30.01.2026, 13:00
Оқылды: 0

Құрылтай – қоғам назарында

Жақында Орал қаласындағы ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген мәселелері мен бастамалары талқыланды.

2

Бұл басқосуға ҚазИИТУ  ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, университет ректоры Әліби Баяхов және оқытушылар мен студенттер қатысты. Іс-шара алдында Ақсерік Сарыұлы құрылтайда көтерілген өзекті тақырыптар ел болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Кешен құрылтайшысы «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылында осы саладағы білімді үздіксіз жетілдіре түсу керектігін тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ел дамуының басты бағыттарына тоқталды. Соның  бірі – републикадағы  шағын және орта бизнестің тынысын кеңейту. Қазір осы саланың қоғамдағы үлесі 40 пайызды құрайды. Бұл пайыздық көрсеткіш қанағаттанарлық болғанымен, оның үлесін әлі де ілгерілету қажет. Ол үшін әр жанұядағы ер мен әйел отбасылық ортақ табысты есептеп, қажетсіз жұмсалатын шығындарды азайтқаны абзал. Қосымша курстарды оқып, кәсіп саласын жан-жақты зерделеуі керек. Осыдан соң шағын және орта бизнеспен шұғылданса, жұмысы жандана түсетіні анық. Бұл отбасы институтын дамытуға әрі өскелең ұрпақты бизнеске баулуға мүмкіндік береді. Осы күндерде әлем елдері ғылымға баса мән беруде. Күнделікті тұрмыста қолданатын заманауи жабдықтар, тың технология – ғылым-білімнің жемісі екені сөзсіз. Қазақстандағы мұнай-газ саласы экономика әлеуетіне дем беріп отыр. Осы орайда қазба байлықтардың пайдасын терең зерделей түсетін химия саласының жас ғалымдарын қалыптастыруымыз керек.

Президент Қазақстан Парламентін «Құрылтай» деп атап, қазіргі Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясынан Халық кеңесі құрылатынын жеткізді. Мемлекеттік биліктің ең жоғары құрылымы «Құрылтай» деп аталғаны – тарихи құндылыққа құрмет, әрі еліміз үшін елеулі өзгеріс болмақ.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жаңа заң шығарушы құрылым елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе санда емес, сапада. Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар, білікті мамандар отыруы тиіс», - деді. Әр азаматтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік болуы керек. Сонда ғана елдің түрлі саласы бұдан әрі қарыштап дамиды деген ойға келдім, – деді А. Әйтімов.

Жиын барысында аталмыш университеттің студенттеріне де сөз берілді. Мәселен, 3-курс студенті Айерке Ерген Ұлттық құрылтайдың V отырысы туралы БАҚ-та жарияланған мәліметтерден танысқанын айтты. «Болашақта бәсекеге қабілетті және жауапты маман болып қалыптасу – менің басты ұстанымым», - дейді Президент сөзін негізге алған жас өрен.

– Ел Президенті қоғамдық-саяси диалог алаңында Қазақстанның даму бағыттары, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, саяси реформалар, азаматтық қоғамды дамыту және конституциялық өзгерістер секілді өзекті тақырыптарды қамтыды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жастардың ел дамуындағы рөліне айрықша тоқталды. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы қоғам өмірінің барлық саласына тың серпін берді. Менің ойымша, еліміздегі бүгінгі жас буын – білімге құштар, заманауи технологияларды меңгерген, әртүрлі салада жемісті еңбек ететін негізгі қозғаушы күш. Бүгінде  қазақстандық жастар ғылым, білім, мәдениет, кәсіпкерлік, цифрландыру және өнер салаларында қолтаңбасын қалдырып келеді. Мемлекет тарапынан да жастарды қолдауға арналған жобалар жүзеге асуда. Ұлттық құрылтайда айтылғандай, ғылым қалашықтарын құру тұжырымдамасының қабылдануы – ғылым саласын дамытуға негіз болатын басты қадам. Бұл бастама ғылыми-зерттеу институттарын, жоғары оқу орындарын және инновациялық орталықтарды бір ортаға шоғырландыруды көздейді. Менің ойымша, бұл жоба отандық ғылымның әлеуетін арттыруға, жас ғалымдарды қолдауға және Қазақстандағы ғылыми жаңалықтардың пайда болуына ықпал етеді. Президент жастардың тың технологиялар мен заманауи жабдықтарға бейім екенін айтты. Жастардың ой еркіндігі, өзекті бастамасы, тың идеясы, еңбегі мен жауапкершілігі Қазақстанның өркендеуіне үлес қоспақ, – деді А. Ерген.

Құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының магистрі Данияр Журинов Ұлттық құрылтайда көтерілген саяси өзгерістерді баян етті.

– Президент өз сөзінде биыл Қазақстан келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болатынын атап өтті. Осы өзгерістердің өзегі Парламенттік реформа екенін айтты. Осының негізінде былтыр Парламенттік реформа деген бөлім ашылып, жұмыс тобы жаңа заң шығарушы құрылымды жан-жақты талқылап, сараптады. Елімізде құрылғалы отырған бір палаталы Парламенттің «Құрылтай» деп аталуы да көпшілік көңілінен шығуда. Ал ондағы депутаттар саны туралы айтатын болсақ, жұмыс тобы Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген шешімге келген. Жаңа Парламентте үш төраға орынбасары болуы мүмкін. Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайда енді елдегі саяси өзгерістер, соның ішінде маңызды мемлекеттік құрылымдардың мүшелерін тағайындау тек Парламент келісімімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ елдің жоғары өкілді құрылым депутаттарына Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың барлық судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылды. Құрылтайдағы депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы саралайды. Содан  соң өзгерістерді мақұлдады, заңды қабылдайды. Тағы бір жаңашылдық – ел билігінде вице-президент қызметі пайда болады. Оны ел Президенті өзі тағайындайды. Вице-президент мемлекет басшысының атынан халықаралық кездесулерге қатысып, ішкі саяси бастамаларға да бастамашы бола алады. Осы конституциялық реформа елімізге оң өзгеріс әкеледі деп сенемін, – деді Данияр Асқарұлы.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале