24 шілде күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалында семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңес «Мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткеру мәселелері» тақырыбымен «Құқықтық сауаттылық» жобасы аясында ұйымдастырылған. Іс-шараға қала, аудан әкімі аппаратының басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдер, персоналды басқару қызметінің өкілдері қатысты.
Ең әуелі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов осы іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Бұл семинар-кеңес персоналды басқару қызметтерімен айналысатын мамандарға арналған. Түрлі тақырыпта дәрістер оқылып, кадрды дұрыс таңдау бойынша пайдалы ақыл-кеңестер айтылып, бағыт-бағдар беріледі. Мемлекеттік қызметші әдеп дағдыларын қатаң сақтауы тиіс. Дәрістер барысында осы мәселеге баса назар аударылады. Құмар ойындарына қатысты түсінік жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар биыл атқарылған жұмыстар, жүзеге асқан жоба-жоспарлар жан-жақты талқыланады, – деді Мұрат Сейілбекұлы.
«Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК БҚО филиалының директоры Ерсайын Қыдыров «ҚР Еңбек заңнамасының талаптарын еңбек қатынастары тараптарының қолдануы және соңғы өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында дәріс оқыды. Ерсайын Шынболатұлы аталған заңнамаға шолу жасап, оның мақсат-міндеттері жайында сөз қозғап, талаптарды тиімді қолдану керектігін айтты. «ҚПО б. в.» компаниясы кадрлармен қамтамасыз ету және еңбек ресурстарын жоспарлау бөлімінің бастығы Альбина Киндербаева жергілікті персоналды іріктеу және жалдау ережелері жайында егжей-тегжейлі сөз сабақтап, тәжірибесімен бөлісті.
Аз-кем үзілістен соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаиров баяндама оқып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуы, мемлекеттік құрылымдардағы тәртіптік практика мәселелері жайында пікір айтты. Әдеп кодексі-нің талаптарын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Оған қоса әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдарда жұмыс кестесін сақтау бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелерін баян қылды. Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Венера Масимова осы салада 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жүзеге асырылған жұмыстарды саралады.
Семинар-кеңеске қатысқан Казталов ауданы әкімі аппараты персоналды басқару бөлімінің басшысы Жұлдыз Жүсіпова осындай пайдалы іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуы керек екенін, өзінің кадр саясатына қатысты білімін тереңдете түскенін тілге тиек етті.
Мәрлен Мәлікұлы
zhaikpress.kz