19.01.2022, 9:20
Оқылды: 432

Күншілдік синдромы

(тарихи-публицистикалық көзқарас)

Сөз басы

 «Жарқанат жек көреді күннің нұрын,

Күншілдің ұқсатамын соған түрін»

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 «Если  вы  нравитесь людям, то вы  хороши.

Если они ненавидят вас, то  вы –  лучший»

Жозе  Моуриньо

6596031F-5367-494E-93C6-D96A15801949

 Бүгінде екі қазақтың басы қосыла қалса, «біздің қазақ күншіл ғой» деп әңгімені тоқтаусыз «жіберетіні» ешкімге таңсық емес. Бұған сол екеуінің үшінші қандасын сыртынан табалап, күстәналап, сөге жамандағаны аздай, оны «жерге тығып» жіберетінін қосыңыз.

Екі әлсіздің қашанда бір күштіге, екі «жаманның» қашанда бір «жақсыға», екі қорқаудың қашанда бір арланға қарсы күш біріктіріп, тізе қосып қимылдайтын әдеті емес пе?!

Осы мәселе көтерілгенде өзіміздің алпыс екі тамырымызда да қазақтың қаны шымырлап ағып жатқанын ұмытып кетіп, басқа ұлт пен ұлыстың кемшілігін жіпке тізгендей еліріп, екіленіп кететінімізді қайтерсіз?!

Әрине, өткен тарихқа көз жүгіртсек, олай деуге негіз де жоқ емес сияқты. Әбілқайырды қапыда өлтіріп, Сырымды сыртқа тепкен, Абайды сабап, Біржанды «жынды» деп байлаған, Шоқан мен Ыбырайды арыздап, Ақан серіні қорлаған, Құрманғазы, Сейтек, Мәдиді абақтыға қамап, Исатай, Кенесарыны сатып кеткен, Махамбет, Жанқожаның ажа­лына жетіп, Шәкәрімді өлтіріп, құдыққа тастаған, т.с.с. тегеурінді дарындарды қорлаған өзге емес – өз қазағы.

Бұл тізімді одан әрі соза беруге де болады. Бірақ оның еш мәні жоқ. Қазақтан шыққан тарландардың жолы болғаны сирек. Тіпті жоқтың қасы.

Бір өкініштісі, бұл шетін мәселе халықтың ауызекі тілінде жиі айтылғанымен, Отан тарихы ғылымында әлі жүйеленіп, арнайы ғылыми тұрғыда сарапталып, зерттелмеген. Тиісінше, әлемдік ғылымда, соның ішінде өзіміздің теріскейіміздегі көршілерімізде бұл тақырыпты сан қырынан зерделеген бір­неше іргелі еңбектер бар екенін айта кету парызымыз (Шек, Гельмут. Зависть: теория социального поведения/ Пер. с англ. В.Кошкина под ред. Ю.Кузнецова. – М.: ИРИСЭН, 2010. – 544 с.; Исаева Е.Л. Семь смертных грехов: Наказание и покаяние. – М.: Рипол-классик, 2009. – 318 с.; Архангельская Л.С. Зависть в структуре отношений субьектов, испытывающих трудности общения: дис. канд. психол. наук: 19.00.05. – Ростов н/Д., 2004. – 222 с.; Бескова Т.В. Социальная психология завис­ти/– Саратов: ИЦ Наука, 2010. – 192 с.).

Әзірше ана тілімізде жазушы Немат Келімбетовтің «Күншілдік» атты хикаят-диалогынан басқа жарық көрген туынды жоқтың қасы. Аталған кітапта негізінен осы мәселені жан-жақты зерттеген, дүние жүзіне белгілі ғалымдардың тұжырымдары мен қазақ классиктерінің шығармаларындағы күншілдік тақырыбын ашатын мысалдар байланыстыра баяндалған

(Келімбетов Немат. Күншілдік. Хикаят-диалог. 2-басылымы. Алматы: Ата­мұра, 2010. –320 бет.).

Ал біздің бұл жолғы негізгі мақсатымыз - тарих, әдебиет, дін, философия, психология, т.б. ғылым салаларындағы әртүрлі дереккөздерді саралай отырып, аталған өзекті мәселеге тарихи һәм ұлттық мүдде тұрғысынан барлау жасау.

 1. Күншілдік дегеніміз не?

«Күншілдік – өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігіңді мойындаудан туатын құбылыс»

Бауыржан  Момышұлы

 

«Талант не любят, а гения ненавидят»

Никколо Паганини

 Күншілдік ұғымының қатып қалған ережесі жоқ. Бірақ оның адам бойындағы өте жағымсыз, өте жиіркенішті, өте аянышты нәрсе екені баршаға аян. Ғаламтордағы уикипедия мәліметінде: «Күншілдік – адам мінезіндегі көре алмаушылықты, қызғаншақтықты білдіретін жағымсыз қасиет. Күншіл адам өзгелердің қол жеткізген табыстары мен атқарған ісінің оң нәтижесіне қызғанышпен қарап, оларды жақтырмай, сыртынан өтірік өсектер таратады» (kk.m.wikipedia.org/wiki/Күншілдік) деп жазылған.

Осы мәселеге қалам тербеген зерттеушілердің тұжырымдары бойынша, қызғаныш пен күншілдік екеуі екі түрлі нәрсе. Жалпақ тілмен айтсақ, қызғаныш жалпы адамзатқа тән құбылыс. Ал күншілдік те қызғаныштан еш қалыспайтын, соның асқынған, жазылмайтын дертке айналған ең бір сорақы, анайы түрі.

Қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының: «Көреалмаушылық, іштарлық, күншілдік барлық пенделерде болады. Тек әркімде әр түрлі» деп айтқаны назар аударарлық.

 1.1. Ұлылар не дейді?

 Аса ірі діндар, философ Әбу Мұхаммад әл-Ғазалидың (1058-1111) айтуынша: «Біреуге айтылған алғыс пен білдіріп жатқан құрмет сенің құлағыңа ұнамай жатса, онда ол қызғаныш» (Имам әл-Ғазали. «Ихия-у Улумиддин /Дін ғылымдарының (қай­та) жандануы»/, Қызылорда, 2018. 5-том. 522-б.). Неге бұлай? Көреалмаушылық, іштарлық, қызғаныш сезімдерінің бастау бұлағы, түп қайнары қайда жатыр?! Адамзат неліктен осы бір жаман әдетке үйір?!

Әл-Ғазали заманынан бері мыңдаған жылдар өтсе де, қызғаныштың түп тамырымен құрып кетпегені белгілі. Құрымайды да. Өйткені жаратылыс заңының алдында пенделер еш дәрменсіз. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев бұл тақырыпты: «Мақтау мен масаттану – даусыз мойындаудың күнгей беті де, күндеу мен қызғаныш – көлеңке беті», «Қызғаныштың қызыл иті алыста жүріп ұлыса, жүрегіңді сыздатады, жақындаса, балтырыңды қанатады» деп қорытса, даңқты ақын Қадыр Мырза Әли «Қызғаныш» деген өлеңінде:

«Қайсар бол,

Бол, немесе, кесір мейлі.

Кей туыс өшірмесе,  өсірмейді.

Жоқ сенің зияның да,

Бірақ, бірақ

Жер басып жүргеніңді  кешірмейді.

Өмірдің жас кезінде  қызған әні,

Жастықтың арқасында  із қалады.

Ат мінсең,

Кей ағайын,

Күші түгіл,

Түсін де тұлпарыңның  қызғанады.

Аузыңа ала көрме  қос соғымды!

Қас түгіл,

Көре алмайды дос соныңды.

Кей бауыр

Сөз қылады

Еңбегіңе

Лайық артық тапқан  бес сомыңды.

Өзінен бұдыр тауып  тегісіңнің,

Көзіме айтылыпты  көбі сынның...

Кей жақын қимайды екен,

Басқа түгіл,

Бір елі биіктігін кебісіңнің!...» (Мырза Әли Қадыр. Таңдамалы туындыларының көп томдығы, – Алматы: «Қазығұрт», 2001, Т.6.364-б.) деп, күйкі тірліктің күйбеңінен шыға алмайтын пенделік психологияның нәзік иірімдерін ашып көрсетеді.

Ал әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдар мұның негізгі сырын адамзаттың табиғи болмысынан  іздейді. «Адам өз жаратылысынан эгоист, ешкім де толық ізгілікті бола алмайды» (Никколо Макиавелли). Мұндайда қазақтың «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегені еске түседі. Ал шектен шыққан өзімшілдік күншілдікке тура тартатын тіке жол десек, еш қателеспесіміз анық.

Данышпан Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «...өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады..., һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік­ті бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды» (Қанапиянов Б., Хабдина Б. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Шығармалары. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2019, 429-б.) деп тереңнен толғаса, «Әсемпаз болма әрнеге» деген  өлеңінде:

«Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма езбеден» (Қанапиянов Б,. Хабдина Б. Көрсетілген еңбек. 162-б.) деп, өзгеден сәл ерекшеленудің пендеге еш пайда, абырой әкелмейтінін, одан тек оның опық жейтінін әшкерелеп, бүгін біз көтеріп отырған мәселенің  мәйегін  аша  түседі.

Адамның жан дүниесі һәм ой-санасымен тұрақты айналысатын психолог мамандар кез келген сәби өзімен бірге ойнап отырған баланың ойын­шығын, өзінікі емес екенін біле тұра оны «менікі» деп иемденгісі келетіні кездейсоқ емес дейді. Сол сияқты нәрестенің өз анасын басқа бауырларынан қызғануы да табиғи заңдылық.

Өсіп келе жатқан бүлдіршінді үйдегі немесе түздегі басқа балалармен  салыстырып, оны олардан «төмен санап» кемсіту жас өскінге ауыр тиетінін және мақтауға іліккен «өзінен жоғары» басқа балғындарды оның қаршадайынан жек көріп өсетіні ғылымда дәлелденген. Қысқасы, мұның бәрі адамзаттың жаратылыс психологиясымен астасып, біте қайнасып жатыр.

Әйгілі австриялық психолог Зигмунд Фрейд «қызғанышты өшпенділік», яғни, мүмкіндігін қапы жібергендердің ішкі ашу-ызасы – адамзат дамуының негізгі факторы саналады деген қорытындыға келсе, британдық психоаналитик Мелани Кляйн: «Қызғаныш – адам өмірінің бірден-бір қозғаушы күші» деп, осы ой-пікірді мақұлдайды.

Иә, бағзы заманға көз жүгіртсек, әлем тарихына қозғау салған ұлы тұлғаларда қызғаныш дертінен сау болмаған тәрізді. Айталық, Абайдың «Ескендір» поэмасы:

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен,

Македония шаһары оған мекен.

Филип патша баласы ер көңілді,

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен» деп басталатынды (Қанапиянов Б., Хабдина Б. Көрсетілген еңбек. 264-б.).

Өмір – тартыс! Өмір – бәсеке! Өмір – егес! Оларсыз өмірдің еш мәні болмас еді. Қоғам алға еш қозғалмас еді. Қолына таяқ ұстап, үстіне тері жамылып, аң қуалап жүр­ген «епті адам» ғарышты меңгерген бүгінгі деңгейіне көтерілмес еді.

Сондықтан күллі жаратылыс һәм болмыстың сырын адамзат дүние жаратылып, су аққалы іздеп, таба алмай келе жатыр. Мұның сыры тек Ұлы  Жаратқанға  ғана  аян.

Адам баласының бойында кездесетін осы бір жағымсыз мінез туралы ғалымдардың ой-пікірлерін ислам және христиан дініндегі тәпсірлер одан әрі ширата түседі.

Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 50-аятында «Егер саған бір игілік жетсе, олар оны жек көреді. Ал  егер саған бір қайғы жетсе: «Ісімізді бұрын ыңғайлап алған едік» дейді де олар сүйініп қайтады» (Аударған: Халифа Алтай. Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі. Шарапатты екі харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран шәриф басым комбинаты. Почта құтысы 3561 Медине мұнаууара Сауд Арабия, 1991 жылында басылды, 195-б.) деп жазылған.

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Ешбір адам үш нәрседен: бал ашу, көреалмаушылық пен күдікті ойдан құтыла алмайды», «Ойлаған істерің сәтті аяқталсын десеңіздер, оны жасырыңдар! Себебі әр игілік иесінің өз күншілі (көреалмаушысы) бар» деген хадистері мен Киелі Кітапта (Библияда) жазылған «Пендемен бірге туатын жеті күнәнің алғашқы екеуі – күншілдік пен қызғаныш» дегеннің арасында өзара үндестік барын байқамау мүмкін емес.

 1. 2. Күншілдіктің көрігі қай жерде қызады?

 Ақиқатқа тура қарасақ, қызғаныш пен күншілдік – қарапайым жандардың күнделікті әлеуметтік-тұрмыстық өмірінен бастап, ел басқарудың түрлі-түрлі сатысында жүрген белгілі саяси тұлғалардың, боқ дүниенің соңына түскен тойымсыздардың, өнер мен мәдениеттегі шашасына шаң жұқтырмас майталмандардың, ғұмырын кітап кеміруге арнаған оқымыстылардың, т.с.с. яки, барлық өзекті жанның өмірінде кездесетін жайт.

Зерттеушілер әдетте қызғаныштың қызыл отыны тым жақын араласатын адамдар, яки, қатар жүрген жандардың арасында ерекше өршіп, жалындап жанатынына назар аударады. Мәселен, бұлар ағайындылар, жерлестер, достар, әріптестер, серіктестер, бәсекелестер, т.с.с. болып жалғаса береді.

Күнделікті өмірде бірін-бірі жиі көретіндіктен, олардың мүдделері мен қызығушылықтары үнемі түйісіп, соның салдарынан ондай адамдардың арасындағы қарама-қайшылықтар мен талас-тартыстар һәм психологиялық шарпысулар жиі көрініс береді екен. Бір жағынан оған таңғалуға да болмайтын сияқты.

Біздің қазақта жиі айтылатын «Ағайын бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды», «Өз жұртың күн­шіл, қайын жұртың міншіл, нағашы жұртың сыншыл», «Ағайын әбден жау, туысқан түптен жау», «Табалдырықтан биік тау жоқ, ағайыннан асқан жау жоқ», «Ағайының барда «дұшпаным жоқ» деме, Абысының барда «күндесім жоқ» деме», «Жаман ағайын күншіл, Жақсы ағайын сыншыл», «Күндестің күні де күндес, Күлі де күндес», «Ағайын барыңда аузыңды жалайды, Жоғыңда желкеңнен қарайды», «Алыста жүрсе, кісінескен ағайын, Жақында жүрсе, тістескен ағайын», «Туысы жаман туғанын жамандайды», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Біреудің біреу бағын көп көреді, Біреуді біреу алдап жеп келеді» деген тәмсілдер өмірлік  тәжірибеден  алынған.

Осыдан сақтанған дана халқымыз ағайынның ауыз­бірлігін сақтау үшін «Ағайынмен алыстан сыйласқан жақсы», «Ағайынды жамандап, туғанды қайдан табарсың», «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Ағайының көп болса, бірлігі оның бек болса», «Жақындық қадіріңді кемітер», «Туғаныңмен туыспасаң, Кең дүниеге сыйыспассың», «Тегі бірдің намысы бір», «Түбі бір түртпейді», «У ішсең –  руыңмен», «Ағайын тату болса, мал көп, абысын тату болса, ас көп», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», т.б. нақылдарға терең мән беріп отырған.

Осы жүлгемен жүре келе күншілдік синдромының табиғатын аша түсетін ерекше назар аударарлық маңызды мәселеге одан әрі тереңдей түссек. Мырза Құдай бар мейірімін төгіп, жарата салған, жаны таза, ерекше жаратылған жайсаң жандардың туған топырағында, яғни, тума-туыс пен ауылдас ағайынның арасында онша қадірі болмайтынын ұлы ойшылдар әлдеқашан-ақ жүрегінен өткізген. Қазақтың Көмекей әулиесі атанған кемеңгер Бұқар бабамыздың:

«Ер жігіттің қадірін,

Ағайын емес, жат білер» (Мағауин М., Байділдаев М. Ай, заман-ай, заман-ай...(Бес ғасыр жырлайды. 2 томдық, - Алматы, 1991. – Т. 1. 89-б.) деуі, әрине, кездейсоқ емес-ті.

Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

«Жақсы болсаң, жау болар өз ауылың,

Жаман болсаң,  жат  болар   өз  бауырың» немесе

«Жақсыны  өзі  болған   көре  алмаған,

Өрт қойып жан-жағынан қамаласқан» (Мағауин М., Байділдаев М. Көрсетілген еңбек. – Т.2. 241-б.) десе, испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан «Ақыл қалтасы» деген еңбегінде осы ойды: «Туған жеріңнің кейде өгей шеше болатыны кездеседі, данышпандар да бұл жағдайды талай басынан өткізген, туған жерде бірге өскендердің қызғанышы басым, жерлестерің сенің шыңға шыққан биігіңді көрмейді, жас кезіңдегі кемшіліктеріңді бетіңе баса береді» (Кемел Мырзагелді. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт»  баспасы, 2013, 101-177-бб.) деп толықтыра түседі.  

Соңғы аттары аталған екі ірі ойшылдың екі түрлі ғасырда өмір сүріп, екі түрлі ортада өсіп-өніп, екі түрлі мәдениеттің өкілі болғанына қарамастан, олардың айтқандарынан бұл қасиеттің жалпы адамзатқа тән ортақ нәрсе екенін ұғу аса қиын емес. Жақсылардың туған топырағында онша қадірлі болмайтынын білген қазақ мұны қос ауыз сөзге сиғызып, «Ауылдағының аузы сасық» немесе «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп тұжырған.

Адам өміріндегі келесі бір үлкен әлеуметтік орта – достар әлемі. Бұ жөнінде халқымыздың өзіндік таным-түсінігі мен парасат-пайымы бар. Мәселен, қазақ халқында «Жаман дос: Озып бара жатсаң, етегіңді басады, Қалып бара жатсаң, қасыңнан қашады», «Дос көп болмайды», «Ақылсыз достан ақымақ дұшпан артық», «Алыстағы дұшпаннан аңдып жүрген дос жаман», «Бір дос бар қалтадан мал шыққанша, бір дос бар мұрыннан қан шыққанша, бір дос бар кеудеден жан шыққанша», т.с.с. деп келетін іркес-тіркес даналық сөздер жетіп артылады.

Бұдан достың да досы бар екенін ұғуға болады. Жалпы ірі дарындарға дос табудың оңай емес екенін ұлы ойшыл Абай Құнанбаев 1901 жылы жазған өлеңінде:  

«Туысқаның, достарың –   бәрі  екіұшты,

Сол  себепті  досыңнан  дұшпан  күшті.

Сүйсе –  жалған,    сүймесе – аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?!» (Қанапиянов Б., Хабдина Б. Көрсетілген еңбек. 244-б.) немесе

«Көңілім қайтты  достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?» (Бұл да сонда. 25-б.),-деп жырласа, отты ақын Мағжан Жұмабаев өз ойын мына өлеңі арқылы аңғартқан:

«Ақында  адамзаттан  дос  болмайды,

Жалғыз-ақ сыр сөйлейді қаламына» (Жұмабаев Мағжан. Сүй, жан сәулем. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Атамұра, 2002, 192-б.).

Ал мұзбалақ Мұқағали Мақатаев:

Шыныменен дос жоқ-ау,

Дос жоқ менде.

Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!

Осылай  бір  байламға келдім  бүгін,

Қарадым да сүйіскен қос кептерге.

Менде арамдық жоқ еді алабөтен,

Доссыз өмір жалғанда қараң екен.

Қақ жарылған қауымға қайран жүрек,

Қашан ғана қаңырап қалар екен?! (Мұқағали. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: «Қазақпарат», 2013, 258-б.) деп ағынан жарылған-ды.

(Жалғасы бар)

Жаңабек Жақсығалиев,

М.Өтемісов атындағы Батыс  Қазақстан университетінің доценті,

тарих  ғылымдарының кандидаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале