23.12.2025, 16:00
Оқылды: 12

«Құрметке лайық сәулелі жылдар»

Жуырда осындай атаумен облыстық халық шығармашылығы орталығында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Нұргүл Бердашеваның мерейлі кеші өтті.

5Q5A1490

Тағылымы терең, мазмұны бай кеш Нұргүл Орынғалиқызын Шалқар радиосының «Жайдарман» бағдарламасы арқылы жолданған ыстық лебізбен ашылып, мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолын арқау еткен жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнероликпен жалғасын тапты. Сахнаның сәнін халықтық «Ақжайық» және үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамбльдерінің әсем билері кіргізіп, кеш көркін арттырды.

Салтанатты жиын барысында облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов кеш иесін құттықтап, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын, сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың құттықтау хатын табыс  етті.

– Бүгін біздің қара шаңырағымыз – облыстық халық шығармашылығы орталығының төрінде біз сізбен бірге мәдениет пен өнерге адал қызмет еткен Нұргүл Орынғалиқызын әдемі жасымен құттықтап, зейнетке шығарып салып отырмыз. Зейнет жасына жету біреуге бұйырады, біреуге бұйырмайды. Дегенмен, сізді қимастықпен шығарып салып отырған халық шығармашылығы орталығының ұжымы сіздің еңбегіңіздің қадірін терең түсінеді және оған шынайы ризашылық білдіреді. Бұл – ерекше  жағдай, қырық жыл бойы бір мекемеде еңбек ету кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Еңбек кітапшасындағы бір ғана жазу – оның өзі үлкен құрмет пен үлгіге лайық. Сіздің адалдығыңыз, талапшылдығыңыз, шығармашылыққа деген сүйіспеншілігіңіз ұжымның әр
мүшесіне үлгі болып, таланттарды қанаттандырып, мәдени мұраны сақтауға зор үлес қосты. Нұргүл Орынғалиқызы, деніңіз сау, көңіліңіз жарқын болсын! Сіз еліміздің мәдениеті мен өнеріне шын беріліп, талмай қызмет еттіңіз. Сізге адал еңбегіңіз, парасатты мінезіңіз бен басшылық қабілетіңіз үшін зор алғыс білдіреміз, – деді Медхат Қамбетов.

Сонымен қатар мәдениет саласының ардагері, «Парасат» орденінің иегері Айдар Батырханов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, облыстық, қалалық және аудандық мәдениет мекемелерінің басшылары мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін арнап, гүл шоқтарын ұсынды.

Кештің музыкалық әрін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-композитор Марат Сарбөпеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова келтірді. Өнер иелерінің орындауындағы сырлы әндер мерейлі кештің мазмұнын тереңдетіп, көрерменнің көңіл төрінен орын алды.

Жиын барысында жүргізушілердің поэтикалық тілмен өрілген сөздері арқылы Нұргүл Орынғалиқызының азаматтық болмысы, кәсіби шеберлігі, ұжымға деген жанашырлығы мен талапшылдығы кеңінен көрініс тапты. Ұзақ жыл бойы мәдениет саласында табанды еңбек етіп, талай таланттың қанатын қатайтқан, шығармашылық ұжымның бірлігін нығайтқан тұлғаның еңбегі сахна төрінде айрықша аталып өтті.

Мерейлі кеш соңында Нұргүл Бердашева сөз сөйлеп, осындай мазмұнды әрі тағылымды кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымына, әріптестеріне, ардагер аға буын өкілдеріне, отбасы мүшелері мен көрермендерге шынайы алғысын білдірді.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале