10.04.2023, 14:30
Оқылды: 108

Құрдастарын еске алды

Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылы мектебінің түлектері жастарды спортқа баулып, ауыл балаларын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында туған жерінде түрлі спорт жарыстарын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды.

89ebb1a7-ecb8-4f05-9c55-d2d26fb436bb

 Мемлекеттік мерекелер мен басқа да айтулы даталарға орайластырылатын мұндай жарыстарды ауыл халқы асыға күтеді. Соңғы уақытта бір сыныпта оқыған қыз-жігіттер осы күнге жете алмай, өмірден өткен құрдастарын еске алуға арналған турнирлерді де жиі өткізуді қолға алды.

Жуырда Алмаз ауылының мектебін 2005 жылы аяқтаған түлектер сыныптастары Асхат Амантайұлы Қонысовты еске алуға арналған волейбол жарысын ұйымдастырды.

80d7e096-e603-4060-81fa-1a8647a56392

 Жарыста әрісі Ақтөбе, берісі Шыңғырлау мен Оралдан келген командалар бақ сынасты.

 Бәсекенің ашылуына Асхат Қонысовтың әкесі Амантай ақсақал мен анасы Ырысты және нағашы-бөлелері, тума-туыстары арнайы қатысты.

Дода басында сөз алған Амантай ақсақал ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Баласын ұлықтаған жарыс қатысушыларына да әкелік алғысын айтқан Амантай әкей көзіне жас алды.

Ал жарысқа келсек, бірнеше топқа бөлінген командалар өзара мықтыны анықтады. Таңертеңнен кеш батқанша өткен әуедоп бәсекесінің қорытындысында жартылай финалған «Мектеп», «Студенттер», «1995» және «1988» атты командалар шықты. Алдымен тартысты өткен жартылай финалдық ойында «Мектеп» командасы «1995»-ті жеңіп, ал үшінші орын үшін болатын ойыннан бас тартқан «1988» командасы інілеріне жол беріп, «1995» жарыстың қола жүлдегері атанды.

2c712cc3-50d6-4944-a9a7-ba84e415b70b

  Финалдық ойында «Студенттер» «Мектеп» командасына тіс батыра алмады.

 Турнир соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге Асхат Қонысовтың құрдастары тіккен бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табыс етілді. Сондай-ақ командасын алға сүйреп, үздік ойын өрнегін көрсеткен «Мектеп» командасының капитаны Нұрберген Қарақұлов «Үздік қорғаушы», мектеп командасының тағы бір ойыншысы Нұрдәулет Қалқаманов «Үздік шабуылшы» атанса, «1989» командасының көшбасшысы Қайыржан Айтқалиев «Үздік ойыншы» аталымын иеленді.

Одан бөлек Асхат марқұмның нағашы-бөлелері де жарысқа құр алақан келмеді. Олар жарысқа қатысқан әр команданың үздік ойыншыларының қолына қымбат сағат тақты.

         Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале