Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі және Қазақстан Жазушылар одағының (ҚЖО) Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллинді қабылдады.
Жылы шырайлы жүздесу барысында биылғы Бурабай құрылтайынан кейін халық пен билік бірлесіп жүзеге асыратын міндет-мақсаттар, ортағасырлық Жайық қаласының жұртын аспан асты музей кешеніне айналдырудың мән-маңызы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан және Атырау құрылтайларындағы баяндамаларында айтылған ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін жандандыру, көркем әдебиетті насихаттау бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде пікір алмасылды. Осындай іргелі жұмыстарға тікелей атсалысатын ҚЖО-ның жергілікті мүшелеріне грант бөлу мүмкіндігі қарастырылатын болды. Облыс орталығы Орал қаласынан Әдебиет музейін ашу жөніндегі идеяны Нариман Төреғалиұлы қуана құптады. Ақ Жайық атырабының бай әдеби тарихы мен әдеби дәстүрін һәм қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен Жайық жұртының ұлтаралық жарасымы мен іргелі дінаралық татулық-түсіністігін насихаттауға негізделетін болашақ Әдебиет музейі Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігін нығайта түсуге, Қазақ елінің мемлекеттілігін баянды етуге қалтқысыз қызмет етері күмәнсіз. Мұндай бастама «Мен қазақпын!» деген барша бауырларымыз бен «түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» нағыз отандастарымыздың, нағыз қазақстандықтардың тарапынан жаппай қолдау табары кәміл.
Өңір басшысы өткен жылдың соңында жергілікті ақын-жазушыларды қабылдау кезінде Аманкелді Шахиннің шығармаларының екі томдығы мен Қазыбек Құттымұратұлының өлкетанушылық сипаттағы жаңа кітабын шығару жөнінде сөз болған еді. Бұл шығармашылық жоба-жоспар да биыл жүзеге асатын болды. Бұған қоса алдағы айларда бес ақын-жазушы «Ақжайық» шипажайында демалмақ.
Бауыржан Файзоллаұлының 1991 жылғы Қыркүйек оқиғасында қазақтың намысын асқақтатып, әрі аталмыш оқиғаның қантөгіске ұласпай бейбіт шешілуіне айтулы үлес қосқан ақын Айсұлу Қадырбаеваның алдағы қарашада 75 жасқа толатындығына орай туған өлкесінде шығармашылық кешін өткізу жөніндегі ұсынысы да өңір басшысы тарапынан мақұлданды.
Б.Салық
«Орал өңірі»