Құқық қорғау органдары оқу орындарының кадрлық құрамы нығайтылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
«Маңызды түзетуге тоқталсам, ведомстволық академияларға танымал ғалымдар мен тәжірибесі мол отставкадағы мамандарды тарту туралы өзгерістер жасалмақ. Қазір академияда оқытушы болу үшін барлық кандидатқа қойылатын талапқа сай болу керек. Мысалы, құқық қорғау органдарына қабылдауға жас жағынан шектеу қойылған, денсаулығына ерекше талаптар бар. Аталған адамдар осы талаптар бойынша өтпейді. Ал еңбек шартымен алатын болсақ, оларды лайықты жалақымен қамтамасыз ете алмаймыз», - деді Ә. Шындалиев.
Сондықтан жоба оларды ешқандай шартсыз қабылдауды ұсынады. «Мұндай шешімді тек орталық органның бірінші басшысы қабылдайды. Судья болып немесе құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, зейнетке шыққан адамдарды оқытушылық қызметке тарту өте маңызды. Олар ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, жас қызметкерлерді даярлауға көп үлес қосады деп сенеміз», - деді Бас прокурордың орынбасары. Бұдан бұрын хабарланғандай, құқық қорғау органдарына қызметке қабылдауда жаңа өзгерістер енгізіліп отыр.