Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің төрағалығымен құрылыс саласының мамандары жобалау жұмысына қатысты мәселелерді талқылады. Жиналысқа салалық басқармалар басшылары, Орал қаласы мен аудан әкімдері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс компанияларының жетекшілері, аккредиттелген сараптама және жобалау ұйымдарының өкілдері қатысты.
– Құрылыс – экономиканың маңызды саласы. Облыс бойынша «Нұрлы жер» мен «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары, сумен жабдықтау және жолдар құрылысына бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Белгіленген жоспарлы жұмысты іске асыру және жобалық құжаттаманы дайындау барысында бірқатар нысанға қатысты жобалық-сметалық құжаттамадағы кемшіліктер ұдайы анықталады. Осының нәтижесінде нысандарды салу, уақытылы тапсыруға байланысты түрлі мәселе туындайды, бюджет қаражатын игеру мерзімі бұзылады. Жобалық-сметалық құжаттамалар сапасының төмен болуы жобалау-құрылыс кешеніне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруді, бірлескен қызметті үйлестіруді, оның тиімділігін арттырудың жаңа тетіктерін іздестіруді талап етіп отыр, - деді Тимуржан Шәкімов.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Молдашевтың айтуынша, 2020 жылы 10-нан астам жоба сүзгіден өтпей қалған. Сараптама бойынша теріс қорытынды берілуіне сапасыз құрылыс материалдарының көрсетілуі себеп болған. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету жобаларындағы кемшіліктер анықталғанын айтты. Мәселен, былтыр Ақжайық ауданы Жамбыл және Битілеу ауылдарына су құбыры тартылды. Бірақ құрылыс жобасында металл бұйымдар салмағы, топырақ көлемі мен орталықтан су тартатын 12 сорғы саны артық есептелген. Тексеріс нәтижесінде 158,9 млн теңге бюджетке қайтарылды. Бәйтерек ауданы Октябрск ауылындағы су құбырының құрылысы бойынша іс жүзінде 180 метр болуы тиіс металл қоршау жобалық-сметалық құжаттамада 180 киломтер деп көрсетіліп, топырақ көлемі мен айырым белгілері 150 дана артық есептелген. Асыра сілтеуге бағытталған 55,4 миллион теңге қазынаға кері құйылды. Қос құрылыс бойынша жобалаушы ұйым – «Stroyconsalting» ЖШС. Басқарма басшысының орынбасары әу бастан құрылыс есебін жобалау жұмысында нақты ескеру керектігін атап өтті.
– Қазіргі уақытта облыс әкімдігі құрылыс жұмысына отандық өнімдерді қолдануға басым көңіл бөліп отыр. 2020 жылы «ҚПО б.в» компаниясы 3,77 милииард теңге қаражат есебінен 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысын бастады. Оның ішінде Казталовка және Тасқала ауылындарындағы 300 көрерменге арналған ДСК құрылыстарына ресейлік материалдарды қолдану қарастырылған. Соған байланысты ЖСҚ-ның шартты құнын өзгертпей құжаттамаға түзету жұмысы жүргізілуде. Былтыр облыста мектеп құрылыстары қарқынды қолға алынды. Шыңғырлау ауданы Лубенка ауылындағы Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен Орал қаласындағы №25 жалпы орта білім беретін мектеп ғимараттары күрделі жөнделді. Осы нысандар бойынша құрылыс тәжірибесіне назар аудара отырып, күрделі жөндеу кезінде мектептерге жаңа технологиялық жабдық сатып алу мәселесін қайта қарастыру үшін бұрын бекітілген стандарт талаптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс жолдағымыз келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ауқымында Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында су құбырын қайта жаңғырту аяқталды. Жоба бойынша 200 текше метр резервуар салынған. Оған қоса 45 өрт гидрантының орнатылуы салдарынан ұзындығы 18 шақырым құбыр диаметрін ұлғайту керек болғаны анықталды. Алдын ала дұрыс есептелінбеген соң, жоба құны 23,3 миллион теңгеге қымбаттаған, - деді Нүркен Молдашев.
Жиналыста «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның бас директоры Валентино Михно жобалаушылар қателігінен құрылыс мердігерлері зардап шегетінін айтты. «Кейбір жобалық-сметалық құжаттама бойынша жүргізілген құрылысқа жобалаушы емес, мердігер кінәлі болып шығады. Тапсырыс беруші жобаға түзетуге енгізуге құлықты емес. Жауапты мекеме бекітілген уақыт кестесіне сай құрылыс нысанын уақтылы тапсыруды басты орынға қояды. Сондықтан мердігер құрылыстағы кемшіліктің орнын толтыру үшін өз қаржысына құрылыс материалын төмен бағамен сатып алып жатады. Тіпті кей жағдайда сметалық есепті қайта өңдеп шығуға тура келеді», - деді Валентино Михно. Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин сараптама қорытындыларына мән беру керектігін ашық айтты.
– Бір жобада құрылыс бөлшегін қайталап көрсетеді. Мемлекеттік сараптаманың оңып тұрғаны шамалы. Оның қасында жеке сараптама ұйымдары жауапкершілікті өз мойнына алмайтыны анық. Су құбыры құрылысына жұмсалып жатқан қаржы ұшан-теңіз. Мәселен, «Ақ бұлақ» бағыты бойынша салынатын екі нысанға үш нысанның қаржысы шығындалады. Жобалау жұмысына түзету енгізу үшін өз ұсыныстарымызды айтып жатамыз. Бірақ жобалаушы мамандар сараптама талабынан өтпейтінін уәж қылады. Кейбір жобада құрылыс материалдарын бағасын шарықтатып көрсетеді. Ал нарықтағы бағасы төмен екенін көріп отырамыз. Барлық тарап бас қосып отырғанда осы мәселенін талқыға салынуы дұрыс болды. Аудандарда білікті құрылыс мамандары өте аз. Сондықтан жобалау жұмысына терең зерттеп-зерделеу жүргізу үшін тапсырыс беруші құрылым жүйесін, бәлкім, орталықтандырған дұрыс шығар, - деді Наурызбай Қарағойшин.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетовтің баяндауынша, 2020-2021 жылдары автокөлік жолдарын жөндеуге байланысты ЖСҚ дайындау бағытында 119 жоба дайындалуда, соның 34-і сараптаманың оң қорытындысын алды. Басқарма басшысы автожол құрылыстарын жобалаудағы басты қателіктерді атады. Оның айтуынша, басқа өңірден келген жобалаушылар геологиялық және геодезиялық тұрғыда зерттеп-зерделенуі тиіс жобалардың сапасына салғырт қарайды. Жалпы алғанда, құрылыс жобаларында көрсетілген мәліметтер нақты деректермен сәйкес келмейді. Автожолдағы көлік қозғалысының қарқыны мен жүк салмағы есепке алынбайды. Жобаның қымбаттауына әкеліп соғатын жаңа құрылыс материалдары шамадан тыс қолданылу ұсынылады.
– Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың орналасатын жері нақты белгіленбегендіктен, мердігер ондай құрылыс нысандарын екінші орынға көшіруге мәжбүр болады. Жол төсемінің құрылымы жол санатына сәйкес болуы ескерілмей қалады. Автожол құрылысы саласында ауқымды жұмыс жүруде. Былтыр қала мен ауылдық елді мекендер ішіндегі жолдар құрылысы жиі тексеріліп, жобалау жұмысындағы кемшіліктер түзетілу үшін мердігерге бірнеше ескертулер берілді. Сондықтан сарапатамлар комиссиясын құрып, жобалық-сметалық құжаттамаларды алдын ала зерделеуге көңіл бөлгелі отырмыз, - деді Бауыржан Айтмағамбетов.
Жиында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Айдар Менеев соңғы үш жылда жобалау ұйымдарына байланысты 39 әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Сапасыз жобаға үйір үш жобалау ұйымы лицензиясынан түбегейлі айырылып, әрқайсына айыппұл салынған. Айдар Менеев шетелден құрылыс материалдарын алдырту жобалар құнының өсуіне себеп болып отырғанын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов күрмеулі түйткілдер шешіміне назар аударып, құрылыс жобаларының сапалы жүргізілуіне барлық тарап мүделлі болуы тиіс екенін айтты.
– Таспырыс берушілер жобалау жұмыстарын зерделеп қарамайды. Мүлдем іске алғысыз болса, ЖСҚ-ны жобалаушыға қайтарсын. Ең болмаса, жобалау барысында жұмыстың бағыт-бағдарын саралап, мамандармен кеңесу керек қой. Соңынан қате-кемшілік анықталып жататын ЖСҚ-лар сараптама қорытындысымен мақұлданып кетіп жатады. Менің ойымша, күрделі жөнделетін немесе қайта жаңғыртылатын ғимарат құрылысына қатысты алдын ала зерттеу жұмысын жүргізу керек. Әу бастан жөндеу жұмысына қатысты акт құжаты дұрыс жасалмайды. Мәселен, акт құжатына қол қоятын мектеп директоры немес амбулатория меңгерушісі құрылыс маманындай нақты зерделеу жүргізе алмайды. Одан әрі конкурс тәртібімен жеңімпаз болған жобалаушы ұйым акт қорытыныдысына сүйеніп ЖСҚ дайындап жатады. Осы мәселеге байланысты облыс әкіміне нақты ұсыныстар жасадым, - деді Тимуржан Шәкімов.
Сала мамандарының баяндамаларынан ұққанымыз, құрылыс саласында басы артық қаржы құюдың қалтарыс-бұлтарысы көп секілді. Мердігер мен жобалаушы, тапсырыс беруші мен тексеруші құрылымдар арасында болатын бітпес даудың «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидатының ескерілмеуінен туындайтыны айдан анық байқалуда. Сәулет ісінің кей мамандары аудандардағы құрылыс нысандары мен тұрғын үйлер қоңыр қаздың балапанындай бір-бірінен ұқсас екендігінің айтуы да орынды сын болды. Жиналыста Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мерхан Бердіғалиев шаһардың бас жоспарымен таныстырып, қаланың кең қанат жайып келе жатқан жаңа аудандарының құрылысының бағыт-бағдары жөнінде баяндады.
ҚР Сәулетшілер одағының БҚО филиалының төрағасы Майра Сәрсенғалиева құрылыс жобаларындағы эстетикалық әрлеу жұмысын жетілдіруге назардан қағыс қалатынын айтып, елді мекендердің басты көшелерінің сәулетіне көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz