30.03.2026, 16:00
Оқылды: 10

Құрманғазының күйлерін жеткізген күйші неге елеусіз қалды?

Құрманғазының күйлерін жеткізген күйші неге елеусіз қалды?Менің «Көке» кітабымның ішінде Төлеген Аршанов туралы айтылатын еді. Соғыс жылдарында Мұқамеджан Ғұмаровпен бірге Жәнібек халық театрында болған Төлеген Аршанов немістің бомбысынан қашып Жаңақала ауданына көшірілген болатын. Бұл 1942 жылдың күз айы еді.

InShot_20260330_153644201

Бұрынғы Чапаев, қазіргі Ақжайық ауданында Алғабас ауылында тұрып, сол жерде өмірден өткен Төлеген Аршанов Оқап Қабиғожинның ұстазы болыпты. Басқа да сұрақтар қызықтырған біз сол ауылға жолға шықтық. Қасымда белгілі күйші Едіге Нәбиев бар болатын. Бұл 2012 жылдың 4 қазаны күні еді. Сол мақала 13 жылдан бері жазылмай жатқан...

Бізді сол кездегі ауыл әкімі Сағира Жұмадықова қарсылады. Ол кісі ауылдың ақсақалдарын жинап қойған екен. Сол жерде әңгіме тиегі ағытылды. Тілек Нұрсұлтанов, Есенғали Имашев, Бақтығали Мұратбеков, Нәсіпқали Каленов бұл күнде өмірде жоқ екен. Сонда әңгімеміздің ортасында болған ағалардың жатқан жерлері жарық болсын!

Уикипедиядан:

Төлеген Аршанов 1888 жылы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында тұрған. Әкесі Тасмағанбет 6 жасынан бастап домбыра үйретген. Мәтен, Сейтек, Дина және тағы басқа да күйшілермен кездесіп, күй үйренген. Жанакала, Жәнібек театрында істеген. 1936 жылы А.Жұбановтың шакыртуымен Алматыға барып, Құрманғазының күйлерін үнтастаға жаздырған. Құрманғазының әйгілі «Терісқақпай» күйін алғашқы жеткізуші. Т.Аршанов белгілі күйші Оқап Қабиғожинның ұстазы.

Алты жасынан бастап күй тартқан Төлеген Мәтен, Сейтек, Динамен кездескен. Аршановтың 1934 жылы А.Жұбановтың шақыруымен Алматыға барып, Құрманғазының күйін жаздырғаны БҚО энциклопедиясында жазылған. Менің жеке архивімде Т.Аршановтың Жәнібек халық теарының құрамында болып, бір рет кетіп қалып, 1950 жылы қайтып оралғаны туралы бар. Аршановтың пьесада ойнағаны туралы дерек жоқ. Ол кезде пьесаның сазын жазатын құрал болған жоқ. Яғни, Аршанов спектакль жүріп жатқанда күймен көркемдеп отырған. Тихон Әліпқали құрастырған «Шамғон шыңы» атты кітапта марқұм журналист Мағжан Жұмабаев ағамыз: «Домбырашы жыраулардың ел аралап өнер көрсету дәстүрі әлі жабыла қойған жоқ еді. Аршанов Төлеген, Мұқатов Сабыр сияқты өнерпаздар Ұялыда жиі болатын. Олар Шамғон сияқты өнерпаздарды да қасына ілестіріп жүретін» деп жазады.

InShot_20260330_153851342

Біз Төлеген Аршановтың жиені Өтепберген Төлегеновпен әңгімелестік. «Төлеген Аршанов Құрманғазы, Динаның күйлерін тартқан. Қатарынан озған шебер күйші болған. Зәрия деген қызы полигонда тұрғанда «папа», «мама» деп жүгіріп жүрген қыз ғой, жарылыстан қорқып кетіп тілі байланып қалған. Өмірден тілі шықпай кетті.

1958 жылы Қали Жантілеуов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қадыр Мырзалиев келді. Күй тыңдап кетті... Қадыр Мырзалиев Төлеген әкемді көп зерттеді, бірақ шығармады. Жаңақалада ертерекке №24 ауыл, «Аршанның ақ қыстауы» деген болды. Сол жерде дүниеге келді. Тасмағанбет пен Аршан бірге туған. Аршан да бала болмай сол кісіге беріп, Аршанов болып кетті. Мен кішкентайымда анамды көрмедім, жиен болам. Төлеген әкем өзі тәрбиеледі мені. Құрманғазымен рулас, қызылғұрт болды.

1952 жылы Май колхозға көшіп келді Төлеген. Жалғыз ұлы Төлеш 1926 жылғы. Құрманғазының портретін жасатты қарт, соған қарап қойып күйін тартып отыратын еді. Ол кезде кандала деген бар, портретті, домбыраның тысын кандала жеп қойып, келіні Қибат отқа жағып жіберді. Арабша жазатын, көп қағаздарын бізге жеткізбей бәрін отқа жағып жіберді. Бізге де күн көрсетпеді ғой. Артында қалған жалғыз домбырасын келіні өз төркініне берді, ол күтім көрмей сынды ғой...

Ол кезде жергілікті радио Төлеген әкемнің күйін жазып алды. Бірақ соны күнде танертең Төлегеннің атын айтпай беріп жүрді. Төлеген әкем жалғыз ұлы Төлешпен қатар жатыр. Екеуінің зираты бір қоршаудың ішінде. Әкем 1963 жылы өмірден өтті. Біз шешем Дәмеш, Зәрия, Бағым қала бердік»

Құрманғазының «Бозшолақ» күйінің II түрін, «Машина» күйін Төлеген Аршанов жеткізген. 1936 жылы Құрманғазының «Қайран шешем» күйін бізге жеткізген Төлеген еді. Оны Ахмет Жұбанов жазып алған. Өте жігерлі, жалынды күй оркестрге өзгеріссіз түсті. Сол нұсқа әлі күнге айтылып келеді.

Қазақтың күйлерінің бүгінгі күнге жетуіне атақты домбырашылар Дина, Оқап Қабиғожин, Науша, Махамбет Бөкейхановтар, Гылман Хайрошев, Қали Жантілеуов, Төлеген Аршанов, Смағұл Көшекбаевтардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

1936 жылы Меңдіғали Сүлейменов, Төлеген Аршанов және басқа да өнерпаздарды Алматыға алдырған. Жұматай күйші орындықта аяғы жерге жетпей отырғандықтан елге кері қайтарды деген әңгіме бар. Ал Т.Аршановтың не себепті кері оралғаны белгісіз.

1936 жылы күйшілер байқауыннан кейін Ахмет Жұбанов «Құрманғазының «Адай» күйін шебер орындаған бірден - бір адам Төлеген» деп жазған «Жұлдыз» жорналына.

«Төлегеннің қадір-қасиетін білмеді...»

Сол жылдарды марқұм Нұрсұлтанов Тілек былай айтқан еді: «Қарт бәрінен де бұрын кетті. Өтепбергеннің шешесі Бағым қайтты, Зәрия, Сарыкөл қыстағында Дәмеш кемпірі қайтты, бәрі Қарағайда жерленді. 1953 жылы емтихан тапсыратын болып әкем, ағам бәріміз Дәмеш апаның қолынан дәм татып, үйінде он күн жаттық. Үйі ескі саман үй болды. Кіре беріс қазандық, сосын тағы бір бөлме, шай ішетін де жататын да сол жер. Төлеген темекісін тартып отыратын үйде. Біз баламыз, аспанда самолет ұшып бара жатса біз есіміз кетіп қараймыз. Сонда Төлеген ата: «Ертең Ләтифа баласының самолет айдағанын көреді» деп әжеме айтатын. Күлдіретін. Сол үйде әйтеуір карта ойнап отыратын жиналып. Алпыстан асқан бейнесі көз алдымда»

Қабдуллин Ержан: « Төлегеннің қадыр қасиетін білмеді. Ол кезде мен баламын. Ол кісінің күй тарту құдіреті басқаша болды. Анам мені кішкентайымнан домбыра үйренсін деп сүйреп Насіретдин күйшінің, Төлеген атаның алдына алып барған. Насіретдин домбыра жасайтын. Маған үш бүктейтін домбыра жасатып, Төлегеннің алдына апарды. Төлеген күй тартқанда ұшқан шыбынның дауысы естілметін үнсіздік орнайтын. Мен есім кетіп қарап отырам, құдіретті болып кететін. Беріліп тартатын, жан тәнімен, оның тартқан күйінде сондай құбылыс болатын, есіміз кетіп тыңдап, ерекше бір күйді басымыздан кешетінбіз.

Қали Жантілеуов пен Ғарифолла келіп жүреді. Біртуар, қайталанбайтын тұлғаны кезінде бағалай алмағанымыз өкінішті. Бір ауылға ғана емес, қазақтың басына біткен дара тұлға Төлегеннің қадіріне жете алмадық. Ауылда жүрген бір жігітті Ахмет Жұбанов сонау Алматыға жайдан - жай шақыртпаған шығар... Дара, тума талант болғанын пәлен жыл өткен соң біліп отырмыз. Қара суға түсетін күй тартқанда, бірақ қол соғысы еш бәсеңдемейтін. Қарсы алдында отырып тыңдадым талай.

Қали Жантілеуов жиі келіп тұрды. Келген сайын Қали «Соқыр Ищанды» тартырады екен. Ол күйді Төлегеннен артық ешкім тарта алмапты. Тіпті Қали да тарта алмаған дейді. Ғарифоллаға бір екі ән салдырып, өзі демалып тартады екен. Қайтарының алдында Қали келгенде «Қайран Төке, қор болып жатыр екенсің» деп жылап кетіпті дейді. Орнынан тұра алмапты Төлеген...»

Ел ішінде әңгіме бар. «Тайырдың әкесі Жарокті көрдім, әңгімелестім» дейді екен 94 жастағы бір кәрия. Сонда Жарок: «Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтекті көрдім, бірақ бәрінен де Төлеген артық тартатын еді, оның сиқыры саусағында» депті. Оны халық жауы деп соттатып жіберген. Сібірде ағаш кесіп жүргенде саусағы үсіп кетіп, домбығып, елге келген соң: «Әй, саусақ бұрынғыдай емес қой» деп айтады екен. Бірақ сол саусақпен күйді бәрінен артық тартқан дейді. Бірақ ауылда ол туралы айтылған жоқ, өзі де әңгімелемеген.

«Құлпытасы жартылай сынып тұрған еді...»

Алғабас ауылына жақында домбырашы Е.Нәбиевті ертіп тағы барып келдім. Бізді ауыл әкімдігінің қызметкері Айгүл Қадырғалиқызы алып жүрді. Мақсат – санада қайта жаңғырту, сол күндерге оралу болды. Біз ауылдан Төлеген Аршановты көрген тағы бір ақсақалды кездестірдік. Ол 87 жастағы Мирас Жұмашев. Ол кезде Мирас ақсақал 15-16 жаста болыпты. «1952 жылы Жаңақаладан көшіп келгенін көрдім. Қырман басында қарауылшық болып қызметке орналасты. Карта ойнайды. Бір күні Чапаев аудандық газетіне лақап атпен «Қырман басында күркілдіктер» деген мақала шықты. Ішінде мен де бармын, шуылдасып газетті оқып алдық. Сөйтсек, оны жазған жергілікті партия комитетінің хатшысы екен.

Төлеген ағаны бәрі қонаққа шақырады. Домбыра тартып отырады, қатты терлейді, демікпе адам ғой. Ол кісінің өнеріне, қадір қасиетіне жете алмадық сол кезде. Сөйтсек, қатарынан озған өнерлі адам болған екен ғой, әттең - ай!» дейді Мирас ақсақал.

InShot_20260330_153719056

2012 жыл

Төлеген Аршановтың зираты Қарағайлыда жатыр. Біз осы жолы соға алмадық, себебі ол араны су алып кетіпті. 2012 жылы болғанда ескіріп, құлпытасы жартылай сынып тұрған еді. Қазір не күйде? Су мен жел мүжіп әбден құлағын шығар... Баласы Өтепбергеннен сұрағанымызда «зират сол күйінде жатыр» деді... Осы жұмысты қолына алып, басын қайта көтеріп, құлпытасын жаңартар біреу бар ма екен? Жылдар жасырып, тарих қойнауында елеусіз қалған талантты жанды тұлғаға, бір ғана Алғабас ауылының емес, елдің адамына айналдырар, ауылға келген қонаққа «Бізде Төлеген Аршанов бар!» деп мақтанышпен айтар күнге жетер ме екенбіз?! Құрманғазының күйлерін жеткізуші, ұлы композиторды ұрпаққа жалғастырған санаулы адамның бірі ретінде де, өзі жеке топты жарған дүлділ күйші ретінде де бағасын қашан алар екен?

Ұлдай Сариева,

zhaikpress.kz

InShot_20260330_153834178

Нәсіпқали Кайырқомов, 86 жаста:

«Аршанов Төлеген менің атамның нағашысы болды. Төлегеннің әкесі Тасмағанбетті де көрдім, қолына су құйып. қолынан ет асадым. Көбеш екінші ұлы. Ал Төлеген бір көзі қылилау, кішкентай бойлы болды. Ән де айтты. Төлегеннің Төлеш деген ұлы, Бағым деген қызы болды. Бағым Атырау жақта тұрмысқа шыққан, бос болған соң байы елге әкеліп тастаған. Еріп келген баласы Өтепберген Төлегеннің қолында өсті. Төлегенов болып жазылды..

Қали Жантілеуов концертке келгенде ауылға міндетті түрде Төлегенге соғатын, шай ішіп, күй тарттырып кететін. Қол соғысына қызығатын еді. Мені шақырып алады, ол қарттың өнерін ешкім жалғастырған жоқ. Ұлы Төлеш тыңқылдатып тартатын, есепші болды. Төлегенге жалғыз қойын сойып, төрге отырғызып, күй тартқызатын. Орны төр, елдің алақанында болды. Жалғыз ұлы Төлештің әйелі Қибат тәртіпсіздеу үйдің қызы болды, қартты сыйламады. Қадірлемеді. Атасына келген кісіні жаратпады.

Төлеген қайтыс болып, өмірден өткенде өз мәртебесінде бола алмады. Қарасына қатыстым... Халықтың арасында бір Төкең болды. Халық қанша жоқ болсада өнерге қатты көңіл бөлген ғой. Сол кезде бір кісі келіп ән айтса әжем жылап отырып тыңдайтын. Төлеш 1954 жылы үйленді. Мен 4-ші, Қибат 7- класта оқыды. Ол кезде жаппай сауатсыздықты жою керек деп бәрін бірге оқытты. Қибат жиырмада болған шығар, баяғыда әзірленіп қалған, тырсиған қыз. 7-класты бітірді де есепші Төлешке шықты, Қонай келді дүниеге, қыздары да болды, 1,5-2 жыл бірге тұрды да мінезі шамалы болып бөлек кетті.

Төлегенмен есте қалған бір жәйді айтайын. 1961 жыл. Бір отар қой бағып жүріп, велосипедпен дүкенге келгем. Көшеде Төлеген қарт өтіп бара жатыр екен, маған: « Әй, қайда барасың, қойды кімге тастап кеттің?» - деді. Жіп-жіңішке етіп мохорка орап тартатын. Сақалсыз, мұртты адам, онысы сарғайып кеткен темекіден. «Дүкенге келемін» дедім. «Мал қайда?» деп күліп, ойнады. Соңынан да қонақтықта, көрген жерде: «Мына Нәсіпқали малды тастап, ауылға дүкенге келіп жүр» мені ұялтқысы келетін. Мен жаспын, ол кісінің әзіліне жөнді жауап бере алмаймын.

Ол кісі бізге келгенде әжем міндетті: «Төлегенжан келді» деп көрші- көлемді шақырып қонақ қылатын. Күй тартқанда тұла бойын қатты ұстайды, өте таразы, аласа адам, сол жақ көзінде ақ бар, күйді беріліп тартқанда көзі ақиып, аспандап шығып кете жаздайтын. Бір орнында отыра алмайтын, ғажап, ақкөңіл адам. Әйеліне де бір ауыз қатты сөз айтқанын естіген жоқпыз. Кейбіреулер ұқсап, қонақтықта сыңарезуленіп, өзін көрсеткісі келіп, сөз таластырып отырмайтын.

Әкесі Тасмағамбет тері илейтін, иші болды. Шелек түптеу, оңдаумен айналысты. Соғыс уақытында құлаған самолеттің сынығын жинап, ақ алюминийден шелек жасап, түбін ағашпен түптейтін. Шебер адам болды. Төлегеннен кіші Көбеш деген інісі болды. Көбештің жалғыз ұлы Ғарифолла қайтты, қазір немерелері бар. Тасмағамбет Қарағайда Көбештің қолында тұрды».

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале