15.12.2020, 10:01
Оқылды: 85

«Құс фабрикасында» мәселе көп...

Өткен сенбіде «Медет» облыстық жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту қоғамдық қорының өкілдері Арман, Сарытау шағынауданы мен ел ішінде “Құс фабрикасы” атанып кеткен “Зашаған” бағбандар серіктестігі тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады. Сондай-ақ жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай мен «Ауыл», «Nur Otan», «Ақжол», «Әділет» партияларының өкілдері қатысты.

AA0A945F-67E5-4B9D-A9E4-38586AFBD1AC

Басқосуда тұрғындар көшені жарықтандыру, тасжол төсеу, аутобустардың уақытынан кешігіп жүретіндігі секілді мәселелерді көтерді.

– 2010 жылы Жалпақтал ауылынан “Зашаған” бағбандар серіктестігіне көшіп келдім. Саяжайда 10 мыңнан астам тұрғын тұрады. Он жылдан бері шешілмеген мәселелер бар. Ең бірінші, саяжайды Орал қаласының әкімшілік-аумақтық құрамына енгізуді сұраймыз.

Тағы бір ерекше екпін түсіріп айтпағым, қазіргі жағдайда "Зашаған” бағбандар серіктестігінің төрағасы жылына бір-екі рет тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, ақшаның қайда жұмсалғандығы туралы есеп берсе құп болар еді. Жиналыс мүлдем өтпегендіктен, тұрғындардың наразылығы көбеюде. Былтыр саяжайдағы Сарыарқа көшесіне, яғни 1 шақырым  650 метр жерге тасжол қалдықтары төселді. Енді сол көшенің 550 метрі қалып тұр. Соны келесі жылы аяқтап берсе дейміз. Екінші мәселеміз – осы аумақтағы құс фабрикасына байланысты. Айына бірекі рет тауықтың өлексесінің иісі қатты шығады. Таза ауамен демалу мүмкін болмай кетеді. Сол себепті қалдықтардың бетін жаба ма, әлде басқа жаққа апарып көме ме, әйтеуір бір шешімін тапса екен.

Үшіншісі – жарық мәселесі. Біз электр энергиясының әр киловаты үшін 15 теңгеден төлеп отырмыз. «БатҚазТЭК» АҚ-ның мекемесіне барып, мамандарға жолықсақ, олар «Құс фабрикасы» ауданының тұрғындарынан 10 теңге 90 тиыннан алып отырмыз» дейді. Айырмашылығы әр киловатт үшін 4 теңге. Бұл ақша қайда кетіп жатыр?

Кімнің қалтасына түсуде? Келесі саяжайдағы су құдықтарына байланысты. Әркім өз үйіне 165 мың теңге төлеп, су кіргізді. Көшеде алты-он үйге бір құдықтан салынған. Негізі үш-төрт үйге бір құдықтан салынуы керек. Бұл – құбырға жүктеме. Егер су құбырлары жарылатын болса, суды дер кезінде тоқтатуға қиын ғой, – деді саяжай тұрғыны Асқар Төреғалиев.

Өз кезегінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

– «Құс фабрикасы» ауданы Зашаған кенттік округіне жатады. Өзіңіз білесіз, бұл аумақтағы жерлерді қолдану мақсаты – ауыл шаруашылығына арналған. Қазір ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет тікелей қаржыландыруға тиісті емес. Бұл туралы ҚР Бюджеттік кодексте нақты жазылған. Десе де, біз қол қусырып қарап отырмай, қордаланған мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Сарыарқа көшесінің жолын келесі жылы жөндейміз. Саяжай мәртебесін өзгертпей, мақсатты қаржыландыруды жүзеге асыра алмаймыз. Аутобус мәселесі де шешілетін болады. Қойған сауалдарыңыздың барлығына да жауабымыз бар. Неге жасалмай жатырғанын да айта аламыз. Кез келген мәселе өз кезегімен шешіледі, – деді ол.

«Медет» облыстық жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту қоғамдық қорының жетекшісі Амангелді Дәулетжанов тұрғындардың мәселесін шешуде осындай кездесулердің тиімділігі зор екенін айтып, болашақта басқосулар жиі ұйымдастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ кездесуде «Nur Otan» партиясының өкілі София Ізмұхамбетова мен «Ауыл» партиясының өкілі Мынатаубиік Әнесов тұрғындарды ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтап, партиялардың сайлауалды бағдарламаларына тоқталды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале