19.09.2018, 12:33
Оқылды: 270

Профессор Айтжан Тоқтаған: «Құрманғазы – домбыра өнеріне көп жаңалық енгізген дарынды тұлға»

IMG_0739Оралда күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Конференцияда күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына, домбыра өнеріне қосқан жаңалықтарына, жаңа әдістеріне, шәкірттеріне, зерттеушілерге кеңінен тоқталды.

 

- Құрманғазы Сағырбайұлы – ұлы күйші, Батыс Қазақстан өңірінің көрнекті өкілі, күй мәдениетіндегі ерекше тұлға. Төкпе күй дәстүрінің тамаша жетістіктері ең алдымен Құрманғазының есімімен байланысты. Халық берген «күй атасы Құрманғазы» деген атақ күйшіні аса жоғары қастерлеудің белгісі ғана емес, ол ең алдымен күйшінің ұлттық музыка мәдениетіне қосқан зор үлесінің айғағы.

Құрманғазы дәстүрлі домбыра өнерін көптеген жаңа жетістіктерге жеткізді. Жанрлық, мазмұндық-бейнелік шеңберін кеңейтті, жаңа тәсілдер енгізіп, орындаушылық дәрежесін көтерді. Осының бәрі Құрманғазының өнерін ұлттық музыка мәдениетіндегі қайталанбас бірегей көрінісі ретінде танытады.

Күйшінің музыкалық мұрасы өте бай. Оның шығармашылығында дәстүрлі домбыра жанрларының барлығы өз көрінісін тапқан. Кейбір күйлерінің аңызында немесе шығу тарихында күйшінің өмірінде болған оқиғалар баяндалады. Соған қарап Құрманғазының өмірбаянын нақтылауға болады,-деді фольклортанушы Айтжан Тоқтаған.

Музыка өнері жайлы ондаған кітап жазып, белгісіз деген күйлерді нотаға түсірген танымал өнертанушы Айтжан Есенұлы: -Құрманғазы – домбыра өнеріне көптеген жаңалық енгізіп, оның әрі қарай дамуына зор үлесін қосқан дарынды тұлға. Оның енгізген жаңалықтарын күйлердің мазмұнынан, әуен мен композициялық құрылымынан, орындау тәсілдерінен аңғаруға болады. Солардың бірі – күйдің екінші (үлкен) сағасы. Күйдің бұндай шарықтау шегін Құрманғазыға дейін және онымен қатар өмір сүрген басқа күйшілер де қолданған, бірақ үлкен саға деңгейі Құрманғазының шығармаларында ғана күйдің жеке бөлімі ретінде қалыптасты.

Құрманғазының енгізген тағы бір жаңалығы – екі әуеннен тұратын күй құрылымы. Екі әуенді деп күйдің бас буыны мен орта буын бөлімдеріндегі әуендер өзінің сапасы жағынан бір-біріне тең болып, шығарманың даму барысында алма-кезек жүріп отыратын құрылымды айтамыз. Бұл төкпе күй құрылымының ерекше түрі. Екі әуеннен тұратын күйлер қатарына «Ақбай», «Алатау», «Кісен ашқан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлерді жатқызуға болады.

Құрманғазы кейбір шығармаларында төкпе күй дәстүрінде бұрын-соңды кездеспеген жаңа әдістерді қолданған. Мысалы, бас буынның (кіріспенің) жалғыз дауысты болуы «Кішкентай», «Серпер» күйлері), қатар жүретін (параллелді) секундалар, тритон үндестігі («Машина», «Серпер», «Бұлбұл»), орындаушылықтың жаңа әдістері.

Жалпы алғанда, Құрманғазының музыкасы жігерлі, қайсарлы мінезімен, даму барысының белсенділігімен, жарқын мазмұндылығымен ерекшеленеді, -деп Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларындағы күй дәстүрінде бұрын-соңды кездеспеген жаңа әдістерге тоқталды.

IMG_0655

- Ұлы күйші қалыптастырған дәстүрді біздің заманымызға жеткізген – оның шәкірттері Мәмен, Көкбала, Ерғали Ещанов, Меңдіғалі Сүлейменов, Дина Нұрпейісова, Уахап Қабиғожин, Қали Жантілеуов. Қазіргі замандағы домбырашылар осы дәстүрді сақтап қана қоймай, әрі қарай дамытуда. Музыкалық мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында домбырашыларды даярлау бағдарламаларының бірі Құрманғазының жеке орындаушылық-шығармашылық дәстүрі бойынша жүзеге асады.

Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы А.Жұбановтың, П.Аравиннің, Б.Байқадамованың және тағы басқа музыкатанушылардың мақалалары мен зерттеулерінде жан-жақты қарастырылған. Күйші туралы кейбір мәліметтер Н.Савичев пен А.Затаевичтің еңбектерінде берілген. Дегенмен, әлі де болса Құрманғазының өзіндік өнері толығымен зерттелді деп айтуға болмайды. Сондықтан келешекте этномузыкатанушылар мен домбырашылардың алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – күйшінің өмірі мен шығармашылығының ерекшеліктерін, айрықша стилін, орындаушылық мәнерін толыққанды ашып көрсететін монографиялық зерттеу жазу деп есептеймін.

Бүгінгі таңда, яғни Құрманғазының күйлері нотаға түсіп, үнтаспаларға жазылып, сахнада орындалып жүрген кезде, Н.Савичевтің ұлағатты сөздері орындалғандай болды. Құрманғазының тұлғасы ұлттық музыка өнерінің ең биік жұлдызына айналды. Қазіргі кезде оның есімі Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі. Қазақ халқы оның музыкасын сүйеді, аруағын құрметтейді. Құрманғазының есімі халық аспаптар оркестріне, Қазақ ұлттық консерваториясына, өнер колледждері мен музыка мектептеріне көптеген қала көшелеріне берілген. Еліміздің бас қаласы Астанада композитордың еңселі ескерткіші орнатылды. Халқымыздың күй мұрасындағы гимніне айналған Құрманғазының “Сарыарқасы” ЮНЕСКО-ның алтын қорына енді. Өмірі күреспен өткен күй атасы Құрманғазы туған халқының есінде мәңгі қала бермек,-деді өз баяндамасында күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған.

Нұрлыбек Рахманов,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_0713



IMG_0656

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале