5.06.2025, 14:45
Оқылды: 145

Күнкөзілдірікті қалай таңдаймыз?

Сұрақ-жауап:

– Жаз басталса болды, күннің көзі шақырайып, көшеде көз ашу мұңға айналады. Күн көзілдірігін кимесең, көздің өзі шаршап кетеді. Бірақ дүкен мен базарда сатылып жатқан арзан көзілдіріктердің бәрі бірдей пайдалы емес дейді, кейбірі тіпті көзге зиян келтіруі мүмкін екен. Ал бағасы удай қымбат бренд өнімдерін алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Енді осы жерде сұрақ туындайды: сапалы, бірақ қалта көтеретін күн көзілдірігін қалай таңдаймыз? Қандай белгісіне қарап көзге қауіпсіз екенін білуге болады? Сондай-ақ шынымен де арзан көзілдіріктер көздің көру қабілетіне кері әсер ете ме?

Сапарғали Ғұбашев,

Орал қаласы

Оқырман сауалына жауап іздеп, қалалық №5 емханаға хабарластық. Аталмыш емхананың офтальмолог маманы Жазира Өмірзақ (суретте) төмендегідей ақпаратты ұсынды:

WhatsApp Image 2025-05-26 at 16.06.39

Күн көзінен қорғайтын қарапайым көзілдірік – сән үшін емес, көздің саулығын сақтау үшін қажет ең маңызды аксессуарлардың бірі. Алайда оны дұрыс таңдау – өз алдына бір ғылым. Бұл ретте окулист мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Сонымен, күн көзілдірігін сатып аларда неге мән беру керек?

  1. UV (ультракүлгін) қорғанысы – басты көрсеткіш Кез келген сапалы күн көзілдірігінде UV немесе UVA/UVB деген арнайы белгі болуы керек. Бұл таңба оның ультракүлгін сәуледен қорғай алатынын білдіреді.

Ең жақсы қорғаныс деңгейі – UV 400 немесе 380–400 нм деп көрсетілген түрлері. Мұндай көзілдіріктер ультракүлгін сәулелерден 100% қорғауды қамтамасыз етеді.

  1. Линза түсі мен реңі Көзілдіріктің түсі де маңызды. Жазира Жарасқанқызының айтуынша, қоңыр, жасыл, сұр және алтын реңді линзалар ең қауіпсіз және жайлы түстерге жатады. Олар күн сәулесін табиғи түрде сүзгілеп, көру қабілетін бұзбайды.
  2. Линза материалы: әйнек пе, пластик пе?
  • Әйнек линзалар – жоғары сапалы оптикалық қасиетке ие, кескінді бұрмаламайды. Алайда ауыр, сынғыш, жарақат алу қаупі бар.
  • Пластик линзалар – жеңіл, берік, және күнделікті қолдануға ыңғайлы. Бірақ оптикалық қасиеттері әйнекке қарағанда сәл төмен болады.
  1. Поляризация – қосымша жайлылық

WhatsApp Image 2025-06-05 at 15.38.26 (1)

Сурет: pexels.com

Поляризациясы бар көзілдіріктер жарық шағылысын азайтып, контрастты арттырады, нәтижесінде көз аз шаршайды, көру қабілеті анығырақ болады. Бұл әсіресе көлік жүргізушілер мен ашық алаңда жұмыс істейтіндер үшін таптырмас шешім.

Поляризация — бұл жарықтың белгілі бір бағытта таралуын сүзгілейтін қасиет. Қарапайым тілмен айтқанда, поляризация – жарықтың көзге кері әсер ететін шағылысқан бөлігін жоятын технология.

  1. Қайдан және қалай сатып алу керек?

Егер жоғарыда аталған талаптарға сай көзілдірік табылса – оны кез келген сенімді дүкеннен алуға болады. Ал егер көзіңізге арнайы линза қажет болса, оптика салондары арқылы тапсырыспен жасатқан дұрыс. Олар сіздің көру ерекшелігіңізге қарай бейімделіп жасалады.

  1. Сапасыз көзілдіріктің зияны

WhatsApp Image 2025-06-05 at 15.38.26

Сурет: pexels.com

Күннен қорғамайтын, сапасыз линзалар керісінше зиян келтіруі мүмкін. Мұндай көзілдірік қараңғы болғандықтан қарашық кеңейіп, ультракүлгін сәуле ішке еркін еніп, көздің торлы қабығын, жанарын (хрусталик) зақымдауы мүмкін. Нәтижесінде көрудің нашарлауына, көз ауруларының өршуіне себеп болады.

Қорытынды

Күн көзілдірігін таңдауда тек сыртқы түрі мен сәніне емес, денсаулыққа әсер ететін нақты сипаттамаларына мән беріңіз.

Көз – адам ағзасының ең нәзік бөлшегі. Сондықтан оған арналған қорғаныс құралы да лайықты болуға тиіс.

Дайындаған Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале