(тарихи-публицистикалық көзқарас)
(Жалғасы. Басы газеттің №7, 12-сандарында)
Осы бір тереңнен ойластырылған зымиян саясат бірте-бірте өзінің жемісін бере бастады. Алдымен патша өкіметі ел басқарушы саяси элита – ақсүйектердің арасына от тастады. Бұл ретте Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюев ерекше көзге түсті.
Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүз сұлтаны Қырық сан Барақтың арасындағы саяси текетірес шегіне жетті. ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ хан-сұлтандарының ішінен суырылып шыққан ең азулы екі билеуші бірінен соң бірі құрбандыққа шалынды.
Қазақ даласындағы Әбілқайыр ханның асқақтаған даңқын көре алмай, қызғаныштың құлына айналған, оның үстіне орыс ұлықтарының астыртын айтақтағанын сезбей, қолы қанға малынған сорлы сұлтанның өзінің не істеп, не қойғанына дер кезінде есеп бере алмағанын мынадан-ақ байқауға болады: «Ол билеуші болса, мен де билеушімін. Бір-бірімізге не істеп, не қоятынымызды өзіміз білеміз. Ол Бөлекей-Қоян тұқымы болса, мен Тоғым-Шығай тұқымымын.
Оның бізбен таласар не жөні бар? Біздің әулеттің олардан абыройы кем бе? Атағы кем бе?» (КРО-1. С.427).
Нақ осыған ұқсас екінші дерек. Қазақ игі жақсыларына шен-шекпен, орден-медаль, сый-сияпат үлестіруде отаршылдардың өзіндік мақсаты – олардың арасына өшпенділік отын үздіксіз маздату еді. Сөз жоқ, бұл өзінің оң нәтижесін берді.
Оның дәлелі мұқым қазаққа мәшһүр Орта жүздің атақты биі Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлының атақты батыр Жәнібек Қошқарұлының тархан атағын алғанын іштей ұнатпай, оның үстінен Орынбор басшысы И. И. Неплюевке шағымданып жазған хатында: «Аллаға шүкір, менің жасым да, ата-бабам да, сондай-ақ таңбам да Жәнібек тарханнан үлкен һәм атақты. Өзім, балаларым мен бауырларым аман-сау болса, ұры-қарыларды тоқтатуда Жәнібек тархан екеуміздің қайсымыз жақсы екендігіне өзіңіздің көзіңіз жетпек» деген еді. Бұл құжатты Мәскеу архивтерінен тауып, ғылыми айналымға тұңғыш рет тартып отырған тарихшы Жәнібек Исмурзин.
Байқаған жанға Барақ сұлтан мен Қазбек бидің хаттарының мазмұны өте ұқсас. Бұдан сол тұстағы қазақ қоғамында қалыптасқан түсінік бойынша ел басқару ісіне араласқан белгілі тұлға, халық арасында өзінің ата-тегінің ел-жұртқа сіңірген еңбегі, абырой-беделімен ғана бағаланып, құрметтелетіні тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Ең бір өкініштісі, ұлт саяси элитасының бірінің үстінен екіншісінің патша үкіметіне шағым түсіруі қазақ ішінде күнделікті өмір салтына айналып, отаршылдар жүргізген жымысқы саясат ақырындап өзінің жемісін бере бастады.
Бұқар жыраудың Бөгенбай дүниеден өткенде Абылай ханға:
«Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек –
Ормандай көп Орта жүз,
Содан шыққан төрт тірек» (Мағауин М., Байділдаев М. Ай, заман-ай, заман-ай...(Бес ғасыр жырлайды. 2 томдық, – Алматы, 1991. – Т. 1. 100-б.) деп жоқтағанын білеміз.
Жоғарыда келтірілген тарихи дерек ормандай көп орта жүздің төрт тірегіне айналған алып тұлғалардың арасына сына қағылып, олардың «базары тарқай бастағанын» байқатқандай.
Қынжыларлығы сол, мұндай мысалдар сол заманның тарихында жетіп артылады. Соның бірі – Ресей патшасының Орынбор губернаторына жіберген мына жарлығы: «Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіретіндей іс ойластырып, оған «бақталас» болатын мансапқор біреуді іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн» (Қазақтың ханы – Абылай: дәуірі, өмірі мен қызметі. – Алматы: Ел-шежіре ҚК. – 2011. – Т.2. – 388-б.).
Кіш жүз ханы Әбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан ажал құшқаннан кейін Кіші жүзде екі хандықтың орнауы: Әбілқайырұлы Нұралы хан мен Қайыпұлы Батыр хандардың, Есім Нұралыұлының Сырым Датұлы бастаған көтерілісшілер қолынан жан тапсырғанын былай қойғанда, Нұралыұлы Қаратай сұлтанның патша үкіметі бүйрегі бұрған Айшуақұлы Жантөре ханды жайратуы, Кіші жүз хандары Шерғазы Айшуақұлы мен халық хан көтерген Арынғазы Әбілғазыұлының арасындағы өзара қырқыс, Қаратай сұлтанның Шерғазыны хан ретінде мойындамауы, Патша үкіметінің Кіші жүзді екі хандыққа бөліп, тарқатып айтсақ, Кіші жүзде Шерғазыдан бөлек Ішкі Орданы құрып, Нұралыұлы Бөкейді хан деп тануы, Орта жүзде Абылай ханның ұрпағы Уәли ханның тірісінде Барақұлы Бөкей сұлтанды патша өкіметінің екінші ханы етіп бекітіп, Орта жүзді екі хандыққа бөлуі, т. с. с. жалғаса береді (Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 768 бет.; Мұқтар Ә. Тарих тұңғиығындағы тұлғалар (ХYІІІ-ХІХ ғғ.). – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. 240-б.; Ахмет А. Қаратай хан. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. 176-б.;Ахметова Ұ.Арынғазы хан (1786-1833). – Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС, 2004. 168-б.).
Сөйтіп, қазақтың ел тізгінін ұстаған ірі тұлғаларының арасына енген алауыздық қазақ қоғамын осылай іштен жегі құрттай жей бастады. Ол аздай, уақыт өте келе бұл саясат ел билігінің төменгі буындарына тәжірибе ретінде енгізілді.
Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М. М. Сперанский Ресей патшасы І Александрға жазған хатында: «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Шеге қақсаң, кірмейді, балталасаң, жарылмайды, ал өз-өзіне соқсаң, быт-шыты шығады. Қазақтарды дәл осындай әдіспен құрту керек» деп жазды.
2.2. Қазаққа алауыздық қайдан келген?
Қазақ жерінің отарлану тарихын ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият саралаған ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Патшалық Ресей саясатының негізінде қазақ даласында аумақтық болыс сайлауының енгізілуі – қазақ болмысы үшін аса зиянды болды. Себебі бұл – ағайын арасын бүлдіруді, ел тыныштығын бұзуды көздеген саясат еді. Солай болды да. Қазақ мінез-құлқы бұзылды, елді алакөздік пен парақорлық жайлады... Патша үкіметіне қазақтың ыдырағаны керек болды. Бірнеше рудан тұратын аумақты бір сайлау округіне біріктіру – әдейі жасалған қитұрқы әрекет еді. Мұны – жабайыларды жабайының қолымен тұншықтыру дейді. Яғни жаңа болыстық жүйе қазақты қазаққа айдап салды. Ауылдар өзімен-өзі ит болып таласты да кетті. Партия-партия, ауыл-ауыл болып таласты... Төбелес үлкен рулардың арасында емес, қойы қоралас, өзен-бұлағы жағалас төменгі рулар мен ағайын арасында болды. Оларды шағыстырып қойды» (Мырзахметов Мекемтас. Қазақтың мінез-құлқы болыс сайлауында бұзылды.// Абай-Ақпарат. 19 тамыз, 2013 жыл).
Осы ойды одан әрі сабақтаған Ақселеу Сейдімбеков, отарлаушылар жүргізген «бөліп ал да, билей бер», «сексеуілді сексеуілмен соғып сындыру» саясатының жемісін былайша түйіндеді: «Даланың этносты тұтастандырғыш заңының, ұлтты біріктіргіш дәстүрінің шырқы осылай бұзылуы мұң екен, кешікпей-ақ өзінің жағымсыз нәтижесін көрсете бастады. Бара-бара Абайды сабап, Шоқанын сүріндіріп, Махамбетін қылыштап, Мәдиін ататын күйге жетті» (Тарақты А. Ауызша тарихнама.// Мына жинақта: Қазақ. «Білім», 1994, 45-б.).
ХІХ ғасырдағы қазақ тарихында алдымен ауызға түсетін ірі тұлғаларымыз – Ш. Уәлиханов, М. С. Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаевтардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне назар аударған жан сол кездегі қазақ қоғамының ішкі ынтымағынан айрылып, ауыр дағдарысты бастан өткізгеніне көз жеткізеді.
Оларды жерлестері мен бақталастарының сүріндіруге ұмтылғаны, үстерінен домалақ арыздарды қарша боратуы, ол аздай Абайдай алыпқа қамшы үйіруі, т.с.с. бастарынан өткізген сұмдық нәрселер – соның анық дәлелі.
Айталық, Ыбырай Алтынсарин басы даудан арылмай, өзінің ауылдас ағайындарының арыз-шағымдарынан туындаған сан түрлі жаламен арпалысып, өмірін өткізді. 1883 жылы «Мұсылмандық тұтқасы» атты еңбегі жарық көргеннен кейін дүмше молдалардың жойқын шабуылына ұшыраған белгілі ағартушы-педагог:
«Аласы ағайынның алаңдатты,
Көре алмай көп ішінен жамандатты.
Шоқынды, кірес тақты, кәпір болды деп,
Келгенін аузына айтып бақты
Надандық қандай қызық қарап тұрсаң,
Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.
Бабын қалай табасың бұл қазақтың,
Басқа тебеді жаныңды құрбан қылсаң» (Оспанұлы Серікбай. Ыбырай Алтынсарин хаттарын қайта оқығанда. //Егемен Қазақстан, 11 наурыз 2016 жыл) деп күйініпті.
Ұлт мақтанышы Шоқан Уәлихановтың да өз замандастарынан көрген қиянаты мен құқайы аз емес-ті. Ұлы ғалымды замандастарының әшкерелеп жазған арызында есеп жоқ. Патша үкіметінің далалық ұлықтары жергілікті билікшілердің астыртын араласуымен көрнекті тұлғаны қаралаудың небір қитұрқы тәсілдерін қолданды.
Тарихи әдебиетте 1862 жылы Атбасар дуаны бойынша аға сұлтандыққа сайлауға түскен Шоқан Уәлихановты найманның Бағаналы руының болысы Ерден Сандыбаевтан жеңіліп қалғандығы туралы пікірдің бар екені рас.
Десек те ақиқат үшін айтуға тиіспіз, ғылыми айналымға тартылған Омбы мемлекеттік архивіндегі құжаттар аталмыш сайлауда Шоқанның басым дауыспен жеңгендігін, алайда оның денсаулығының сыр беруіне байланысты аға сұлтандықтан өзінің бас тартқандығын дәйектейді.
Бар-жоғы отыз жасында о дүниелік болған Шоқанның жұмбақ тағдырына ұқсас тағы бір қазақтың үлкен ғалымы – Мұхамед-Салық Бабажанов. Халықтың «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» дегенінің өзі айтулы дарын туралы көп жайды аңғартса керек.
Уақытында С. Бабажановтың қызмет бабымен тез көтеріліп бара жатқанына іштері күйген патша шенеуніктері мен бәсекелестері оның сыртынан да үсті-үстіне «арзу хаттар» ұйымдастырып, небір сұмдық жалалар жапқан-ды.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы 1890 жылы жазған өлеңінде:
«Танымадық,
Жарымадық,
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі» (Қанапиянов Б., Хабдина Б. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Шығармалары. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2019, 110-б.) деп ашынған-ды.
Осы орайда Шәкәрім қажының: «Ибраһим дейтін хакім, данышпан кісі еді. Әттең, туған жері қазақтың іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді, қор елде туды, қор болып өлді» (Сейсенұлы Д. Шәкәрім: – Алматы: «Қазақстан», 2008, 8-б.) деп налығанын айта кеткеннің еш артықтығы жоқ.
Қазақ мемлекеттілігі құлдилауға (деградацияға) ұшыраған кезеңдегі тарихи тұлғалардың тағдыры сол алмағайып заманы сияқты айқыш-ұйқыш, қым-қиғаш, аласапыранға толы.
Тарихшы Х. Әбжановтың «Ендігі жерде бар ауыртпалық дәстүрлі, бірінші кезекте шығармашылық элитаға түсті» деуі кездейсоқ емес-ті (Әбжанов Х. Рухани жаңғыру және ұлттық тарих. – Алматы: ИП «Уатханов А.Ф.», 2020, 119-б.).
Әділдік пен теңдік үшін һәм туған халқының мұраты жолында бойындағы бар талантын сарқа жұмсаған ұлт асылдары – Құрманғазы Сағырбайұлы, Мұхит Мерәліұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы, Сейтек Оразалыұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Мәди Бәпиұлы, т.б. қай-қайсысы да тағдырдың теперішін көріп, ағайынның алакөздігі, жер аудару, абақтыға қамалу, дамылсыз қуғын-сүргінмен өмірлерін өткізген-ді.
Сөйтіп, отаршылдық заманда Алаш үшін атойлап атқа қонған оғландарды ендігі жерде өз ағайындары омақаластыруға кірісті. Мұның сыры дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі бірлігінен жұрдай болып, бассыз қалған денедей күй кешуі еді. Осының дәлелі – ХУІІІ-ХІХ ғғ. ұлт-азаттық күрес көсемдерінің трагедиялы тағдырлары.
Мәселен, дүбірлі даңқы алшыннан әрі асып, алаштың құлағына іліккен Сырым Датұлындай сайыпқыран өмірінің соңғы жылдарында Хиуаға қуылып, кейін сонда уланып өлді (Қ. Мұханбетқалиұлы. Сырым Датұлы. Толықтырылған, екінші басылымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010, 74-б.).
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс кезінде дала элитасы қақ айрылып, екіге жарылды. Соның бір анық көрінісі – шешуші сәтте қазақтың бибатырларының одан бөлініп кетуі. Сайып келгенде оның қырғыздардың қолына түсіп, жантүршігерлік азаппен өлтірілуі (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, «Санат», 1994, 315-339-бб.; Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан, 1993, 36-57, 78-88 бб.).
Жазалаушылардан шегініп, қаша ұрыс салып бара жатқан Тайманның ұлы Исатайды да ту сыртынан аңдып жүріп, бірі арқасына, екіншілері қолына жармасып, ата дұшпанына атуға ыңғайлап берген тағы сол – өз қазағы (Сарай Ә.Исатай-Махамбет тарихы. – Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, 2012, 416-б.).
Сол сияқты Махамбет Өтемісұлын жақын туыстары жабылып жүріп өлтіріп, басын кесіп алса (Сарай Ә. Көрсетілген еңбек. 465-б.), қарт батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы да патша өкіметіне қызмет еткен жергілікті жандайшаптардың қолынан мерт болды (Кекілбаев Ә. Үш белес. Көсемсөздер. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001, 84-85-бб.).
«Ел ауада» «қарадан шығып, хан болған» Сейіл (Сейілмұхаммед) Түркебайұлын да патша әскеріне ұстап берген өз ағайындары деген ел ішінде әңгімелер бар. Осылай қолға түскен көтерілістің әйгілі көсемдерінің бірін Орал түрмесінде жендеттер сотқа дейін аяусыз жазалап, кейін өлтірген-ді (Турсунова М.С. Казахи Мангышлака во второй половине ХІХ века (Вопросы социально-экономической и политической историй). Алма-Ата, «Наука» КазССР, 1977, с.69).
Заманына налыған Нысанбай жырау:
«Кімнен қазақ жегендей,
Біздің қазақ баласы,
Алдырып жүрген дұшпанға
Өзді-өзінің аласы» (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. –
Алматы, «Санат», 1994. 283-284 бб.) деп, бірін-бірін табалап, бір-бірімен итше ырылдасып, бірін-бірі талап жеп жатқан қазақ қоғамының ішкі зарын сыртына шығарды.
2.3. Күншілдік қазақтың қанында бар ма?
Бүгінгі біз көтеріп отырған тақырыптың тарихи мәнін ашуда Әбіш Кекілбаевтың:
«...отаршыл саясат қай ұлттың болмасын өз ішіндегі қайшылықты шебер пайдаланатыны белгілі. Көп ғасыр бойына көшпелі мал шаруашылығын үрдіс еткен елдің жинақы отыра алмағаны рас. Әр қайсысы әр пұшпақта шашырап жүріп, отырықшы елдердегідей бір-бірімен мидай қайнасып, араласып кете алмағаны тағы белгілі. Сондықтан да, оның бойында қоныстық, тектік жіктелудің жік-шекарасы әліге дейін анық сайрап тұр. Патша да, кеңес диктатурасы да бұл сипатты шебер пайдаланды. Біреуі аталастыққа қарап ауыл, болыс, уезд құрды, жүзіне қарап әр қайсысын әр губернияға бағындырды. Екіншісі тап сол қағиданы басшылыққа ала отырып, колхоз, совхоз, аудан, облыс құрды, кадр іріктеді. Қазақ екеуінің тұсында да «бір-біріне көз алартудан», «бір-біріне айдап салушылықтан» арыла алмады» (Кекілбайұлы Ә. Азаттықтың ақ таңы. – Алматы, 1998, 256-б.) деген пайымына тереңірек үңілсек, қазақ қоғамындағы жікшілдіктің негізгі сыры оның ата кәсібі мен тұрмыс-тіршілігінде жатқандығы және оның отаршылдар келгенге дейін де халқымыздың бойында болғандығы емеурінмен айтылған.
Біз мынаны түсінуіміз керек. Қай халықтың болмасын тек өзіне тән әдет-ғұрыптары мен мінез-құлқы оның кәсібі мен тұрмысынан туындайтыны белгілі. Көшпенділердің психологиясы мен философиясы отырықшылармен әсте салыстыруға келмейді.
Сондықтан мәселеге осы биіктен қарап, осы тұрғыдан келгенде ғана еш қателеспеуіміз мүмкін. Қазақтың тұмса табиғатын көшпенді экономикаға негізделген көшпенді өмір мен көшпенді психология тізбегі қалыптастырған-ды.
Осы орайда тағы бір ерекше назар аударарлық маңызды нәрсе, аз еңбек етіп, көп өнім алатын көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан бабаларымыздың бос уақыты мол болған-ды.
Бір қызығы, Қазақ даласына саяхат жасаған шетел зерттеушілері уақыты көп адамның сөзге үйір келетініне өз жазбаларында айрықша тоқталған.
Сол сияқты патриархаттық отбасылық қатынастарға негізделген тұрмыс-тіршіліктен туындайтын ерекше қасиеттерді ұлтымыздың бойынан әлі анық байқауға болады.
Мәселен, дәстүрлі қазақ қоғамындағы жер дауы, жесір дауы, полигамиялық отбасылық қатынас, қылмыс пен құн дауы, мал дауы, барымта мен қарымта, ру араздығы, т.с.с. халықтың ішкі бірлігіне сызат түсірмеді деп айту қиын.
Қазақтың тұрмыс-тіршілігін зерделеп жүрген қаламгер Ахмет Жүнісов халқымыздың бағзы замандағы дәстүрлі өмір салтындағы күндестіктің түрі бесеу екеніне тоқталады:
Осы бағыттағы ой-байламды тарих тақырыбына қалам тербеп жүрген тарихшы Берік Әбдіғалиұлы былайша тереңдете түседі: «Кейбір тарихшыларды оқысақ, патша заманында орыс басшылар болыстар мен сұлтандарды сайлау кезінде сондай әдісті әдейі қолдап, қазақтарды бір-біріне айдап салып отырған дейді. Бірақ ондай пікірмен толық келісу қиын. Біз ондай себептердің кемшіліктерін бірінші кезекте, өзімізден іздеуіміз керек. Бұл тіпті, жүзге, руға да байланысты емес. Бір рудың, бір атаның балалары – бауыр, туыс адамдар бір-бірінің үстінен арыз жазып жатса, оны қалай руға, жүзге бөлесіз? Мен мұны тіпті, бәсекелестіктің, жарыстың қазақтарға ғана тән түрі дер едім. Мұның бәрі қызғаныштан, көре алмаудан, бақталастықтан туындайтын құбылыс. Біз соны түсініп, содан арылуымыз керек» (Әбдіғалиұлы Б. Ұлт-азаттық көтерілісі мен Алаш қозғалысын бір-біріне қарсы қоюға болмайды.// Аңыз адам. 2016, №10. 31-б.).
Сонда қалай? Күншілдік отаршылдар әкелген кесел ме? Әлде бұрыннан қазақтың қанында бар «құбылыс» па? Біз бүгін еңбектерінен үзінділер келтіріп отырған елімізге белгілі мүйізі қарағайдай зерттеушілердің пікірі осы жерде екіге жарылғанын сезбеу мүмкін емес.
Сөз жоқ, бодандық дәуір адамзатқа тән осы бір жағымсыз мінезді қазақ халқының бойында одан әрі асқындырып жібергенін мойындай отыра, бұл кесел алаштың арасында бұрын мүлде болмады деген зерттеушілердің пікірімен келісу қиындау.
(Жалғасы бар)
Жаңабек Жақсығалиев,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан
университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты