19.10.2023, 14:45
Оқылды: 87

Күретамыр арна жаңғыртылуда

Облыстағы Киров – Шежін  магистральды арнасын қайта жаңғыртудың 4-ші кезеңі жүзеге асуда. Осы канал арқылы Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылы маңындағы Қараөзенге Жайық – Көшім жүйесінен бассейнаралық су жіберіледі.

Жайық өзенінің суы айтарлықтай төмендеген жағдайда қалқымалы сорғы стансасының көмегімен Жайық – Көшім жүйесінен су алуға болады. Бүгінгі таңда нысандағы жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталды. Сорғы стансасының өнімділігі секундына – 13,3 текше метр. Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Жайық – Каспий бассейндік инспекциясымен келісілгендей, Жайық өзенінен жылына алынатын судың көлемі 50 млн текше метр болмақ. Аталмыш канал пайдалануға берілген соң, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының теңгеріміне өтеді.

WhatsApp Image 2023-08-26 at 09.14.16

Каналды қайта жаңғыртудағы мақсат – санитарлық-экологиялық мақсатта Ресейдегі Еділден ақылы алынатын суға тәуелділікті азайту, Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала, Казталов және Жаңақала аудандарының елді мекендерін сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қараөзенге Жайық өзенінен бассейн-аралық су беруді ұйымдастыру. Су Көшім каналы, Киров су қоймасы және Киров – Шежін каналы арқылы беріледі, – деді «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайынов (жоғарыдағы суретте).

Қалқымалы сорғы стансасы іске қосылғанда Жайық өзенінен Қараөзенге жыл сайын 25-50 млн текше метр су айдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жыл сайын облысқа Ресей Федерациясынан Еділ суын алу үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты 1 млрд 750 млн теңгеге үнемдеуге болады. Қуаңшылық жылдары елдімекендерді сумен қамтамасыз етуге  септігін  тигізеді.

WhatsApp Image 2023-08-25 at 09.23.32 (1)

Рауан Ерланұлы Киров – Шежін каналын қайта жаңғырту жайын баяндады. Мәселен, аталмыш каналды қайта жаңғыртудың 1-кезеңі 2011 жылы басталды. Алайда бас мердігер «Подводстрой» ЖШС-ның жауапсыздығынан, жұмыс белгіленген мерзімде аяқталмады. 2014 жылы аталмыш кәсіпорынның директорына қатысты жымқыру фактісі бойынша сот шешімі шығарылды. Жаңғыртудың 1-кезеңі 2015 жылдың тамыз айында қайтадан басталды. Бұл жауапты жұмысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің тапсырмасымен «Қазсушар» РМК БҚО филиалы қосалқы мердігер «АзияТехСтрой» ЖШС-мен бірлесіп атқарған. 2016 жылдың қараша айында нысан пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 55,7 шақырым канал кеңейтіліп, механикалық тазалаудан өткен. 48 су өткізгіш гидротехникалық имарат, аутожол көпірі, канал астындағы дюкер және  16 тоған салыныпты. Ал қайта жаңғыртудың 2-кезеңіндегі құрылыс 2017 жылы 26 желтоқсанда аяқталған. Онда каналдың 74,94 шақырымы кеңейтіліп, тазартылған.  33 гидротехникалық ғимарат пен үш тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал каналды  қайта жаңғыртудың 3-кезеңі бойынша 30,8 шақырым канал қайта қалпына келтірілген екен. Соның ішінде ұзындығы 17,1 шақырым болатын жаңа канал салынған.

Киров – Шежін магистральды каналын қайта жаңғыртудың 3-ші кезеңі 2018 жылы желтоқсан айында аяқталды. 2019 жылы құрылысқа жауапты мамандар Жайық өзенін Қараөзенмен қосатын жаңадан салынған каналдың жағдайын байқап көру үшін көктемгі тасқын суын 17,1 шақырым қоспа каналмен жіберіп көрген. Алайда ол кезде судың мардымсыз болуына және сол жылдары қайта жаңғыртудың 4-ші кезеңінің жүзеге асырылмауына  байланысты барлығы 9,2 млн текше метр су берілген. Жалпы 2019-2022 жылдары көктемде Жайық өзеніне құятын еріген қардың суы өте аз болды. Каналды жаңғыртудың үш кезеңі бойынша барлығы 178,54 шақырым канал жаңартылған. Киров – Шежін магистральды каналы 140 га жерді тұрақты, ал 6152 гектарды көлдете суландырады. Каналдың суландыратын жайылымдарының аумағы – 130 000 гектар.

 

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале