18.02.2026, 10:45
Оқылды: 13

Күміс мойнақ қамшы ұстап...

Ауылда өскен әрбір қазақ баласы атқа мінбес бұрын қамшыны қолға алады. Қазіргі уақытта қолға алмағанның өзінде үй төрінде ілулі тұратын осы бір бұйымның атауының нені білдіретініне аса назар аудара бермейді.

Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден  өріле беретіндіктен, әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтылатындықтан: «қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты» деген ғылыми тұжырымдар бар.

Қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінде әрбір бұйымның өзіндік орны мен маңызы бар. Солардың бірі – кәдімгі қамшы. Қамшы тек ат айдайтын құрал ретінде ғана емес, ол ер-азаматтың серігі, батырлық пен сес көрсетудің де белгісі  әрі ұлттық қолөнердің бір көрінісі.

99569938-a370-466e-ac2d-2513847389a3

Көшпелі өмір салтында жылқы ерекше орын алғандықтан, әр қазақтың қолында қамшы болған. Оны мал қайыруға, жол жүруге, қауіптен қорғануға қолданған. Бертін келе қамшы тұрмыстық заттан ұлттық мәдениеттің символына айналып, халқымыздың  өр рухын танытатын қасиетті бұйым ретінде  бағаланды.

Көркем еңбек пәні сабақтарында қамшының бөлімдерін және жасалу жолдарын таныстырудың тәрбиелік мәні зор деп санаймын. Өз сабағымда оқушылардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылықтарын арттырып, ата-баба мұрасын құрметтеуге тәрбиелеп келемін. Оның нәтижесі ретінде қалалық қамшы өру байқауларынан жүлделі I, II орындарды иеленген Исатай Әметов, Бейбарыс Бауыржанұлы сияқты шәкірттерімді атап өтуге болады. Сондай-ақ күнделікті сабақ барысында да қамшының құндылығын дәріптеуге көңіл бөліп отырамын.

Қамшы жасау – үлкен еңбек пен төзімділікті қажет ететін кәсіп. Оның сабы тобылғы, ырғай, қайың сияқты берік ағаштардан дайындалып, өңделеді. Ал өрімі иленген былғарыдан жіңішке таспалар тілініп, бірнеше қабат етіп өріледі. Өрім саны көбейген сайын қамшы берік әрі әдемі болады. Шеберлер күміспен күптеп, жас ерекшелігіне сай ою-өрнек салып, оны сәндік бұйым деңгейіне дейін қолданған.  Негізі, нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен жасалып, 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді әрі әдеміленіп, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше атаулары бар: ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы,  тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы деп аталған. Шеберлер бұл бұйымның басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салады. Осы қасиетіне орай, күміс мойнақ, жез мойнақ, сара ала мойнақ, ақ мойнақ қамшы деген түрлері бөлініп шығады. Қазақ ауылдары осындай тамаша бұйымды жасап шығаратын шеберлерді өрімші немесе қамшыгер деп ерекше қадірлейтін болған.   Бұл халқымыздың тұрмысқа қажетті заттарды әсемдікпен ұштастыра  білгенін  көрсетеді.

25167c2a-f85d-43d3-9542-fd4d240d68a0

Көркем еңбек пәні сабақтарында оқушылардың ұлттық қолөнерге қызығушылығы жоғары екендігін байқаймын. Олар қамшы өру арқылы  қол икемділігін дамытып, ұқыптылық пен шыдамдылыққа, ер-азаматқа  тән  қасиеттерге  үйренеді.

Қазақ халқында қамшыны ұстаудың өзіндік тұтыну және қолдану тәртібі, ережесі, тәрбиелік тағылымы, мағынасы, ырымды жолы, дәстүрлі салты бар. Қамшыны тұтынатын адам оң қолға, екі бүктеп ұстайды. Сол қолына ұстаса, «Ісі ілгері жүрмейді», «Бағы байланып, жолы жабылады» деп ырымдаған. Қазақ қамшының өрімін төмен қаратып ұстамайды, үйге сүйреп кірмейді, біреудің қасында қамшысын салақтатып ұстап тұру білімсіздік, көргенсіздік деп саналған. Жол сұрағандарға жол нұсқап, бағдар-бағыт көрсеткенде, сұқ саусағын шошайтпай, оң қолына екі бүктеп, қамшысымен нұсқап көрсетеді. Солай істегенде әдептіліктің, сыйластықтың белгісі саналған.

Қамшы – халқымыздың тарихы мен дәстүрінен хабар беретін құнды мұра. «Адал азамат» ұзақмерзімді біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеумен қатар әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі құндылыққа, құзыреттілікке бағдарланған тәсілдер арқылы іске асады. Халқымыздың көзіндей болған ең көне жәдігері қамшы мен қамшы өру өнері ұмыт болып бара жатқаны  жанға батады. Қазіргі ер балалар қолына қамшы ұстамайтынына қынжыласың. Сондықтан бес қарудың бірі де бірегейі саналған қамшыгерліктің ұлы өнер екенін ұрпағымызға ұғындырып жүрген дұрыс  деп  есептеймін.

 

Жанғазы  Хайролла,

№26 жалпы орта білім  беретін мектептің  көркем  еңбек  пәні  мұғалімі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале