Бүгін – Әкелер күні
Казталов ауданына қарасты Сарықұдық ауылының тұрғыны Дулат Ниетқабылов мал шаруашылығымен шұғылданады. Уақытпен санаспай жұмысқа белсене кірісетін еңбек адамы мал бағудың қыр-сырын әкесінен үйренген.
Бүгінде көрген-білгенін ұлдарына айтып, оларды да еңбекке баулып жүр. Маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күніне орай мақала дайындауға кірісе бастағанда есіме бірден Дулат Сағынгерейұлы түсті. Содан оған қоңырау шалып, кәсібі, жоспарлары туралы сұрадық. Олар құрт дайындау технологиясын жетік меңгерген. Құрт жасау барысында ет тартқышты пайдаланады. Сыртқы пішіні бір-бірінен айнымайтын құрттарды арнайы дайындалған жылы бөлмеде құрғатады.
– Атакәсібі – балаға мұра. Малдың еті мен сүтін азық етіп келе жатқан қарапайым отбасымыз. Әкемнің жолын жалғау – басты мақсатым. Жүйелі жұмыс істеп, бүгінде нақты нәтижеге қол жеткізіп келемін. Шаруаға ұлдарым және ағайын-тума көмектеседі. 2012 жылдан бері біз сүт өнімдерін өндіреміз. Май, құрт, ірімшік, қаймақ, айран, балқаймақ жасаймыз. Қаймақты майға айналдырамыз. Күніне 25 сиырдан 120-130 литр сүт сауылып, 400-500 шақты құрт жасалады. Оны 10 күндей жинап, Орал қаласына әкеліп, құрт қабылдайтындарға тапсырамын. Уақыт өткен сайын біз жасаған құрттарға сұраныс арта түсуде. Сол үшін қуаныштымын. Біздің құртты, тіпті Атырау қаласының тұрғындары да сұрайды. Бәрі де маңдай тердің арқасы деп білемін. Құртты сүзбеден жасаймыз. Сүтті қазанға қайнатып, піскен сүтті салқындатып, ішіне қатық қосып ұйытамыз. Сүзбені арнайы дорбаларға құйып, сарысуын айырып аламыз. Бұл жұмыс төзімділік пен шеберлікті қажет етеді. Мен құртқа белгілі бір пішін беретін жабдық жасадым. Құрт кәсібін дамытып, брендке айналдырсақ дейміз. Құрт сатудан жиналған қаражатқа 2019 жылы баспана салып алдық. Сарықұдық ауылында «Айзере» атты дүкеніміз жұмыс істеп тұр. Онда азық-түлік сатылады, – дейді кейіпкеріміз.
Сұхбат барысында кейіпкеріміздің жоспары көп екенін байқадым. Ол кәсібін кеңейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Әрине, бұл алдағы уақыттың еншісінде. Мұндай игі бастаманы жүзеге асыруға бірінші кезекте денсаулық, уақыт, қаражат керек. Дулат Сағынгерейұлының бұл белесті де бағындыратынына кәміл сенуге болады.
Кәсібі жайында өзіме керекті ақпаратты алған соң негізгі мақсатымыз – әкенің қоғамдағы орнын айқындауға ойысып, кейіпкерімізді әке, бала тәрбиесі тақырыптарында сөйлетіп көрдік. Айта кетейік, ол 20 жасында отау құрып, еңбекке ерте араласқан. Қазіргі таңда жұбайы Әлия Ниетқабылова екеуі 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
– Әкем – Сағынгерей Қарекенов өте салмақты адам. Бізге айқайлап, қол көтеріп көрген емес. Ол – елге сыйлы азамат. Жұмысын тыңғылықты атқарып, әрбір ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Қашанда ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Бізге біреудің ала жібін аттамау керектігін үйретті. Еңбекке баулыды. «Еңбектің наны тәтті» екенін жиі айтады. Оның істеген жұмысы, бойындағы ізгі қасиеттері – мен үшін үлгі-өнеге. Менің ойымша, қазіргі таңда әкелер қоғамдық өмірге белсене араласуы керек. Бұл өскелең ұрпақтың бойына ұлттық танымды сіңіру үшін қажет. Әке – өте терең ұғым. Осы ұғымның мән-мағынасын ашатын, әкенің қадір-қасиетін арттыратын шаралардың көптеп ұйымдастырылғаны абзал. Әкелер форумы, отбасылық сайыстар, қолөнер байқауы және келелі кездесулер, жылы жүздесулер өткізілуі тиіс. Осындай мәнді-мағыналы шараларға әкелер де белсенді түрде атсалысуға пейілді болғаны жөн. Анам Нұржамал Қарекенова – зейнеткер. Ол да немерелеріне ертегілерін айтып, еркелетіп отырады, – дейді Дулат Ниетқабылов.
Жалпы кейіпкеріміз – сөзі мен ісіне сай жігіт. Олай дейтін себебіміз – ол қоғамдық өмірге әкелердің етене араласуы керек екенін сөзге өзек етіп қана қоймай, соны ісімен де көрсетіп жүр.
Жанұясымен бірге республикалық «Мерейлі отбасы – 2023» байқауына қатысты. Астана қаласына әкесі мен анасы, жұбайы және балаларымен барып, жарыста жеңімпаз атанды. Балалары сол сапардағы қызықтар туралы әлі күнге жарыса айтады екен.
Оның айтуынша, Астана сапары бәріне ұнаған. Ауылға тың қуат, серпіліс жинап келген. Алға қарай қадам басуға деген құлшыныстары артып, ерекше әсерге бөленген. Кейіпкеріміздің аталған жарыстың ұйымдастырушыларына деген алғысы шексіз. Бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Үлгілі отбасылар бақ сынайтын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, жанұя бірлігін нығайтатын ауқымды, мән-маңызы зор шара. 2023 жылы осы жарысқа 3 344 отбасы қатысқан.
Балалары трактор тізгіндеп, сиыр сауу, шөп шабу, мал бағу, жылқы үйрету сияқты жұмыстарға араласады. Бірлігі жарасқан қарапайым отбасы бала тәрбиесіне үлкен мән береді.
– Бар байлығым – балаларым. Мен оларға технология қарыштап дамып жатқан заманда міндетті түрде оқу керек екенін жиі айтып отырамын. Кейде бекер оқымаған екенмін деп сан соғатын сәттерім де бар. Балаларымызға барынша пайдалы ақыл-кеңестер айтып, іс-әрекетімізбен үлгі болуға тырысамыз. Олар бізбен бірге жүріп, мал бағуды меңгеріп алды. Бір-біріне еліктеп, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауды үйренді. Перзенттерімнің еңбекқор болып өскенін қалаймын. Бала әкесі мен шешесінің айтқанын емес, олардан көргенін істейді. Тұңғышым Бейбарыс трактордың көмегімен шөп буады. Екінші ұлым Жансерік шөп шабады. Аманбек сиыр сауады, Манас дүкеннің жұмыстарымен айналысады. Айзере – көмекшім. Рамазан – бүлдіргіш. Кенже ұлым Мырзахан күні кеше дүниеге келді. Бейбарыс үш жасында ермексаздан өзі қалаған дүниені жасап алатын. Сурет салуға деген икемін байқап, Жалпақтал өнер мектебіне бердік. Сурет салудың қыр-сырын үйренді. Түрлі деңгейдегі байқауда жүлдегер атанды. Ол биыл мектеп бітірді. Жансерік – өте еңбекқор, ұқыпты бала. Бос уақытын тиімді пайдаланып, сурет салып, анимациялық мультфильмдер түсірумен щұғылданады. Бала кезінен ермексаздан мультфильм кейіпкерлерін жасап, олардың суретін салуға әуес. Үшінші ұлым Аманбек те ағасы сияқты сурет салуға бейім, көркемсөз оқу шебері. Абай мен Мұқағали өлеңдерін жатқа біледі, – дейді Дулат Ниетқабылов.
Марлен Ғилымхан
zhaikpress.kz