Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелерін беру «электронды үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Сариеваның мәліметінше, өткен жеті айда 795 мемлекеттік қызмет көрсетілген. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР заңына сәйкес басқа мемлекеттік құрылымның рұқсат беруін келісуге 225 өтініш түсіпті. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін ақпараттандыру мақсатында 1699 іс-шара жүргізілген. Сегіз маман мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
– Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына ішкі бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Оның мақсаты – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, ашықтығы мен уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету. ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы бар. Соған сәйкес Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау және Бөрлі аудандары бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларында заңнаманың сақталуын бақылайтын ішкі тексеріс жүргізілді. Нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар берілді. Департамент басшысының бұйрығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Соған сай облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау құрылымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сәуірдің 4-і мен маусымның 9-ы аралығында аумақтық басқармалар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Қорытындысы бойынша талдамалық анықтама мен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспары департаменттің интернет-ресурсында жарияланған. Барлық құжат Bitrix24 жүйесінде орналастырылды. «Documentolog» платформасының «Академия» блогында орналасқан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының талаптары» онлайн курсы бар. Осы курсты департамент пен оның аумақтық басқармаларындағы 176 мемлекеттік қызметші аяқтады. Жыл басынан бері осы сала қызметкерлерінің тарапынан жемқорлық құқықбұзушылығы немесе қылмысы тіркелген жоқ, – деді Нұрсұлу Әміржанқызы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айна Имашева,
Орал қаласы