10.08.2023, 16:45
Оқылды: 99

Күрес күшейе түспек

Оралдағы Достық үйінде «Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы» өңірлік қоғамдық ұйымының Атырау, Абай, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы бойынша филиалдарының басшылары бас қосты.

IMG_2040

Алдымен сөз алған «Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы» ӨҚҰ төрағасының орынбасары Табылды Бержанов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 6 айда атқарған жұмысының есебінен деректер келтірді. Оның айтуынша, өткен жарты жылда елімізде 1 000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелген. Әшкереленген 700-ден астам адамның 98-і – түрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа дейінгі аяқталған тергеу амалдарының нәтижесінде 232,6 миллиард теңге өтелген. Ал 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор нысандарына шамамен 860 млрд теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған. Табылды Бержанұлы жыл соңына дейін Алматы мен Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында филиалдар ашу қажеттігін айтты.

– «Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы» ӨҚҰ-ның міндеті – сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа қарсы күресу. Бүгінде елімізде, әсіресе құрылыс саласында жемқорлық қылмысы жиі әшкереленуде. Осы орайда кез келген азаматтың парақорлық жөніндегі нақты деректерді біздің ұйымға хабарлай алатынын айтқым келеді. Мәселен, Оралдағы өңірлік қоғамдық ұйымға өткен 6 айда 12 ақпарат түсіп, 7 дерек бойынша іс сотқа жолданды, – деді аталмыш ұйымның БҚО бойынша филиалының басшысы Махамбет Сұлтанғалиев. «Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы» ӨҚҰ төрағасы Марат Қайырғалиев БҚО-да құрылыс саласы мен бюджеттік мекемелерде анықталған заң бұзушылықтарға тоқталды. Ұйымның Атырау, Абай облыстары мен Астана қаласы филиалдарының басшылары да атқарылған іс-шараларды баяндады. Жиын барысында квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың сақталмайтыны айтылды. Осы салада комплаенс қызметін іске қосу мәселесі талқыланды. «Комплаенс» ұғымына тоқтала кетсек, ол – ұйым құрған ережелер мен этикалық нормалар жиынтығы, ұйым қызметкерлерінің заң негізінде тәртіпті қатаң сақтауы. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, алдағы жоспарларын пысықтады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале