Осыдан біразырақ күн бұрын облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері мен БАҚ өкілдеріне арналған екі күндік оқыту семинарын ұйымдастырды. Онлайн түрде ұйымдастырылған семинардың ашылуында дін мәселелерін зерттеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Мейрамбек Қабдоллин спикерлерді таныстырып, іс-шара мақсатын айтты. Алдымен елімізге белгілі саясаттанушы, шығыстанушы Расул Жұмалы «Діни экстремизмнің Қазақстан мен Орталық Азиядағы сипаты», «Исламның саясилану үрдісі және Таяу Шығыс елдері» тақырыбында дәріс оқыды. Саясаттанушы Ислам дінінің қанат жаюы, араб елдерінде орын алған оқиғалар, әлемдегі діни кикілжің мен әскери қақтығыстардың салдары, Орта Азияға қатысты геосаяси мүдделер туралы егжей-тегжейлі баяндады. Келесі күні республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Атырау облысының «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚҚ-ның дінтанушысы, жас тарихшы Ернар Абзалов Ислам дінінің түркі даласына қанат жаюы, қазақ халқының рухани-мәдени тұрғысынан дамуы туралы мол ақпарат берді. Оған қоса еліміздегі зайырлылық ұстанымының ерекшеліктері жайында баяндады. Екі күн дәріс оқыған білікті мамандар семинар қатысушыларының сұрақтарына жауап берді. Қос спикердің қазіргі діни ахуалға байланысты айтқан өзіндік орнықты ой-тұжырымдарын, көпке ұғынықты ұсыныс-пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз.
Расул Жұмалы, саясаттанушы, шығыстанушы:
– Қазақтың мәдениеті, ділі, руханияты, дүниетанымы тұрғысынан мемлекеттік насихат жеткілікті дәрежеде жүргізілмей келеді. Әлеуметтанушылар кірме діндер-дің, оның ішінде, экстремистік бағыттағылардың жетегіне буыны қатпаған, қазақи таным-түсінігі таяз, көбіне орыстілді ортаның балалары жиі кетіп қалатынын айтады. 1990 жылдардың аяғында Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Кәрімов жат ағымға қатаң тыйым салып, шетелде оқып жүрген жастарды елге қайтарды. Бұл саясат кейінгі уақытта белгілі бір деңгейде өз жемісін берді. Олар әсіре діншілдерге қатаң шектеу салып қана қоймай, рухани тұрғыдан балама жол ұсыну арқылы дер кезінде дұрыс шешім қабылдады. Осылайша өзбек ағайындар үлкенді-кішілі елді мекендерде тәртіп орнатып, ақсақал-қарасақалдары ақылдаса отырып, жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысып, іштен іріткі салғандармен бірлесіп күресті. Олардың шетел миссионерлеріне төтеп беруінен, өзін-өзі басқару тетіктері арқылы діні-ділі берік орта қалыптастыра білуінен біздің алар тағылымымыз баршылық.
Ниеті теріс жат діни ұйымдар ақпараттық технологияны, интернет желісін өздерінің үгіт-насихатын жүргізуге шебер пайдаланады. Ресми деректерге сүйенсек, экстремизм және терроризм бабы бойынша Қазақстан аумағында 600-дей адам сотталған. Әрине, олардың саны аз ба, көп пе, әркім өзі саралай жатар. Бірақ ақ пен қараны ажырата алмайтын, діни тұрғыдан шала сауатты мамандардың кесірінен асыра сілтеушіліктің болғаны да жасырын емес. Яғни діни парызын орындап жүрген, өзіндік ұстанымы дұрыс адамдардың жазықсыз сотталып кетуі, оларды ашындырып алғандары – бөлек бір мәселе. Дін саласында білімді де білікті теологтар әлі тапшы. Отыз жылдың ішінде «көлеңкелі режімнің» кесірінен көкейтесті мәселелер тасада қалып, бірді-екілі ұрпақ алмасып үлгерді. Келеңсіз жағдайлардың етек жаюында әлеуметтік олқылықтардың ықпалы да аз емес. Деструктивті ағымдар шағын қалаларда, күйзеліс аймақтарында, кедейшілік құрсауында қалған, жұмыссыздық жайлаған орталарда кеңінен таралды. Соның кесі-рінен ниет-пиғылы терістердің жақтастары көбейіп, тіпті орталықтағы құрылымдарда жоғары лауазымдарды иеленіп үлгерді. Осындай деректер ара-кідік жарық көргенімен, халықаралық ұйымдардың мемлекетке ықпалы, таралу себебі, қаржыландыру көздері туралы түбегейлі сараптама, нақты зерттеулер тиісті деңгейде жүргізілмей келеді.
Ернар Абзалов, дінтанушы, тарихшы:
– Қазақстанда «Хизб-ут Тахрир», «Джундб-ал-халифат», «Шығыс Түр-кістанды азат ету ұйымы» секілді діни ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Бірақ бүгіндері дінтану саласында кейбір теориялардың қолданылуы қате деген ойдамын. Мәселен, сәләфилік-уәхәбилік ағымға қатысты мәдхалилер «байсалды» және тәкпіршілдер «радикалды» деп бөлу дұрыс емес. Соған байланысты арнаулы қызмет пен күштік құрылым өкілдері «Мәдхалилердің көзқарасы жұмсақ, оларға тиіспеу керек» деген сыңай танытады. Сәләфилік ағымды бұлай бөле-жара қарастыру қауіпті екенін дінтанушылар жан-жақты түсіндіре білуі керек. Нық керітартпа көзқарастағы діни идеология республикалық, демократиялық үлгідегі басқару жүйесін «шариғатқа қарама-қайшы» деп мойындамайды. Яғни қазіргі заманға халықаралық үлгідегі мемлекеттік құрылымдарды тәрк етеді. Әлгіндей діни ағымдардың әдебиеттерінде тәптіштеп осылай жазылған.
Ислам әлемінде саясиланған діни жамағаттардың пиғылынан сақ болу керек. Мәселен, «Сүлейменшілер» ағымы көбіне қайырымдылық мекемесін ашып, бірнеше жылдан бері Қазақстанда өз ортасын қалыптастыруда. Түркияда сүлейменшілердің діни еркіндігіне шектеу жоқ, бірақ олардың қоғамдық-саяси көзқарастары қазіргі конституциялық ресми билік ұстанымдарымен толық келісе бермейді. Ал «Нұршылар» деп аталатын топтың классикалық түрі елімізде аса көп тарала қойған жоқ. Бірақ кез келген діни жамағаттың шектеулі шеңбері болады. Ондай ағымдардың мүддесі бөлек. Өздерінің пірі, шейхтары бар. Мәселен, сүлейменшілер «ҚМБД-ға бағынбаймыз, керек болса, өз мүфтиятымызды ашамыз» деген сыңаржақ пікірлерін айтып қалып жатады. Ондай ағымдарда «Отан, мемлекет, жалпыхалықтық ортақ мүдде» деген ұғым-түсінік болмайды. Көзі ашық азаматтардың теріс көзқарастағылардың кез келгеніне қарсы иммунитеті берік болуы керек.
Қазақстандағы діни алауыздықты пайдаланып, алпауыт мемлекеттердің саяси жоба-жоспарларын ұрымтал тұста жүзеге асыруынан сақ болуымыз керек. Сондықтан идеология тұрғысына ортақ мәмілеге шақыратын діни ұстанымға сызат түспеуі үшін отандық институттар білім-білігі жоғары, таным-түсінігі терең, пайым-парасаты жоғары исламтанушыларды, теологтарды, дінтанушыларды ел ішінде дайындауы керек деген көзқарасты құптаймын. Дін саласында инвентаризация деген түсінік бар. Яғни Қазақ-станда өмір сүріп жатқан әртүрлі діни топтардың, жамағаттардың құжаттамасын жасап қою қажет. Өз еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі діни ахуалды қадағалап-бақылайтын зерттеу орталықтары жан-жақты ақпар беретін толымды анықтамалықты әлі күнге жасамаған.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz