Кешегі еңбек майданының сарбаздары, көкірегі көмбе қарттарымыз – бүгінгі күннің ең асыл қазынасы.
Олардың өмірден көргені мен көкейіне түйгені мол деп білемін. Өйткені көпшілік, әсіресе, өскелең ұрпақ соларға қарап бой түзейді, олардың еселі еңбек жолынан тәлім-тәрбие алады. Ата-ағаларының ақылын тыңдап, сөздерін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмайды, ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Осы күні зейнеткер қарттар қарап отырған жоқ, ақпарат құралдарын үзбей оқып, талқылап, еліміздің тыныс-тірлігіне зер салып, өз ойларын ортаға салу міндетіміз деп атсалысып жүр.
Жақында облыстық «Орал өңірі» газетінен «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Маржан Ершудің Дина Нұрпейісоваға арналған драмалық шығармасы сахналанғанын оқыдым. Пьесаға аутордың өзі және «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» президенті Анар Еркебай арнайы қатысыпты. Қойылым режиссері Алмас Шәріпов пен Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры ұжымының бірлесіп дайындаған туындысы көптің көңілінен шыққан екен. Өкінішке қарай, ауруханаға түсіп, барудың сәті түспеді. Мақала ауторы Мәрлен Ғилымхан егжей-тегжейлі жазған екен, риза болдым. Мақалада үш тарихи кезеңнің куәгері, күйші Дина әжеміздің өмір сүрген кезеңдерінің бір-бірімен байланысы әдемі суреттелген. Осы қойылымға Дина әжеміздің жиен шөбересі Бағила Бисаева қатысқанын білдік.
Осы орайда ойыма сонау кезеңде, яғни 1966 жылы Дина әжеміздің Әсемқоңыр деген қызының баласы Сұлтан Қайыржановпен Алматы қаласына бірге барғанымыз есіме түсті.
Мен – Казталов өңірінің азаматымын. 1960 жылдан бастап Казталов ауданының мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған домбыра оркестріне мүше болдым. Оркестрдің ұйымдастырушы-дирижері Сағат Садықов ағамыз еді. Сағат ағамыздың тұла бойы тұнған өнер еді. Ақын, сазгер, суретші, иллюзонист-сиқыршы, ұлттық аспаптардың бәрінде ойнайтын виртуоз орындаушы болатын. Оркестр құрамында 1956 жылы 24 адам болса, 1970 жылы 60 адамға жетті.
1966 жылы ақпан айында Орал облыстық телевидение орталығының құрылғанына 1 жыл толуына байланысты Қазақ КСР орталық телестудиясына 1 сағаттық телебағдарламалық концерт қою үшін облыстың бірқатар аудандарының өнерпаздары Алматы қаласына шақырылды. Казталов ауданынан құрамында 32 мүшесі бар домбырашылар оркестрі соған қатысатын болды. Аудан орталығында 10 күн әзірлік өткізілді. Оркестр мүшелері механизаторлар, малшылар, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері болатын. Бір күні ауданның «Қараоба» совхозынан Дина әжеміздің жиені Сұлтан деген азамат келіп, домбырашыларға қосылды. Қарапайым, көп сөйлемейтін, көп тыңдайтын, күйшілік өнерге құмар жан болды. Алматыға барғанда күнде әзірлікке қатысып, концертте бірге болдық. Бүгіндері сол өнер сапарына қатысушылардан екі-үш адам ғана қалыппыз.
Дина әжеміздің өмірден өткеніне 70 жыл толыпты. Хадиша Бөкеева атындағы театр ұжымының «Дина» деректі драмасын сахналауы атақты күйші әжемізге көрсетілген зор құрмет деп есептеймін. Бұл – қазіргі жастарға, келешек ұрпаққа өте қажетті іс. Сол сапарда түсірілген фотосуретті қоса тапсырып отырмын. Мен айтып отырған Сұлтан Қайыржанов 3-қатардан, сол жақтан санағанда үшінші болып отыр. Өткен жылы «Атамекен» өнер орталығында Домбыра күніне арнап ұйымдастырылған іс-шарада Дина әжеміздің тағы бір жиенімен кездесудің сәті түсті. Ол – Сұлтанның туған қарындасы екен. Осы мақаланы жазғандағы ойым – атақты күйші әжеміздің көпшілікке таныс емес ұрпақтарының бірі, Әсемқоңырдың баласы, әжеміздің туған жиені Сұлтанды ел танысын, кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ой ғана.
Серікбай Жапахов,
ардагер ұстаз,
Батыс Қазақстан облысының құрметті ардагері,
Казталов ауданы