16.07.2021, 10:11
Оқылды: 51

Құрбан айт – ізгілік жаршысы

Мейірімді Алла Тағала пендесіне өмір сүрудің барлық қағидаларын жеткізген. Мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағы үшін біріне-бірін бауыр етіп қана қоймай, ортақ берекеге толы мерекелерді де нәсіп етті. Пайғамбарымыз (с. ғ. с.): «Шынында, Алла Тағала бұл екі мейрамды бұдан да жақсы екі мейрамға ауыстырды, бұл Ораза айт пен Құрбан айт» – деді.

Қасиетті рамазан айы да өтіп, Құрбан айт мерекесі де көкжиектен күлімдеп, құшағын айқара жайып төрімізге енгелі тұр. Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «Ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, төрт күнге созылады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылық парызын өтеумен аяқталады. Айт күндері Алла Тағалаға арнап құрбандық шалады, мал сояды. Бұл – мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.

имам Бакытжан Сабралиев

Адамзаттың асылы, иләһи елшілердің ақырғысы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) шариғатында құрбан шалу қажылыққа барған, әрі қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін де уәжіп (міндетті) құлшылық болып бекітілді. Ислам ғұламалары құрбан шалудың һижраның екінші жылы бекігендігін айтады. Хақ Тағала Кәусар сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырған. Сондай-ақ Пайғамбар (с. а. с.) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (а. с.) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деп жауап берген. Осындай айғақ-дәлелдерді алға тартқан ұлы имам Әбу Ханифа Құрбан айтта мал шалу шамасы жеткендерге уәжіп (міндетті) деген пәтуа берген. Мүмкіндігі бола тұра, сараңдықтан не салғырттықтан құрбандық шалмаған мұсылман күнәлі саналады. Өйткені Пайғамбар (с. а. с.): «Шамасы жете тұра, құрбан шалмаған жан намаз оқитын орнымызға жақындаушы болмасын!» – деп қатаң ескерткен.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.

Асылында, Алла Тағала шалынған малдың қанына да, етіне де мұқтаж емес. Керісінше, пенделер Оның рахымына мұқтаж. Сол үшін шынайы ықылас-ниетпен мал шалып, Рахманның разылығына ұмтылмақ керек. Бұл жайында Хаж сүресінде былай баяндалған: «Құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді». Осындағы аяттың тірі тәпсірі тәрізді мына бір сүннет амалын айтпай кетсек болмас. Бірде әділетті сахаба Омар ибн Хаттаб (р. а.) құрбандық шалу үшін түйе сатып алыпты. Келе жатып алған түйесінен де семіз үлкен түйені көріп қалып, Алланың ризашылығы үшін ана семіз түйені соямын дегенінде, пайғамбарымыз оған: «Омар, сойған малының еті де, қаны да Аллаға бармайды, тек

сенің ықыласың ғана жетеді. Атап қойған малыңды соя бер» дегені жайлы хадис бар. Яки жоғарыда айтылған шариғат үкімдерін қазақтың жалпақ тілімен жеткізер болсақ, құрбандық құлшылығы әуелі бір Аллаға бағытталып, шалынған мал еті жоқ-жітіктің жыртығын жамайтын көңіл қуанышына айналуы керек. Өзінің білімдарлығымен аты шыққан төртінші халифа Әли ибн Әбуталиб айтқандай, байлар кедейлерге көмектесіп тұрса, ал кедейлер дүние үшін ақыретін сатпаса, ондай елде ешқашан бүлікшілік болмайды. Құрбан шалу Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан-жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздың (с. ғ. с) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадисі жеткен. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с. ғ. с): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, зекет беретін мал-мүлік мөлшеріне ие, жолаушы емес әрбір мұсылманға құрбан шалу – уәжіп. Зекет беретін мөлшер дегеніміз - 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе қажеттілігінен артық 85 гр алтын (яғни ақшалай есептегенде 1 230 000 теңге қаражат). Құрбан шалу уәжіп болуы үшін осы мөлшердегі қаражаттың бір жыл бойы қолда болуы шарт емес. Құрбан айты қарсаңында болса да жеткілікті. Ал осы мөлшердегі қаржысы болмаса да, басқалармен бірігіп ірі қара шалса, не жеке өзі қой, ешкі шалса, құрбандығы дұрыс болады. Тіпті мал дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.

Құрбандыққа жарамды малдар

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Бірақ осы 2021 жылы көктемде төлдеген қозылар алты айға жетпегендіктен, құрбандыққа жарамайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына және сондай-ақ жеті кісіге бірігіп, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады

  • Бір көзі соқыр
  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған
  • Емшектерінің басы жұлынып қалған
  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбан шалуда өкілдік

Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.

Құрбан малы қалай шалынады?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал қинамай сою – сүннет.

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылғаны абзал:

إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ ۖ

Оқылуы: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»

Мағынасы: «Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады. Оның еш серігі жоқ».

Одан кейін:

اللهُ أكْبَرُ اللهُ أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, اللهُ أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уә Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері

сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?

Өмірден озған кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен Құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Биылғы жылы Құрбан айт мерекесі 20-22 шілдеге тура келіп тұр. Осы орайда ескерте кететін жайт, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы құрбан шалу рәсімін өткізу тәртібін түсіндірген болатын. Санитарлық талапқа сәйкес құрбан шалу рәсімі шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режімде ғана жүзеге асырылады. Жобаның мақсаты – халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу. Сондай-ақ құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.

Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекетінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайын игі дәстүрге айналған. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату. Аталған жоба санитарлық талаптарды ескере отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Сонымен қатар жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса қайғы-мұңын сейілту.

Бақытжан Сабралиев,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале