Орал қаласының төріндегі «Атамекен» өнер ордасында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-композитор Күләш Қуанышқалиеваның авторлық кеші өтті. «Күләшпен ән саламыз» атты кеште сөзін жергілікті ақындар жазған, тыңдарманның өн бойын шымырлатар таңдаулы әндер орындалды.
Ең алдымен, «Серпер», «Жұбанов көктемі» атты халықаралық фестивальдердің лауреаты – Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен кеш иесі ақын Дариға Мұштанованың «Дала рухы» термесін орындады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – «Құрмет» орденінің, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов. Кейін сахнада Күләш Қуатқызы көрерменге деген сағынышы мен толғанысын жасырмай, сазгерін құрметтей келген дүйім жұртқа ризашылығын білдірді.
Күләш Қуанышқалиева — халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Қырғызстан Республикасының «Жыл адамы», «Сахна жұлдызы» медальдарының иегері. Ол Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет еткен жылдары «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің құрамында қазақтың ұлттық өнерін кеңінен насихаттау жолында тер төкті. Күләш Қуатқызының көпшілікке танымал «Немерем» әні Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың репертуарында ерекше орын алса, «Періште қанат», «Құрметтеу керек өнер адамын», «Сен бақытқа лайықсың», «Күзгі элегия», «Ескендір аға» сынды әуезді әндерін өнерсүйер қауым сүйсіне тыңдайды.
Ақ Жайық атырабын әнге бөлеген композитордың шығармашылық кешінде өңіріміздің өнер тарландары, жас буын әншілер бой көрсетті. Қазақстанға танымал өнерпаздар — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы Айгүл Қосанова, кеш иесінің өнердегі досы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ақбота Керімбетова да әншінің шашбауын көтеріп, мерейін асырды. Сондай-ақ концертте Абдул Рахметов, Дариға Мұштанова, Сәуле Қарабалина, Естай Рашқалиев, Шолпан Қыдырниязова, Ертай Бимұханов, Қуаныш Амандықов сынды облысымызға танымал ақындардың сөзіне жазылған әндер орындалды.
Айта кетейік, Күләш Қуанышқалиева — Ақжайық ауданының тумасы. Ол ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші Хатимолла Бердіғалиевтен дәріс алған. Жиында Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов әншінің туған жерінің сәлемін жеткізіп, алғысхат табыстады. Құттықтаулар легі облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкееваның лебізімен жалғасты. Гүлжанар Болатқызы өңірімізде мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген өнер иесіне сарқылмас қуат, шалқар шабыт тілеп, басқарма атынан алғысхат ұсынды. Сондай-ақ мәдени шара соңында кеш иесіне Сенат депутаты Арман Өтеғұловтың атынан ықылас гүлі берілді.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»