15.03.2021, 22:02
Оқылды: 18

Құрылыстан құт қашпасын десек...

Құрылыс саласын жобалауға қатысты мәселелер қаузалған мақаладан  (Құрылыс «қолдан қымбаттамауы тиіс» «Орал өңірі», №15, 23.02.2021) біраз жайға қанықтық. Әрі «Ел үшін, тіршілігіміз үшін өте маңызды істе соның басы-қасында жүрген басшықосшыларға не болған? Айдың-күннің аманында есеп-қисапты бетімен жіберетіні несі? Жобалық-сметалық құжаттардан ұдайы кемшіліктер кездесетіні неліктен? Қажетті материалдардың бағасын орынсыз шарықтатқаны қалай?» деп қынжылуға мәжбүрсің.

курылыстан кут кашпасын десек

Жасыратыны жоқ, салынып жатқан немесе жаңа баспана, түрлі нысан, ғимараттардағы сапаның сын көтермей жататыны сондайдан ғой. Ондай мысал қала түгілі, аудан-ауылдарда да жетеді. Тек өткен күзден бері бұқаралық ақпарат құралдарында қаншама мақала жарияланды. Су жаңа пәтерге кіргендердің көбінің қуанышын төбеден аққан тамшы, іргетастың  жарылуы, қабырғаның  шытынауы су сепкендей басып, не бір айқай-шу елдің  біресе ана тұсынан, біресе мына шетінен естіліп жатады. Оған қазір көптің құлағы да үйреніп болғандай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жыл басында жарияланған мақаласында: «...Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сөзіне алмаса, одан еш қайыр жоқ» деп турасын айтты. Нені меңзеді, кімдерге қаратып айтты? Мұны санасында саңлауы бар адам аңғарары сөзсіз.

Иә, құрылыстағы кесірлер неден «балалайды»? Біздіңше, бүкіл бәле тендерден басталатын сияқты. Мұны халық та теріске шығармайды. Қазір үндемей отыратын заман емес. Біз әңгімелеп отырған салада да, басқасында да мемлекет қаржысына қол салғандардың жегені желкесінен шығып та жатыр. Басқасы басқа, тұрғын үй дегеніміз ұлтымыздың тағдыры, ұрпағымыздың бесігін тербетер ұясы ғой. Сондықтан бұл істе көзжұмбайлыққа, салақтыққа, шалағайлыққа жол жоқ. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалатын құрылыстарға өте қатаң, ымырасыз бақылау керек. Біз жоғарыда айтқан мақаланың: «...Құрылыс саласына басы артық қаржы құюдың қалтарысы-бұлтарысы көп секілді. Мердігер мен жобалаушы, тапсырыс беруші мен тексеруші құрылымдар арасында болатын бітпес даудың «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидатының ескерілуінен туындайтыны айдан анық байқалуда» деп түйінделуі де біраз жайды аңғартқандай.

Мына бір жай да көпті алаңдатып отыр. Біздің еліміз ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткішінен де алдыңғы қатарда. Әйел-аналар арасында түрлі ауру мен орынсыз өлім-жітім де аз емес. Соңғы кезде көбейіп кеткен қайғы-қасіреттің де бір үлкен себебі – «өз үйі – өлең төсегінің» жоқтығы десек, бұл да артық бола қоймас.

Ендеше, құрылыс саласында да ариман болу керек. Онсыз да елдерді  бірбіріне «байлап» қойған мына дүние тосын қайшылықтарға толы. Маңайымызда «түрт, шайтан» деп отырған жымысқы саясат та жоқ емес. Сондықтан сақтықты да, сапаны да естен шығармайық, ағайын!

 

Болат Есқалиев,

журналистика ардагері,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале