2.11.2022, 13:00
Оқылды: 108

Құрылыс материалы қат, тасымалда түйткіл көп

Кеше «Қазавтожол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі Орал қаласында облыс бойынша республикалық маңыздағы аутожол құрылысы туралы брифинг ұйымдастырды. Брифингте «Қазавтожол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов күре жолдар желісі, оны күтіп-ұстауға байланысты қысқы кезеңге дайындық, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары және алдағы жоба-жоспарлар жайында баяндады.

WhatsApp Image 2022-11-02 at 12.48.39

Республикалық аутожолдар желісін дамытуға қатысты жобаларды шолып өткен соң аталған филиал басшысы жергілікті журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың дені Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарындағы күре жол құрылысына ойысты. Жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын аутожолдарын күрделі жөндеу биыл да аса қарқын ала қоймады. Тағы пысықтап өтейік, екі жыл бұрын осы бағыттар бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы алты жерде басталды. Бірақ мердігерлер дауынан кейін тапсырыс берушінің «Теміржол жөндеу» ЖШС-мен келісімшартты бұзуына байланысты Нұрсай мен Күйгенкөл ауылдарының арасындағы бір учаске иесіз қалды. Ала жаздай Казталов – Жәнібек аутожолының 53-95 шақырым бөлігіне жөндеу жұмысы жүргізілмеді. Оған басты себептің бірі – бірнеше мәрте мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жүргізілсе де, жеңімпаз мердігер-ұйым анықталмады. Мұның мәнісін тапсырыс беруші тарап – «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері әлі күнге тарқатып айтқан жоқ. Есесіне, дәл осы учаскеде саз батпаққа батқан жеңіл мәшинелер мен жер бауырлаған жүк көліктер туралы аудио және бейнежазбалар кеңінен тарала бастады. Күздің орта тұсынан бастапжауын-шашын күшейсе, туар айда жапалақтап қар жауып үлгеруде. Осы аласапыранда тапсырыс беруші мекемеден қандай амал жасап жатқанын сұрадық. «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов жол бойында тұралап жатқан көліктерді шығаруға арнайы техникалар шығарылғанын, қазіргі жағдай күнделікті бақылауда екенін айтумен шектелді. Осыған орай айтқан жаңалығы – Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы бағытындағы екінші учаске бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы қыркүйек айында анықталыпты. Енді жол тағдыры жергілікті компания «Uniserf» ЖШС-ның қолында. Қуанарлығы, «Uniserf» ЖШС – Қазталов ауылынан бермен қарай аутожол құрылысын қарқынды жүргізіп келе жатқан мердігерлердің бірі. Сондықтан осы жаңалықпен бірге күрмеуі көп күре жолды асфальттауды одан әрі жүйелі жалғастырып алып кетеріне үміт оянғандай болды. Қоңсылас қос учаскедегі жұмыстың қарқын алуына қалың бұқара да тілекші екені анық.

WhatsApp Image 2022-11-02 at 12.52.33

Осы брифингте мәлім болғандай, республикалық маңыздағы болсын, облыстық деңгейдегі болсын, жалпы аутожолдар құрылысының кідіруі – қиыршықтас пен битумның қат болып отырғанынан, яғни дер кезінде мердігерлерге жеткізілмеуінен деп түсіндіреді компания өкілдері. Ал инертті материалдарды тасымалдауды мойнына алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бұл бағыттағы қауырт жұмысты жүйелі атқара алмай ұятты болып отырғанға ұқсайды. Ал жұртшылық екі көзі төрт болып күтіп отырған аутожолдардың құрылысы тура бір жылда аяқталуы тиіс. Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын аутожолдарын күрделі жөндеу Президенттің тікелей бақылауында. Қазбек Мәмбетов келесі жылдағы қауырт жұмысқа дайындықты күшейтетінін, құрғақ битум қоспасы мен қиыршықтастың, кем дегенде, 50-70%-ын 2023 жылдың мамыр айында жинап үлгерулері тиіс екенін мәлімдеді. Әйтпесе, екі нысан бойынша күрделі жөндеу межелі мерзімде аяқтала қоюы неғайбыл екенін қоса айтты. Оның үстіне, биыл жобаға бөлінген 15 миллиард теңгенің 12 миллиарды ғана игерілген. «Қазавтожол» қалған қаражатты дайындық жұмысына жұмсамақ. Брифинг барысында Өнеге – Бисен – Сайқын бағыты бойынша жол құрылысының шабан жүргізіліп жатқаны да айтылды. Ірі жоба басталған 2019 жылдан бері «Ақжол құрылыс» және «Атыраужолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестері 100 шақырым аутожолдың, ең болмаса, тең жартысын асфальттап үлгере алмай келеді. Бүгінге дейін аутожолдың үштен бір бөлігінежол бетіне қара жамылғы құйылған. Осыған байланысты сауалды журналистер ортаға тастаған соң, «Ақ жол құрылыс» ЖШС-ның директоры Әмірбек Төлегенов картадағы аутожол желісінің сызбасын көрсете отырып, күрделі жөндеудің кідіру себебін кеңінен баяндады. Қиыршықтас Ақтөбе облысының Мұғалжар карьерасынан теміржол арқылы тасымалданады. 1300 шақырым қашықтықты бағындыратын вагондар Ақтөбеден шығып Атырау қаласынан асқан соң, соңғы нүкте – Жәнібек және Сайқын стансаларына жету үшін Ресей Федерациясындағы 500 шақырымдай қос рельсарқылыөтеді. Барлық мәселенің ұшығы осы жерде – Ресей тарабы халықаралық стандартқа сай келмейтін жүк вагондарын шекарадан өткізуге тыйым салады.

–«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы «Қаз Темір Транс» АҚ-ға қарасты 100 мыңнан астам ашық вагон бар. Бірақ сол вагондардың 90 пайызы шекара сыртына шығуға мүлдем жарамайды. Олардың көбі әбден ескірген. Одан бөлек, Ресей жарамсыз деп есептен алып тастаған вагондар Қазақстан ішінде жүр. Ескі вагондарды ел аумағында жүк тасымалына әупірімдеп пайдалануға болады. Бірақ Ресей тарабы вагон дөңгелегінен бастап сапалы болуын тексереді және бір вагонға 68 тоннадан астам жүк тиемеуді талап етеді. Былтыр жол құрылысына дайындалуға жеткілікті қаражат бөлдім. Биыл бізге 106 мың тонна қиыршықтас жеткізілуі керек еді. Қаңтар-сәуір айларында, бар болғаны, 66 вагон материал тасымалдап алдым. Ал бір шақырым жолға 5,5 мың тонна қиыршықтас төсеу қажет. Нақтырақ айтқанда, сол 66 вагонмен жеткізілген материал бір шақырымды қамтуға жетпеді. Сәуір айында облыс әкімдігінің ҚТЖ басшылығымен кездесіп, құрылыс материалдарын жеткізу мәселесін кеңінен талқылауы жұмыстың жандана түсуіне себепші болды. Соның нәтижесінде ұлттық компания маусым айынан бастап бір ай уақыт ішінде ресейлік бағытқа шығатын вагондар санын 400-ге дейін көбейтті. Осы жерде құрылыс материалдарын үш мердігер – «Ақ жол құрылыс», «Атырау жолдары» және «Темір жол жөндеу» ЖШС-лары Сайқын мен Жәнібек стансаларынан қабылдайтынын айта кетейін. Әр компанияға жалпы 1500 вагоннан қиыршықтас жеткізілуі керек еді. Бүгінге дейін «Ақ жол құрылысқа» 860, «Атырау жолдарына» 840 вагон қиыршықтас жеткізілді. Ақтөбеден келетін вагондар соңғы стансаға дейін аттай тоғыз күн жол жүріп келеді. Сонда бір рейстің бару-келу ұзақтығы 18 күнге созылады. Кейбір вагондар көрші елдің бекетінен кері қайтады. Содан зарыға күткен қиыршықтасты үш компания таласып алып жатыр. Әлі де 180 вагон атас келуі тиіс. Соны қабылдағанның өзінде межеленген жұмыстың 80 пайыздайын орындауға қауқарлымыз. Биыл менің компанияма бөлінген 4,4 млрд. теңгенің 2,5 млрд теңгесін игердім. 2022 жылы 30 шақырым асфальттың бірінші қабатын салып үлгеруі керек еді. Ал осы күнге дейін тасымалдап алған 56 мың тонна қиыршықтас 12 шақырым жолды асфальттауға ғана жетті. Айтпақшы, 200 вагон қиыршықтасты Ресейдегі компаниялар тасымалдап берді. Олармен келісімшартқа отырғанда рубль бағамын негізге алып едік. Теңгенің құлдырауына байланысты тасымал үшін екі есе қаражат жұмсадым. Ал келесі жылға дайындықты наурыз айынан бастау керек. Себебі қыс кезінде суыққа шыдамайтын кейбір материалдар қолдануға мүлдем жарамсыз болып қалады, –  деді Әмірбек Төлегенов.

Біраз күрмеулі мәселе қозғалған брифингте «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов Подстепное – Федоровка-Ресей Федерациясының шекарасы, Атырау – Орал, Самара – Шымкент бағыттары бойынша жөндеу жұмысына қатысты ақпараттарды жариялады. Оның мәліметіне сүйенсек, биыл 28 шақырым Орал-Бұзылық күре жолының асфальт жабыны толық ауыстырылды. Самара – Шымкент аутомобиль жолының үш учаскесі жөнделді. Облыс бойынша республикалық 110 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Аутожолдар желісін қысқы күтіп-ұстау жұмысын уақтылы орындау үшін 90 арнайы техника жолға шығады. Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау үшін көктайғаққа қарсы 17 мың тонна материал дайындалмақ.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале