Айсезім Әділханова, Орал қаласы:
– Наурыз айындағы «бес қонақ» та, мамыражай мамыр айындағы 2-3 күнге ғана созылатын «құралай салқыны» да өтті. Бұрынғының үлкендері «құралайдың салқыны» өтісімен, жайдары жаз толықтай күшіне енеді деп отырушы еді. Күннің қабағы қатулы, ауада суық ызғар бар. Бұлт шықса, жаңбыр жауады. Күні кеше бұршақ та жауды. Мамыр айы аяқталуға қалса да, күннің әлі жылынатын түрі жоқ. Жаз шықты деп арқаны кеңге салар күн болар ма екен? Жадыраған жаз мезгілінің алғашқы айы қандай болады? Қысқасын айтқанда, күн қашан жылынады?
Фотосурет: azattyq-ruhy.kz
Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК-ның БҚО бойынша филиал директоры:
– Осы басталған апта жаңбырлы болады. Өңір аумағындағы кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Ауа температурасы күндіз +15, +20 градустан аспайды. Түнгі ауа температурасы +5, +10 градус шамасын көрсетеді. Облыстың оңтүстік аудандарында (Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала және Тайпақта) күн райы +13 градусқа дейін ысиды. Мамырдың 30-31-і күндері және маусым айының бастапқы күндерінен бастап күннің қабағы ашылады. Мамырдың 24-25 күндері солтүстік-батыстан қатты жел соғып, оның жылдамдығы секундына 9-14 метрді құрайды. Күндізгі уақытта жел секундына 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Болжам бойынша алдағы маусым айында күн ысиды. Ауа райының орташа температурасы +22, +26 градусқа дейін көтеріледі. Мұны көпжылдық мәліметтермен салыстырар болсақ, бұл әдеттегі көрсеткіштен +2 градусқа жоғары. Маусымның бірінші онкүндігінде түнгі ауа температурасы +12, +24 градусты көрсетпек. Ал күндізгі ауа +30, +35 градусқа, кей жерлерде +38 градусқа дейін жоғарылайды. Маусымның екінші онкүндігінде түнгі температураның ауытқулары байқалмақ. Түнде +8, +13, +14, +19 градус болады. Күндізгі ауа +26, +31, кей жерлерде +37 градусқа дейін көтеріледі. Ал айдың үшінші онкүндігінде түнгі ауа +9, +14, күндізгі ауа +27, +32 градусқа дейін барады. Маусым айында жауын-шашын аз болады. Маусымның бірінші онкүндігінің соңында кей жерлерде күн күркіреп, жаңбыр жаууы ықтимал, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Үшінші онкүндіктің ортасында, яғни 24, 25, 26-сы күндері кей жерлерде бұршақ жауады. Облыс аумағында бірінші онкүндіктің ортасында және екінші онкүндіктің соңында қара дауыл тұрады.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz