3.03.2022, 9:40
Оқылды: 41

Күншілдік синдромы (тарихи-публицистикалық көзқарас)

Демек қазақ халқы Ресей империясының құрамына енгенге дейін үнемі ынтымақта, жарастықта, ауызбіршілікте болды деген пікірге сын көзбен қарағанымыз жөн. Сондықтан бұл мәселе әлі де тереңірек қаузап, зерттеуді қажет етеді.

1

Осы бір ділгір сұраққа берілетін жауапты мақаланың келесі бөлігінде, қазақ халқының ақыл-ойында теңдессіз орын алатын бағзыдағы бабаларымыз бен дала данышпандарының бүгінгі біз көтеріп отырған мәселе туралы ойлары мен пайымдарынан іздейміз.

Патша үкіметі бертін келе Кеңес билігімен алмасқаны белгілі. Отаршылдық саясаттың ерекше екпін алғаны сондай, қазақ арасындағы алалық пен кикілжің ендігі жерде жаңаша сипат алып, бұрынғыдан бетер асқына түсті. Ол өте астарлы, өте сұм, өте қатігез әдіс-тәсілдермен жүзеге асырылды.

«Совет өкіметі де осы саясатты (Патша өкіметінің жүр­гізген саясатын айтып отыр – Ж.Ж.) шебер пайдаланды. Игі жақсыларды біріне-бірін аңдытты, қаматты, аттырды. Бастапқыда олар өзі­нің қарақан басын аман сақтау үшін осындай қадамға барса, кейіннен бойлары үйреніп кетті»  деп жазды Бейсен Құранбек өзінің фейсбук парақшасында. «Сөйтіп келе, бір-біріне сенбей, күдікпен қарау, алдыға озып бара жатқанның аяғынан шалу, дараланған тұлғаға тас лақтыру, біреуді сырттай жамандау арқылы өзін жақсы етіп көрсеткісі келу – ұлттық мінездің бөлшегіне айналды».

1922 жылы Смағұл Сәдуақасұлы Әбдрахман Байдилдинге жазған бір хатында: «Мәскеуге келгенде менің байқағаным мынау. Қазақтар өз арасындағы дау-дамайын Мәскеуге жеткізбеуі керек. Әсіресе бірінің артынан бірі сөз тасымағаны жөн. Билік үшін жаны мен арын сатып жүргендерге не дерсің! Біз ондайлардың жолына түспейік» (Сәдуақасұлы С. «Танымдық еңбектері», Алматы, 2003, 345-б.).

Орда бұзар отызынан енді асқан шағында кеңестік-коммунистік жүйенің диірменіне түскен Смағұлдай асылдың бұл сөзінде ешқандай қателік жоқ еді. Халқының болашағы үшін арпалысқан арыстан ұлды көп ұзамай Кремль Мәскеуде мерт қылған-ды. Большевиктердің оны қасақана улап өлтіргені аздай, марқұмның денесін кремацияға салып өртеп, тек күлін ғана қалдырған-ды.

Ұлт зиялыларын баудай түсіру отаршылдардың ежелден бергі талай мәрте сынақтан өткен тәсілі еді. Ел сөзін сөйлейтін алаш ардақтыларын ору Смағұл Сәдуақасовтан (1900-1933) да бұрын басталған-ды.

Патша заманында «тұңғыш қазақ Конституциясын» жазған Барлыбек Сыртановтың (1866-1914) өлімі ресми тарихи әдебиетте құрт ауруынан делінгенімен, оның жұмбақ өлімін өз ажалынан емес, арнайы үкімет адамдарының оны тау арасына апарып, жасырын атып өлтіргенді мен байланыстыратындар бар.

Алаш арыстарының бірі – Жүсіпбек Аймауытов (1913-1931) жазықсыз жаламен 1931 жылы, небары, 42 жасында Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылған-ды.

Мәселен, Шәкәрімдей (1858-1931) дана ақсақал туған топырағында өз қазағының қолынан оққа байланып, кейбір деректер бойынша оның асыл сүйегі отыз жылдай елеусіз құдықта жатқан.

Бұл жағдай еліміздің шығысында орын алса, ал ұлан-ғайыр жеріміздің батысында тағы бір ірі ақын, ойшыл, қоғам қайраткері Ғұмар Қарашты (1875-1921) осыдан тура он жыл бұрын қашқын әскерилер қылышпен турап өлтірген-ді.

Шын мәнінде, қаныпезербандылар тобының алаштың айбоз ұлының тәнінен қасапхана жасағаны сондай, оның денесін айуандықпен күлпәрша қып турап, қапшыққа қып-қызыл күйінде «буып-түйіп» тастап кеткен еді.

Қазақтың қасіреті сол, олардың осындай ауыр қазаларының бәріне өз қандастарының қатысының бар екендігі. Мұны алаштың асыл ұлдарының бірі – ұлт ұстазы Ахаң, Ахмет Байтұрсыновтан (1872-1937) асырып айту қиын. Оның «Көк есектерге» деп аталатын өлең жолында:

«Қинамайды  абақтыға  жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,

Маған қиын осылардың бәрінен,

Өз аулыңның иттері үріп-қапқаны» (Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар жә­не әдеби зерттеу /Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991, 71-б.) дегені бар.

Айналасында жүрген өз әріп­тестері соңына шам алып түскен мықтылардың бірі, қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіров (1894-1938) болатын. Оның өзінің де, артында қалған бала-шағасының да көрмеген қорлығы мен тартпаған тауқыметі жоқ. Туған халқының мінез-құлқын бір кісідей білетін ақын «Құлагер» поэмасында:

«Халқыңның сырын    өзің білесің де,

Ісіне күйінесің, күлесің де.

Қаласың кейде кейіп,  кейде мәз боп,

Әйтеуір сол халықты сүйесің де» (Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, –2004. Үшінші том. Поэмалар, 355-б.) деп жырлаған-ды.

І. Жансүгіров түрмеде жатқанда артынан барған әйелі Фатима Ғабитоваға: «Жазушы болып жапа шеккенше, етікші болып еркін жүргенім жақсы екен» деген бір ауыз сөз айтыпты.

Біздің мақсат – кімнің артынан кім түсіп, кім-кімнің үстінен арыз жазды, кім-кімді сатып, кімді-кім атты, соларды тәспідей тізіп, түгендеп шығу емес. Онда біз басқа тақырыпқа ойысып, негізгі мәселеден ауытқып кетуіміз мүмкін.

Ойымызды жинақтасақ, қазақ пен қазақты араздастыру, қазақты қазақтың қолымен көсеу, қазақтың үстінен қазаққа арыз (донос) жаздыру үрдіс алды. Бертін келе домалық арыз жазу қазақ үшін үйреншікті әдетке айнала бастады.  Абақтылардағы адам төзгісіз, жантүршігерлік азаптаулар да ұлттық санаға өзінің салқынын тигізбеді  деп  айта  алмаймыз.

Кеңес үкіметі қазақ саяси элитасын біріктірмеу үшін барын салды. ХХ ғасырдың 30-40 жж. мерзімдік баспасөзде қазақ оқығандарының бірін-бірі аяусыз қаралаған мақалалалар, ұлт ішіндегі үркердей оқығандардың арасында қатарынан оқ бойы озғандарды арыздау етек алды.

Осылай ұлт арасынан шыққан тыңшылар, сатқындар, опасыздар ішінара бой көрсете бастады. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жүрген жас тарихшылардың сұхбаттарының да ғылыми негізі жоқ деп айту қиын.

Саналы зерттеушілік ғұмырын ел тарихының нақ осы кезеңіне арнаған  беделді қаламгерлеріміз бен білікті зерттеушілеріміздің «Қазақтың саяси элитасы сатқын болды ма?» деген мәселені бекерден-бекер көтеріп жүрмегені белгілі (https://qazaquni.>kz sayasat> 7212... Қойгелді Мәмбет. «Саяси элитаның сатқын болғанын мойындайтын уақыт келді». 14  шілде  2017  жыл).

Өкінішке қарай, біздің елімізде обьективті һәм субъективті себептерге байланысты деколонизация (отарсыздану) саясатының жүрмегені белгілі. Алайда бұл ерте ме, кеш пе бәрібір болмай қоймайтын үрдіс екені бесенеден белгілі. Сайып келгенде, мұның өзі табиғаттың «түн кетпеймін дегенмен, күн шықпай қоймайды» деген өз заңдылығын көз алдыңа әкеледі.

Үстіміздегі жылы ел билі­гінің қолға алған батыл бастамалары архивтердегі шаң басқан құжаттардың ғылыми айналымға таяу арада толық тартылатыны, сөйтіп ащы шындықтың бетпердесі бірте-бірте толық ашылатынын аңғарта бастады.

Сөздің қысқасы, ұлт ардақтыларының бір-бірімен қырықпышақ боп қырылғаны туралы мысалдарды қайта-қайта еске түсіріп, ендігі жерде сөзді көп көпірте бергеннен пайда жоқ. Біздіңше, не­гізгі ойды қалың оқырман іштей түсініп отыр. Сондықтан біз әңгімені одан әрі соза бермей, осы жерден қайырғанды жөн көрдік.

  1. Кәрі тарих не дейді?

Халықпыз күншіл   бірлігі  осал,

Білімсіз, ойсыз тірлігі нашар.

Ру-ру боп шуылдап жүрміз,

Ұлт болмасақ, береке қашар.

Ахмет  Байтұрсынов

«Жігітке қиын сауда көпке жақпақ,

Бай-жарлының көңілін бірдей  таппақ.

Қара қылды қақ жарып жүрсем-дағы,

Кетеді біреу мақтап, біреу даттап».

Аманғали Кенжеахметұлы

Иә, тақырыпқа бойлай түскен сайын көп нәрселердің біз ойлағаннан  гөрі тереңде жатқанын аңғара түсесің. Орыс басқыншылары қазақ қоғамына келгенге дейін-ақ  бұ мінездің қазақ халқының арасында кездесетіндігі туралы сөз қозғаған қаламгерлердің пайымының қаншалықты жаны бар? Осыған шама-шарқымызша ғылыми тұрғыда  үңіліп  көрейік.

3.1. Дала данышпандары не дейді?

Айталық, Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) өмір сүрген заман бодандық дәуірден әлдеқайда бұрынырақ болатын. Әке һәм ана жағынан да жуан, дүмді жерден шыққан, Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінде жүрген тәкаппар жыраудың мына бір шумақтары бүгінгі көтерілген мәселені аша түсуге септігін тигізері сөзсіз:

«Ағайынның ішінде

Бір жақсысы бар болса,

Қоңқалаған көп жаман

Сол жақсыны көре алмас...» (Мағауин М., Байділдаев М. Ай, заман-ай, заман-ай... (Бес ғасыр жырлайды. 2 томдық, - Алматы, 1991. – Т. 1. 45-б.).

Осы жерде мынадай заңды сұрақ өзінен-өзі туындайды. «Жақсы» мен «жаманның» көзқарасы үнемі неге келісе бермейді?! Қоңқалаған көп жаман неге «бір жақсыны» күндеп жүргізбейді?! «Жаман» неге көп?! «Жақсы» неге аз?! Өйткені олардың әлемі, дүниетанымы, өмірлік көзқарасы екі түрлі. Бейнелі тілмен айтсақ, жер мен көктей, күн мен түндей, от пен судай.

Бір таңқаларлығы, жаны таза жақсылар мен табиғатынан мейірімді жайсаңдарды һәм тума таланттарды табиғат-ананың қашан да сирек жарататыны. Сондықтан қай кезде де, қай нәрседе де, қай салада да «жақсы» аз, «жаман» көп. Жай ғана «көп» дей салған сөз бұл жерде біздің ойымыздың негізгі мәнін ашпайды.

Шындығында олар тым орасан. Әдетте «батыраштар» мен «қотыраштардың» мұндайда көз ілеспес жылдамдықпен бірін-бірі тез тауып, тез бірігіп, тез қимылдайтыны таңғалдырмай қоймайды. Атам қазақтың осындайларға қарата айтқан «соқыр атқа қотыр ат үйір» дегені жайдан-жай айтыла салмаған.

«Бес ғасыр жырлайдының» авторларының айтуы бойынша «дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған» Шалкиіз жырау одан әрі былайша  төкпелетеді:

«...Сол жаманның басына

Қиын қыстау іс келсе,

Бағанағы жақсысын

Қос арғымағын қолға алып,

Күнінде іздесе де, таба алмас» (Мағауин М., Байділдаев М. Көрсетілген еңбек. –

Т. 1. 45-б.).

Иә, «жақсы» адам да пенде. Оның да көңілі бар. «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақ «көңіл бір атым насыбайдан қалады» дегенді де айтып кеткен.  Басына іс түскен «жаман» қос арғымағын қолға алып, қадірін кеш білген «жақсысын» іздеп, неге дедектеп жүр?!

Әрине, «жаманның» мақсаты – «жақсының» көмегіне мұқтаж болғасын, оның қайткенде де көңілін табу, оған сүйкімді көріну. Жыраудың айтуынша, өкініштісі сол, ендігі жерде «жақсының» «жаманға» қайта қайырылуының, оның алған бетінен қайтуының қиындығы. Атам қазақтың «қалған көңіл, шыққан жан» дегені – осы болса керек.

(Жалғасы бар)

Жаңабек Жақсығалиев,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті,

тарих  ғылымдарының кандидаты

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале