18.10.2024, 16:30
Оқылды: 22

«Күй өнерін кейінгіге аманаттау – басты міндет-миссиям» – Мирлан Жамбылов

Дәстүрлі әнші, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Мирлан Жамбылов 2000 жылғы 2 қарашада Казталов ауданындағы Бостандық ауылында өмірге келген. Ол бүгінде Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақтың ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында білім алуда. Мирлан қос ішекті кие тұтқан ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра – күй өнерін келер ұрпаққа аманаттауды басты міндет-миссиясы санайды екен. 

63012ff2-af06-4442-9c92-72bedc40de48

Балалық шағы Орал қаласында өткен жас домбырашы 2006 жылы №34 А.Тайманов атындағы мектеп-гимназиясының табалдырығын аттап, 2016 жылы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясын тәмамдаған. Ізденімпаз өрен осы аралықта мектептегі қоғамдық-мәдени шараларға белсене араласып, айналасына қабілетімен танылады. Төңірегіндегі талайдың батасын ала жүріп, өмірін өнермен ұштастырмаққа ниеттенеді. Сөйтіп, Ғ.Құрманғалиев атындағы саз колледжіне оқуға тапсырып, ұстаздарынан дәстүрлі
музыкалық өнерден сусындайды.

– Қарапайым шаруа шаңырағында жарық дүниеге көріндім, алайда аталарым өнерге біртабан жақын жандар еді. Нағашы атам Ермек Досмұхамбетов кезінде Бостандық ауылындағы музыкалық ансамбльде өнер көрсетті. Сан түрлі аспаптың тілін білетін бесаспап кісі. Кәсіби білімі болмаса да, ноталарды жатқа білетін, кез келген әуенді еркін ойнайтын, сауатты да жан-жақты адам. Өнердің титімдей ұшқыны атамнан жұғысты болса керек, мен де балаң кезімнен домбыраға құмарттым. Теледидарға телміріп, күннің атысы, түннің батысы айтыс көремін. Көремін де жүрек шымырлатар домбыраның сарынына тербеліп, салалы саусағымен аспапты сөйлеткен ақындарға таңдай қағып, тамсанамын. Осыны аңғарған Ермек атам алғаш қолыма киелі аспапты ұстатып, сол кездегі өрімдей бала  менің шабытымды шарықтатты. Содан бері атамның жанынан бір елі шықпай, оның қабілетін жадыма көшірмекке тырысып бақтым. Алғаш сауатымды ашқаннан кейін, Оралдағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған музыка мектебінде, Дина Нұрпейісова атындағы №1 балалар саз мектебінде тәлім алдым. Ол жерде де дәстүрлі әнші-жыршылардың алдын көріп, әрі қабілетімді, әрі музыкалық білімімді одан әрмен жетілдірдім, – дейді Аманжолдың Мирланы.

Мирлан әңгіме барысында өнер жолындағы тәлімгер ұстаздарын ризашылықпен еске алып, әрқайсысына дән риза екенін баяндады. Оның сөзінше, мектеп қабырғасында ұстазы Жанна Әмірғалиева оқушы Мирланның дарынын байқап, үнемі қанаттандырып отырған. Сәкен Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған музыка мектебіне қабылдап, халқымыздың біртуар әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарындағы әндерді жаттатып, нотамен күй тартуды үйреткен. Ал саз мектебінде дарынды жеткіншекті Бейбіт Қажығалиев қанатының астына алып, қазақ күйіне деген ынта-ықыласын арттырған.

– Мақсатымды айқындауға бірден-бір себепші болған осы Бейбіт ағам, – дейді ол. Света Қалыбаева, Серік Әбдірахманов, Мұрат Аманшиев сияқты аға-апаларының сіңірген ұшан-теңіз еңбегін де атап өтті. Осындай өңірге танымал өнерпаздардың шапағатын көрген домбырашы түрлі байқауларға қосылып, жүлде қорын толықтырып жүр. Ол Сәтбаев қаласында 2019 жылы өткен әнші, сазгер Тайжан Қалмағамбетов атындағы дәстүрлі әншілер байқауында үшінші орынға табан тіреген. Үш жылдан кейін Ақтауда ұйымдастырылған «Қайқылардан қалған саз» атты дәстүрлі әншілердің республикалық конкурсында бірінші, 2023 жылы Екібастұз қаласында өткен қазақтың көрнекті әншісі Естай Беркімбайұлының 115 жылдығына арналған дәстүрлі ән байқауында екінші орын еншілеген. Сол жылы Петропавлдағы Ақан сері әндерін орындаушылар байқауында үшінші орынды қанжығасына байлапты. Бұған қоса Маңғыстаудағы үшінші республикалық «Ән-дария» әншілер байқауында бас жүлдегер атанған.

– Кең тынысты, жоғары тенорлы әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің өнер жолымен, шығармашылығымен етене танысып, үнемі оның күй тарту, ән шырқау мәнеріне қызықтым. Ғарифолладай қадірлі ақсақалдың қазақтың ән мәдениетінде өзіндік орны бар. Ал оның орындауындағы күрделі ырғақ-иірімге толы шығармалар ерекшеленіп, естіген жанды, тыңдаған кісіні елітіп тұрады. Өзінің көзін көрмесем де, шәкірттерінен тәлім алып, шыңдалғанымды, композитордың жерлесі екенімді консерваториядағы қатарластарыма мақтанышпен айтып жүремін. Күйші-сазгер Дәулеткерей Шығайұлының «Қаражан қызы», «Көркем ханым», «Жігер», Құрманғазының шә-кірті, жерлес күйші Мәмен Ерғалиұлының «Қаражан ханым», «Қайғылы қара», «Кербез Ақжелең» сықылды рухты күйлері табиғатыма етене жақын. Бұл күйлерді ерекше ықыласпен, құлақ құрышын қандырып тұрып орындағанда арқам қозып, шабыттанамын. Осы тұлғалардың өлмес мұрасы, қазақтың қайталанбас күй өнері келер ұрпақтың игілігіне айналса екен деген тілегім бар. Осы мақсатта кемеліне келген, тәжірибесі толысқан, домбыраның құлағында ойнайтын нағыз өнерпаз болып қалыптасып, бабалар дәстүрін келер ұрпаққа аманаттауды басты парызым санаймын. Әрине, киелі аспапқа деген жастардың ынта-ықыласы еш уақытта төмендемесе екен деп тілеймін, – дейді ол.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале