30.05.2023, 14:45
Оқылды: 41

Құлдықтан құтылған қарт: белгісіз біреулер зейнеткерді қайыр сұрауға мәжбүрлеген

10 жылдан аса уақыт қайыр сұрап, бейтаныс адамдардың қыспағынан кеше босап шыққан 66 жастағы әйел бар сұмдықты айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

AC8C189D-B0E0-4DC5-8B1B-CC0CB6BFD9FA

Тағдырдың қатал сынына ұшыраған қарттың көрмегені жоқ. Оның айтуынша, жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамастан далаға тастап, күнде «салық» салып отырған. Жоспарды орындамаған күні оңбай таяқ жеп, миына да зақым келген көрінеді.

Видео Алматыдағы базардың бірінде көпірде түсірілген. Бір қарағанда қайыр сұрап отыр дерсің, бірақ көмек сұраған қартқа қажеті ақша емес. Төсіндегі қағазға жазылған нөмірдің оған тіпті қатысы да жоқ. Бостандықты аңсаған әйелдің айтуынша, оны осы уақытқа дейін бейтаныс адамдар құлдықта ұстап, қорлық көрсетіп келген. Күнде қайыр тілеуге шығарып, айтқан соманы жинамаған кезде күш те қолданған көрінеді.

«Барлығын тартып алатын. Күні бойы жинаған ақшадан дым татырмайтын. Таңертең базар жақтағы көпірге қалдырып, кешке алып кетіп жүрді. Олар қалаған соманы жинай алмасаң, ит қорлық көрсететін. Оңбай ұрып, сұлатып түсіреді. Содан болар, есімді жөнді білмеймін. Құлдықта менен де басқа адамдар болды. Оларды қаланың басқа жағына тастайды», - деді жәбірленуші.

66 жастағы әйел қазір оңалту орталығында ем алып жатыр. Оны бейтаныс адамдардың қыспағынан еріктілер құтқарып алған. «Құлдықтан босап шыққан» қарттың жанашыр туысы, не іздейтін жақыны жоқ. Құжаттан да жұрдай. Көмек бергендердің айтуынша, арам пиғылдылар да осы қауқарсыздығын біліп, жоспарын іске асырған.

«Бір кісі келді. Бетін тұмшалап алған, басында орамал. Ол келді де «Апаны бермеймін. Ол біздікі» деді. «Сіз кімсіз?» деп сұрасам, ол келді де апаның төсіндегі телефон нөмірді жұлып алды. Сосын ол камераға түспейтінін айтты. Апаны бермеуге тырысты. Біз қарсыласып, алып кеттік», - деді  «Әділ» қайырымдылық қорының директоры Оксана Маралова.

Қайырымдылық қорының директоры бұған дейін құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда олар арызды қабылдамағанын айтты. Сондықтан түсірілім кезінде, полиция шақырдық.

«Арызын қабылдаймыз. Толыққанды тексеру жүргізіп, дене жарақатына қатысты тиіс сараптама тағайындалып, көрсетілген нөмір арқылы банктерге сұраныстар жіберу арқылы, оның кімге тиесілі және қанша қаражат түсіп отырғанын білеміз. Тергеу әрекеті толық аяқталған кезде, мәлімдеме беретін боламыз», - деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Мұхамедәлі Абдинаби.

Алақан жайып, қайыр тілегендерді базар маңындағы көпірден ғана емес, қаланың басқа жерінен де кездестіруге болады. Алайда олардың расында қандай көмекке мұқтаж екенін, екінің бірі сұрап біліп жатқан жоқ.

Айта кетейік, бүгінгі қоғамда өзгенің басына түскен қайғыны өзінің кәсіп көзіне айналдырғандар да бар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале