«Күнделік» жүйесі арқылы 4 миллион оқушының жеке мәліметі тарап кеткен. Мұны Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Сурет: Tengrinews.kz
Электрон қызмет көрсетететін бірнеше отандық компания мәлімет жинау мен сақтаудан олқылық жіберген. Соның салдарынан ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған хакерлер «Күнделікке» күнделікті ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын видеолар жүктеп жатыр.
Сайыровтың айтуынша, арасында букмекерлік ойындарға үгіттейтін, одан қалса жалаңаштанған видеолар да самсап тұр. Сондықтан Бас прокуратурадан жыл сайын оқу-ағарту министрлігінің есебінен 800 миллион теңге бөлінетін электронды жүйені шұғыл тексеруді сұрап отыр.
«Сыртқы монополияның күшімен Қазақстанның барлық балалары, мұғалімдері мен атааналары мемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр. Соның ішінде этика мен ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын, жалаңаштанған, нәпсі мен ойынның жарнамасы көп», - дейді Ерлан Сайыров.