Оралдағы Қадыр орталығының амфитеатрында «Қыз өссе – елдің көркі» атты іс-шара өтті.

Бұл тағылымды шараны Қазақстан ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ағайын» қазақ мәдени-қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қазақ дәстүрлерін дәріптейтін сахналық көрініс қойылып, «Аламан» құрақшыларының ою-өрнектермен әдіптелген көрпелері жұртшылық назарына ұсынылды. Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің «Керуен» фольклорлық ансамблі Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Одан кейін «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұрғали Жолдасқалиев барша өнерпазға алғыс білдіріп, жылы лебізін арнады.
– Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл ішінде ассамблеяның атқарған еңбегі мол. Бүгінгі тағылымды іс-шараның өтуіне іргелі ұжым атсалысып отыр. Осы орайда бізбен тығыз байланыс орнатып, әр бастамамызға қолдау білдіретін «Ағайын» қазақ мәдени-қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Биғалиевке өз ризашылығымды білдіремін. Қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтау – әрқайсысымыздың міндетіміз, – деді Нұрғали Қаршығаұлы.
«Аламан құрақшыларының» ауторы Нұргүл Әбдірасилова Алматы қаласынан арнайы келіп, Ақ Жайық жұртын ыстық ілтипатына бөледі.
– V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 450-ге жуық құрақшы жиылып, әлем елдері тәнті болған еді. Құрақшылардың кішкентайы сегіз жаста болса, үлкені – 85 жастағы ақжаулықты әже. «Аламан құрақ» жобасының негізгі мақсаты – қазақтың көркем ою-өрнектерін насихаттау және жастарды осы бір өнерге баулу. Батысқазақстандық 26 құрақшы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында туындыларын ортаға салып, ел мерейін асқақтатты. Құрақ көрпенің құндылығында үлкен мән жатыр. Адамның басы құралып, жылы-жұмсақ көрпенің үстінде көңілдері жарқырасын деген ниетте ерекше әсемдікпен жасалған. Осы жылы Алматы қаласындағы Медеу мұзайдынында 999 құрақшы жұртшылық назарын тағы да өзіне аудартпақ. Жобамыздың «кірпішін қалауға» ниетті жандар болса, сіздерді қуана қарсы аламыз, – дей келе құрақшы ханымдарды алғысхаттармен марапаттады.

Іс-шара барысында қазақтың халық әндері шырқалып, дизайнер Айгүл Биғалиеваның «Fashion Dari Lili» брендінің киім үлгілері таныстырылды. Белгілі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырхановтың орындауындағы «Атамекен» әнімен кеш мәресіне жетті.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»