6.10.2022, 10:45
Оқылды: 22

Қуғындалған қазақ ұлтшылы

Елдос Тоқтарбай – балалар жазушысы, әдебиет сыншысы және ұлттық  тарихымыздың ақтаңдақ тұстарына жіті үңіліп, әсіресе, Алаш орда  қозғалысының Батыс бөлімінің тарихын түгендеп жүрген зерттеуші. Әдебиет пен тарих саласындағы жүйелі де жемісті ізденістері үшін  Е.Тоқтарбайға 2017 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы берілді. Кіндік қаны 1993 жылдың қаңтарында Жетісуда тамған Нүсіптің Елдосы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының филология  факультетін 2015 жылы бакалавр  курсы  бойынша, 2017 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филфагінің магистратурасын тәмамдаған. Елдос бауырымыз  «Орал  өңірінің»  штаттан  тыс  тілшісі  ретінде  біздің  оқырмандармен енді газет бетінде жиі жүздесіп тұрмақ.

WhatsApp Image 2022-10-06 at 09.44.50

Ағартушы Төлеген  Иманғазыұлының тағдыры Елдос Тоқтарбай  –  балалар жазушысы, әдебиет сыншысы және ұлттық тарихымыздың  ақтаңдақ тұстарына  жіті үңіліп, әсіресе, Алаш орда қозғалысының Батыс бөлімінің тарихын  түгендеп жүрген зерттеуші.  Әдебиет пен  тарих  саласындағы  жүйелі де жемісті  ізденістері үшін Е.Тоқтарбайға  2017 жылы «Дарын» мемлекеттік  жастар  сыйлығы  берілді. Кіндік қаны  1993  жылдың  қаңтарында  Жетісуда  тамған Нүсіптің Елдосы  Арқалық  мемлекеттік  педагогикалық институтының  филология  факультетін  2015  жылы бакалавр курсы бойынша, 2017  жылы Л. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті филфагінің  магистратурасын тәмамдаған.  Елдос  бауырымыз «Орал  өңірінің»  штаттан тыс тілшісі ретінде біздің оқырмандармен енді газет бетінде жиі жүздесіп тұрмақ.

Қазақ ұлтшылдығы дегеніміз – аса қорқатын нәрсе емес-тін. Елі мен жерін, туған топырағын, ұлтының болмыс-бітімін, қалыбын егіле сүйгеннің несі айып?! Бүгінгі егемен Қазақстан қоғамында ұлтшылдық сөзінен қорқатындардың қарасы мол. «Мен – ұлтшылмын!» дейтін ұрпақтың саны артпайынша, мемлекетіміздің ұлттық сипатқа айналуы өте қиын. Біз революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен дамуды, өркендеуді мақсат тұтқан елміз. Ендеше, қазақ қоғамы біртұтас қоғамға айналуы тиіс. Біртұтас қоғам – бүтін  бітім-болмыс.

Алаш туы көтерілген ұлттық бұлқыныс жылдарында қазақтың мүддесін қорғаған оқығандар көп болатын. Қазақ мемлекетінің үзілген жібін жалғап, отарлық саясаттан езілген халқының рухын жанып, Алашорда ұлттық үкіметін жасақтаған арыстарды ұмыттырған, санамыздан біржола шығарып тастаған совет идеологиясының былықтары ашылып жатыр...  Қолдан қасақана жасаған қылмыстары әшкереленді. Әлі талай оқиғаның көбесі сөгіліп, ақиқаты ашылады. Бұл ретте Алаш тарихының ақтаңдағы мол, құпиясы зор. Азаттық үшін қызыл жағалылармен алысқан аруақты ерлердің де ісі қайта қаралып, ұзақ уақыт жамандалған теріс образы жағымды бейнеге айналды.

Асылында, ұлттық қоғам орнату өте қиын іс. Қоғамның жаңаруы – сананың тазалануы. Санаға түскен жараның бірі – қазақ ұлтшылдығына қарсы антикүрес. Жараға жара қосылып, ұлттық құндылықтарымыздан көз жазып қалыппыз. Ұлт құндылығының бір күретамыры – төл тарихы. Ата тарихымызды большевиктер қысымымен жазылған өтірік парағын жыртып, орнына ақиқат беттерін іздеп, түгендеп келеміз. Көпке беймәлім есім, тарихтан терістелген шын қайраткерлер қатары едәуір көп екен.

Төлеген Иманғазиев Орал кәулігі

Советтік кері идеологияның  құрбаны болған қазақ ұлтшылы, үлкен ағартушы, Алаш қайраткері Төлеген Иманғазыұлы (құжаттарда Иманғазиев деп жазылады. Біз тәуелсіздік тұрғысынан қарап, ұлттық негізде Иманғазыұлы деп жаздық. Бұдан әрі солай жазылады – Е.Т.) деген боздақтың тағдыр-талайы хақында білгенімізді ортаға салуды парыз деп ұғындық.

Иманғазының Төлегені 1874 жылы наурыз айының 16-сы күні Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы), Ілбішін уезі, Қалдығайты болысының №2 ауылында (Айтқали ауылы) өмірге келген. Төлегендей арыстың тегі – он екі ата Байұлының Ысық баба тармағынан тарайды. Оның ішінде Жәдікбайұлы Андабай атадан өнген  асыл  ұрпақ.

Өз әкесі Қарабекұлы Иманғазы 1931 жылы 86 жасында қайтыс болған. Иманғазы Орал – Жымпиты – Ойыл  жолының бойындағы Қарақұдық деген жерде лау ауыстыратын бекет ұстаған дәулетті кісі. Ал шешесі Бозша үй шаруасындағы әйел болыпты.

Жасынан талапты өскен Төлеген 13 жасында 1887 жылы Гурьев уезіне қарасты Есбол (Индер) екі кластық болыстық мектебін бітіреді. Дүние-мүлкі, мыңғырған малы бар әке ұлының ары қарай білімін жетілдіруіне бар жағдайын жасайды. Білімге ден қойған жеткіншек 1888 жылдың 14 мамыры күні 14 жасында Оралдың екі кластық орыс-қырғыз училищесіне оқуға түсіп, оны 1890 жылы тәмамдайды. Сол 1890 жылдың маусым айының 10-ы күні Орынбор Мұғалімдер семинариясына қазына есебінен (бүгінше мемлекеттік грант) оқуға түсіп, оны 1894 жылдың мамыр айының 13-і күні «Бірінші дәрежелі халық мұғалімі» дипломымен бітірген. Ақиқатында, патшалық билік салтанат құрған уақытта семинарияда тек ауқаттылардың балалары ғана оқитын. Мұғалімдер семинариясында Төлегенмен қатар әйгілі сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының әулетінен Қажығали Айшуақтегі, жымпитылық байдың тұқымдары Райымқұл Құрал баласы, Ғұбайдола Әлібекұлы оқыған екен.

Жиырма-ақ жасында мойнына үлкен аманат арқалап, туған халқын оқыту, ағарту ісіне зор құлшыныспен кірісіп кетеді. 1894 жылы маусым айының 24-і күні Орынбор оқу округі бастығының №2712 бұйрығымен Торғай облысының Әулиекөл болыстық мектебіне мұғалімдікке жіберіліп, онда 1895 жылдың тамыз айының біріне дейін қызмет істеп, аймақ тұрғындарының сауатын ашып, білім  дәнегін  себеді.

1895 жылы тамыз айының бірі күні Орал облысы Қарашығанақ болыстық орыс-қырғыз мектебіне екінші мұғалімдікке тағайындалады. 1896 жылы тамыз айының бірінен бастап Торғай облыстық Алшынбай ауылдық мектебіне мұғалімдікке ауыстырылады. Орынбор оқу округінің 1896 жылғы қараша айының 18-і күні №4676 билігімен 11 қарашадан бастап Орынбор қырғыз мұғалімдер семинариясына бастауыш училище мұғалімі және қазақ тілін оқыту қызметіне тағайындалады. Осы қызметте ол 1904 жылдың тамыз айының 24-іне дейін еңбек етеді. 1904 жылы қазан айының 2-сі күні отбасы жағдайына байланысты өз өтініші бойынша қызметінен босап, туған ауылына келеді.

1904 жылдан 1917 жылға дейін ауылында мұғалім, кейіннен болыстық управитель сияқты қызметтерді атқарған. Патша тақтан құлап, теңдік алған ақпан төңкерісінен соң Төлеген саяси істерге араласып, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге кіріседі. Әуелде земстволық комитетке мүше болып, оқу-ағарту жұмысына жұмсалады.

Бірнеше жыл мұғалімдік қызмет қылған Төлеген де өзге әріптестері сияқты саясат жолына түседі. Анығында, сол қиян-кескі жылдарда елдің ауыр тұрмысы, қоғамның зілбатпан мәселелері оқыған азаматтың иығына түскен жүк болатын-ды. Елді отарлық қамытынан тек қана оқығандар құтқаратын, басқа жол да жоқ еді. «Қазақ» газетіне Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған рух алдаспандары «Қазақ оқығандарына!» деп үнемі хат жазып, елдің тағдырына араласуды, сын сәтте халық мүддесін көтеруді сұраған-ды.

Орынборда қазақ оқығандары құрылтай өткізіп, үкімет жасақтап, автономия құрған кезде Төлеген Алаштың батыс бөлімшесінің өкілі әрі оқу-білім комитетінің мүшесі болады. 1918 жылғы 18 ақпанда Қаратөбеде өткен Орал қазақтарының ІІІ сиезіне делегат ретінде шақырылады (бұл Орынбордағы 1917 жылғы І, ІІ жалпықазақ сиезінен кейінгі мемлекетті сақтау, жерді қорғау турасындағы ірі жиын – Е.Т.). Алқалы жиын төрағасы Жаһанша Досмұхамедұлы Төлегенге арнайы тапсырма беріп, оны Ойылдағы Алаш милициясының (Алаш әскері) мектебіне мұғалім қылады. Орынбор қала мәдениетін көрген, орысшасы жетік Иманғазының баласы ел мен жер­ді қорғауға кепіл болатын Алаш әскерін даярлап, оларды жаттықтырып, орыс тілі мен тарихтан сабақ берген. Осы юнкерлер мектебінде Ғұбайдолла Мұхиттегі (атақты әнші Мұхит Мералыұлының немересі) алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген болатын.

Қазақ қоғамына большевиктік билік күшпен орнаған жылдары Төлеген қызметтен шеттетіліп, ауылға кетеді. Ауылына барып, ауыл шаруашылығымен айналысқан. Тек 1929-1938 жылдар аралығында Жақсыбай мектебінде жағырапия, орыс тілі пәндерінен  дәріс  оқыпты.

Сталиндік қызыл қырғын басталған жылдары ажал құрығы Төлеген мұғалімді іліп әкеткен. 1938 жылы ақпан айының екісі күні «Бұрын болыс болып, Ресей патшасына қызмет еттің, Батыс Алашорда қызметіне белсене араласып, Қаратөбеде өткен сиезге делегат болып қатыстың, панисламизмді насихаттаушы, белсенді алашордашылсың, діни қайраткерлер Құрманғали Қуанышәлиев, Хасан Нұрмұхамедовпен байланыс жасап, Совет Үкіметін құлатуды көксеген панисламизмнің көтерілісін ұйымдастырмақшы болған контрреволюциялық ұйымның мүшесісің, оларға ақшалай көмек бердің, жапонгерман барлауының агентісің, ұлтшылсың!» дегендей жаламен нақақтан-нақақ қамауға  алынады.

РСФСР ҚК 58-2, 58-11 баптарына сәйкес қылмыскер деп тауып, УНКВД-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша үштігі соттап, 1938 жылы ақпан айының 14-і күні халық жауы ретінде Орал түрмесінде атылады. Міне, қазақ ұлтшылы Төлеген мұғалімнің тағдыры осылай түйінделіп, қанаты осылай қырқылады... Заманында «Халық мұғалімі» атағын алған, елдің ықыласына бөленген, найзағай жарқ-жұрқ еткен елең-алаң кескекті жылдары ұлттық мемлекет ісіне араласып, Алаш әскерін жасақтаған, «Адамшылық диханы» Төлеген Иманғазұлы тек 1991 жылы 26 сәуірде ғана толық ақталады. Ендігі сәтте оның есімі де, өнегесі де туған ұлтымен мәңгі жасай беруге хақылы.

P.S.: Бір қуанарлығы – ағартушының жесірі Жанот анамыз Хасан, Құспан, Әсет, Қали деген Төлегендей арлан-арыстың төрт бөлтірігін аман-есен жеткізген. Сол жақсының тұқымы өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі  әулетке  айналды.

Хасанның ұлы Қайыржан елге танымал журналист, өлкетанушы еді. Ол Батыс Қазақстандағы талай ескі мәдени ескерткіштерді тауып, көптеген батыр, ақын тұлғаларымыздың мәңгілік дамыл тапқан жерлерін анықтап, кесене тұрғызып, игі істің басында жүрген. Қайыржан ақсақалдың қаламынан бірқыдыру кітап туып, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп, жыртығын жамады. Алаштану ісіне де айрықша үлес қосқан зерттеуші, өлкетанушы өмірінің  соңғы  сәтіне дейін қолынан қаламын тастамаған екен. «Орнында бар оңалар» демекші, кешегі Төлеген мұғалімнің шөберелері, Қайыржанның Ержаны мен Нұржаны Қаратөбедегі әйгілі сиез өткен мешіт-үйдің орнына музей салып, шағын ауылға Алаштың алауын жақты.

2020 жылы ашылған музейге жуырда барып, тамсанып, таңғалып қайттым. Төлегендей Алаш арысының атындағы конференц залын, Алаш тұлғаларының инерциялық қабілетін ашатын білім залын, Қайыржан Хасановтың шығармашылық залын көріп, дән риза болдық. Қаратөбедегі «Алаш және Қайыржан Хасанов тарихи-өлкетану» музейі – заманауи  технологиялық  жабдықталған жаңа әрі көз тартар көрікті  кешен. Міне,  тектілік  белгісі, ұрпақ  ұлағаты  деген – осы.

Иек астындағы 2024 жылы  қазақ ұлтшылы, ағартушы, қайраткер Төлеген Иманғазыұлының туғанына мерейлі 150 жыл толады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале