Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев облыс орталығында бой көтеріп және жөндеу жүргізіліп жатқан бірқатар нысандардағы құрылыс барысымен танысты.
Бүгінде шаһардағы С.Есқалиев көшесі бойындағы салынғанына 50 жылдан астам уақыт болған №182-ші көп қабатты тұрғын үйдің шатыры жаңартылуда. Жауын-шашынды күндері төбелерінен су ағып, әбден мазалары кеткен пәтер иелерінің өтініші ескеріліп, үйдің шатырын алмастыруға қалалық бюджеттен 13 миллион қаражат бөлінген. Өңірдегі тұрғын үй жаңғырту бағдарламасына сәйкес жаңартылған шатыр үшін пәтер иелері келісім шарт бойынша 15 жыл көлемінде 1200-1400 теңге шамасында қаражат төлейді. Сәуір айының алғашқы күндері басталған жөндеу жұмыстары алдағы мереке күндері толықтай аяқталмақ.
Аталған көше бойындағы №22 «Колобок» балабақшасы да толықтай жөндеуден өтуде. Тозығы жеткен балабақшаны жаңғырту жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 108 миллион қаржы қарастырылған. Ағымдағы жылдың алғашқы күндері басталған құрылыс алдағы маусым айының соңында толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Жаңартылған балабақшада 170 бүлдіршін тәрбиеленіп, 60 шақты адам жұмыс жасайды.
Шаһар басшысы құрылысы қарқынды жүріп жатқан №4 орта мектепте де болды. Айта кетейік, салынғанына жарты ғасыр уақыт болған қаладағы №2 жұмысшы ауданында орналасқан №4 орта мектеп апатты жағдайда болатын. Биыл 300 оқушыға есептелген үш қабатты мектеп толықтай бұзылып, орнына сондай көлемдегі төрт қабатты заманауи жаңа мектеп салынып жатыр. Білім ошағының құрылысына республикалық бюджеттен 950 миллион қаржы қарастырылған. Құрылысты мойынына алған мердігер компания бүгінде ескі ғимаратты толығымен бұзып, жаңа мектептің бірінші қабатын қалауға кіріскен. Мектептің құрылысы жыл жарым уақытқа есептелгенімен, құрылыс компаниясы жұмысын белгіленген мерзімнен бұрын бітіруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар қала әкімі «Депо» шағынауданы аумағындағы көпір құрылысымен танысты. Үш айға есептелген көне көпірді бұзу мерзімінен бір ай бұрын аяқталған. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жұмыс осы қарқынмен жүргізілсе, су жаңа көпір халық игілігіне белгіген уақыттан ертерек берілмек.
Құрманғазы көшесі бойындағы сонау 50-ші жылдары салынған, бүгінде апатты жағдайдағы екі қабатты, 8 пәтерлі тұрғын үйдің орнына тоғыз қабатты, 64 пәтерлі жаңа тұрғын үй бой көтермек. Бүгінде көне үйдің тұрғындары толықтай көшіріліп, үйді бұзу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары бір жыл мерзімге есептелген. Көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген күнде алғашқы кезекте көне үйден қоныс аударған пәтер иелеріне берілмек. Жергілікті билік тарапынан жер телімін тегін алуға ғана рұқсат берілген. Барлық құрылыс жұмыстары мен инженерлік жүйелерді тартуды, аулаларды абаттандыруды мердігер компания өз мойынына алып отыр. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан шаһар басшысы мердігер компания басшыларына сапаны қатаң бақылауға алуды және құрылысқа барынша өзімізде өндірілетін материалдарды пайдалануды тапсырды.
-Бүгін қаламыздағы бірқатар құрылыс нысандарын араладық. Жалпы биылғы жылы қала бюджетінен жеті үйді жаңғырту жұмысына 149 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар қала бойынша 4 балабақша және бір балалармен жұмыс орталығының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бұл құрылыс жұмыстарына облыс және қала бюджетінен 300 миллион теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзып, қайта салу жұмыстарына да үлкен мән берудеміз. Шаһарда тозығы жеткен 43 көп қабатты үй болса, соларды жылма-жыл біртіндеп жаңалауды жоспарладық. Облыс әкімі және біздің тарапымыздан осындай құрылыс жұмыстарын аралаудағы басты мақсатымыз - олардың сапасын қатаң қадағалау,-деді Нариман Төреғалиев.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz