал болған.
– Әкемнің халық сотының төрағасы болып жүріп, жазықсыз шаталғанын, оған НКВД органдарының тікелей қатысы болғанын кейін естіп-білдім, – дегені бар әңгімесінде Аманкелді Темірғалиұлы.
Бірақ Кеңестер одағының МҚК органдары әкемнің ісімен танысуыма рұқсат етпеді. Шамасы, саяси мекеменің құпиясын, әділетсіз жақтары да болғанын жария етуден сақтанса керек.
А.Дүйсенәлиев кеңестік қоғамдық құрылыс тарқап, ел игілігі талапайға түсіп, қоғамдық меншік тістегеннің аузында, күштегеннің қолында кете бастаған тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында мемлекеттік органдағы қызметінен ат құйрығын үзіп, өзіне кәсіп тапқан. Саяси тәжірибесінің, көзінің ашықтығы мен етінің тірілігі, алғырлығы арқасында туған жұртының сеніміне кіріп, облыстық кеңеске депутат болып сайланып, еншісіне бұйырған биліктің жалын тартты. Тоқсаныншы жылдардың соңына таман облыстық мәслихаттың саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ісін қайта қарайтын комиссия құрамында жасап, тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуіне зор үлес қосты.
Тайпақ ауданының №5 ауылының тумасы, 1907 жылы дүниеге келген, сол жылдарда отыз жастағы азамат Қарабас Сүйегенов Шыңғырлау ауданының судьясы болып жүріп шаталады.
Саяси қылмысқа тартылған аудандық партия комитеті нұсқаушысының жауаптау хаттамасында оның да есімі аталғандықтан тергеледі. Сайып келгенде, кеңес үкіметіне қарсы саяси ұйымға қатысып, үгіт-насихат жүргізген, қоғам малын ұрлағандар мен жойып жібергендердің істерін жыл бойы қарамай, созбалаңға салып, кеңес үкіметіне қарсы әрекеттер жасаған деген желеумен жала жабылып, партиядан шығарылады. Жұмыстан босатылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ісі Батыс Қазақстан облыстық сотының арнаулы алқасының төрағасы П.Юшковтың төрағалық етуімен 1938 жылғы 25 шілдеде қаралып, Қылмыстық кодекстің 58-2-11, 58-7 баптарымен айыпталып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Қ.Сүйегеновтың 1938 жылғы 25 қазанда КСРО Бас прокурорына жазған шағымына сәйкес ісі қайтадан тергеліп, әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан, 1939 жылы 11 қазанда іс тоқтатылған. Дейтұрғанмен 1938 жылы шілдеде сотталып, тамыз айында Қиыр Шығысқа айдаумен жөнелтіліп жіберілген азаматтың кейінгі тағдыры жөнінде еш дерек жоқ.
Облыстық сот төрағасы Т.Қожасовтың жоғарыда аталған 1938 жылғы 20 қаңтардағы №1а бұйрығындағы «шпион – Шпак» деген тұжырымы да бізді бейжай қалдырмай, «Судьялардың арасында жүрген бұл қандай «жансыз?» деген сауал мазалады. Мұрағат құжаттарын көтеру барысында оған да үңіліп көрдік. Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін РКСФР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 10-тармағына сәйкесті айыпталып, ісі 1938 жылы 27 мамырда Батыс Қазақстан облыстық сотының арнаулы алқасына берілген Лаврентий Иванович Шпак сот қызметкері болмай шықты. Алдын ала тергеудің қорытындысына қарағанда облыстың Жә-нібек ауданындағы «Талов» ет совхозының «Комсомольская» фермасында күзетші болып жасаған оның бұрынғы ірі кулак, 1918-1919 жылдары ақ бандылармен байланысы болғандығы келтіріле келіп, «Мен заемға жазылмаймын, барлық жұмысшы да аш-жалаңаш, ал КСРО жалақыны төлеп жарытпайды, оның үстіне соңғы тиын-тебендерімізге дейін жинап алғысы келеді. Бізге ешқандай қорғаныстың қажеті жоқ» деген сөзі үшін және жұртты совхоз құрылысы мен стахановтық қозғалысқа қарсы үгіттегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық-сот алқасының 1938 жылғы 11 қыркүйектегі үкімімен 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Жоғарыда аталған бұйрықта оның атының аталуы сот бұйрығының НКВД құжаттарына негізделіп жасақталуында болса керек деп топшыладық. Жалпы кеңес заманында сот халықтық билік органы болғандықтан, оның қызметіне халық өкілдері кеңінен тартылды ғой. Екінің бірі халық заседателі болды. Тіпті сондайлардың бірі болуы да ықтимал.
Ал жоғарыдағы қара тізімге түскен А.Р.Минин деген адамның 1937 жылы облыстық сотта судья болып істегенінен басқа мәліметті таба алмадық.
Саяси сынға ұшырап, қызметінен босаған облыстық сот төрағасы Иван Яковльевич Кириенко – қазан төңкерісінен кейін облыстың сот органдарында ұзақ жылдар басшылық қызметтерде жасаған белгілі тұлға. Оның есімі сот құжаттарында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезінен-ақ ұшыраса бастайды. Мәселен, 1923 жылғы 1 сәуірде әділет халық комиссариатының телеграфтық нұсқауына сәйкес Орал губерниялық соты құрылып, оның төрағалығына М. Завьялов тағайындалғанда оның екі орынбасарының бірі И.Кириенко болды. 1936 жылы 9 қыркүйекте облыстық сотқа төраға болып тағайындалған Иван Яковльевич Кириенко бұл лауазымды 1937 жылғы 26 тамызға дейін атқарды.
Әділет халық комиссариатының 1937 жылғы 26 тамыздағы өкімі бойынша Н. Кириенко сот төрағалығы міндетін орынбасары Тәтиқожа Қожасовқа табыс етті. Мұрағат деректеріне қарағанда Қазақ КСР әділет халық комиссариатының 1938 жылғы 20 желтоқсандағы телеграфтық нұсқауы бойынша 1938 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Орал (Батыс Қазақстан) облыстық атқару комитетінің жанынан Әділет басқармасы құрылып, Н.Кириенко әділет органдарына қызметке ауысқан. Кейін Ұлы Отан соғысы қарсаңында Әділет басқармасының бастығы болған. Алайда оның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны жөніндегі құжаттар кездескен жоқ. Сот төрағалығы қызметінен босағаннан кейін де әділет органдарында басшылық қызметтерде жасағанына қарағанда қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болса керек. Ал жоғарыда аталған бұйрық мәтініндегі И. Кириенкоға қатысты айыптаулар саяси сын шеңберінде қалғанға ұқсайды.
1937 жылы арнаулы соттардың ашылуына байланысты облыстық сотта арнаулы алқа құрылып, оның төрағалары М.С.Анишин мен П.М.Юшков болды.
Осы жылдарда облыстық соттың басшы кадрлары әділет халық комиссариатының (ӘХК) нұсқауы бойынша тағайындалып, алмастырылып отырылды. Талап аса қатаң болды. Мәселен, облыстық сот төрағасы Т.Қожасов 1939 жылы 20 мамырда ҚК(б)П ОК мен ӘХК шақыруымен екі апталық іссапарға кеткенде орнына уақытша міндетін атқарып қалған орынбасары П.М.Юшков еңбек тәртібін нығайту жөніндегі үкімет қаулысын басшылыққа ала отырып, бір сағат жұмыстан кешіккен іс қағаздарын жүргізуші Мұхамбетовты бос жүріске салынғаны үшін 1939 жылғы 7 маусымдағы бұйрықпен жұмыстан шығарып тастаған. Ал іссапардан қайтып оралған облыстық соттың төрағасы үкіметтің осы қаулысын басшылыққа ала отырып, 1939 жылғы 11 маусымдағы №41 бұйрығымен қызметке алынғанына бір күн ғана болған облыстық соттың іс қағаздарын жүргізуші Демесінов пен сот мәжілісінің хатшысы Захаринді 45 минут кешіккені үшін жұмыстан шығарып тастаған. Жұмыстан 10-15 минут кешіккендерге де бұйрық бойынша қатаң ескертпе жасалып, мұндай жағдай қайталанса, ескертпесіз шығарылып тасталатыны қаперге беріліп отырған.
Қазақ КСР ӘХК-ның 1939 жылғы 16 қазандағы №457 бұйрығымен Т.Қожасов сот төрағалығы қызметінен босатылып, орнына осы бұйрықпен БҚО сотының төрағасы болып Н.А.Раков тағайындалды.
1940 жылы ақпан айында облыстық сот дербес балансқа көшіріліп, КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының 1940 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес арнайы бұйрық шығарылды. Енді облыстық сот сегіз сағаттық, жеті күндік еңбек ырғағына көшірілді. Қызметкерлер жұмыстан өз ықтиярларымен кетіп қалғаны, бос жүріске салынғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.
Қазақ КСР ӘХК 1940 жылғы 20 шілдедегі өкіміне байланысты БҚО сотының төрағасы болып Демеуғали Демесінов тағайындалды.
Оның бұйрықтарының мағынасына қарағанда қырқыншы жылдары сот ісін қазақша жүргізудің проблемасы өткірлене түскен. 1940 жылғы №97 бұйрықта облыстық сот хатшылығының меңгерушісі Симонованың қазақ тілін білмеуіне байланысты жұмыс ауқымын игере алмағаны, сондықтан істі екі тілде жүргізу үшін «бұл қызметке орыс тілін білетін жергілікті негізгі ұлт өкілінің (қазақтың) қажетсінілетінін» қаперлей отырып ұйымдық шаралар алса, 1940 жылғы 19 қазандағы №127 бұйрықта облыстық соттың мүшесі П. Юшковтың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 9 айлық жұмысы туралы баяндамасын тек өзіне бекітілген, істі орыс тілінде жүргізетін сот учаскелеріндегі істер бойынша жасап, екі қазақ ауданындағы істер бойынша кассациялық алқаның тәжірибесі мүлде қамтылмай қалғандығы атап көрсетіліп, жекелеген қылмыстар санаттары бойынша кассациялық сот тәжірибесін белгіленген жоспарға сәйкесті жасап, қорытындылауы міндеттелген.
1940 жылғы 4 желтоқсандағы №150 бұйрықта жаңа алфавитке көшуге (кирилица - орыс шрифтісіне негізделген қазақ алфавиті) дайындық жұмыстарына байланысты облыстық сот қызметкерлері еңбекшілер депутаттары облыстық кеңестің атқару комитетінің жанынан ашылған 10 күндік курсқа өндірістен қол үзіп оқуға жіберіле бастады.
Соғыстан кейінгі жылдары кеңестік құрылысқа қарсы үгіт-насихатқа аса қауіпті мемлекеттік қылмыс ретінде қатал қаралып, Кеңестер одағының аумағындағы бірыңғай қолданыстағы РКСФР Қылмыстық Кодексінің 58-10, 58-14 баптарына сәйкесті жаза қолданылып отырылды.
Аманкелді Шахин,
zhaikpress.kz