7.07.2022, 10:15
Оқылды: 15

Құрбан шалу – сауабы мол құлшылық

«Біз  әрбір  үмбет  үшін  өздеріне берілген  малдан Алланың  атын  атап,  құрбан  шалуды  бекіттік....» («Хаж» сүресі, 34-аят).

куралбайулы

– Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Әрбір мұсылман Алла разылығы үшін мүмкіндігі болса,  мал сояды.  Алланың бұйрығымен алғашқы құрбандық Ибрагим Пайғамбардың сүйікті баласы – Исмаил болуы керек болды. Өзіне шексіз бойсұнушылыққа мейірімі түскен Раббымыз жұмақтан аспан түстес көк қошқарды түсірген еді. Содан бері дәстүр жалғасуда. Бұл – әрбір мұсылманның міндеті. Құрбандыққа шалынатын: қой, ешкі, сиыр және түйе. Ауру, соқыр мал құрбанды0қа шалынбайды. Мұсылмандар үшін Құрбан айттың бірінші күні маңызды болып саналады. Бұл күні мешіттерде айт намазы оқылады.

Айттың осы бірінші күнінде адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің үйіндегі дастарқаннан дәм татады, бұл күні әр мұсылманның үйінде дастарқан жайылады.

Шалынған құрбан ақыретте адам баласының өтуі қиын қыл көпірден өткізетін көлігі болады. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Малдың ең жақсысы мен әдемісін шалыңдар, өйткені ол қыл көпірде өздеріңе көлік болады» деген. «Бақара» сүресінің 110-аятында «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, өздерің үшін істеген жақсылықтарыңды ертең Алла алдынан табасыңдар. Сөз жоқ, Алла барлық істеріңді көреді» делінген. Бойсұнудың белгісі болған құрбан шалу сөзсіз пендесін Жаратушысына жақындатады. Құрбанның малы таза ниетпен шалынады. Ақыреттегі сансыз сауабымен қатар, бұ дүниедегі сипаты – мұсылмандықтың нышаны, қонақжайлылықтың көрінісі. Адамдар арасындағы ренішті жойып, өзгелерге қарайласудың арқасында табиғатынан «мендік» сезімі бар адам баласының жаман әдеттерінен сауығуына себепші. Әрі бұл мереке қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді. Алла Тағалаға құлының пәк ниеті мен кең пейілі ғана маңызды, ниетсіз амал жарамсыз. «Олардың (құрбан малының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).

«Түйе, сиырды сендерге Алла үшін шалынатын (құрбандықтар) қылдық. Мұнда сендер үшін қайыр бар. Оларды тұрғызып қойып, Алланың атын айтыңдар. Қашан олардың жамбастары жерге тисе (жаны шықса) өздерің де жеңдер, мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер. Осылай шүкір етулерің үшін малды еріктеріңе бердік» («Хаж» сүресі, 36-аят). Мұсылман адам шалған құрбанын ешкімді бөліп-жармай таратуы керек. Дегенмен тұрмысы төмен отбасыларға, білім алушы шәкірттерге, дінімізге пайдалы деп шешкендерге көңіл бөлу де абзалырақ. Ең бастысы ниеттің орны – жүректеріміз таза болып, адал ниетпен құрбан шалу, тарату  міндетіміз.

Мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы болып табылатын қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттық­таймын! Құрбан айт жүректеріңізге иман нұрын ұя­латып, ертеңгі күнге деген сенімдеріңізді нығайта түссін. Әр отбасына амандық, береке-бірлік, бейбіт  өмір  тілеймін!

Бақытжан Құралбайұлы,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале