Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Әскери кафедра» студенттері оқу жылы барысында алған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Оқу-жаттығу жиынына басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қатысып, курсанттардың әскери шеберліктеріне куә болды.
Әскери кафедраның жабдықталған оқу қалашығы мен тактикалық алаңында өткен оқу-жаттығу жиынына 90 студент қатысты. Олар – Әскери кафедраны бітіріп жатқан курсанттар.
Тәжірибелік көрсетілім барысында курсанттар мотоатқыштар, инженерлік құрылымдар, тапаншадан оқ ату, граната лақтыру, жеке қорғаныс құралдарын қолдану нормативін орындау, атыс қаруымен, радиациялық химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарымен арнайы жұмыс істеу, әскери автокөлік жүргізу, артиллериялық атысты басқару, қарсыластың топтық нысанын жеңу үшін атыс позициясына командалар беру, радио құралдары байланысымен жұмыстану, байланыс орнату іс-әрекеттерін орындады.
2019 жылдың қыркүйек айында Әскери кафедраға оқуға түскен М.Өтемісов атындағы БҚУ студенті Арсен Мұсағалиев биыл қолына «запастағы офицер-лейтенант» шені мен әскери билетін алады.
– Алдағы уақытта әскери салада қызмет атқарғым келеді. Күні бүгінге дейін түрлі оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға қатысып, өзімізді шыңдадық. Бізге екі жыл білім берген кафедра оқытушыларына алғыс білдіреміз, - деді курсант.
Әскери кафедрада алты мамандық бойынша әскери мамандар даярланады. Бұған дейін бітіруші курсанттар әскери полигондағы атыс жаттығуына қатысты, әскери ант қабылдады. Енді оларды алда емтихан сынағы күтіп тұр.
Еске сала кетсек, биыл университеттің «Әскери кафедрасын» 169 курсант бітіреді.
БҚАТУ медиа-орталығы