Су тасқыны салдарымен күресу және зардап шеккендерге көмек көрсету аясында «Күшіміз бірлікте» акциясы жарияланды. Акцияны аймақтардағы жастар ресурстық орталықтары, волонтерлер, саяси партиялардың жастар қанаты және республикалық жастар ұйымдарының өкілдері қолдады, - деп хабарлайды мәдениет ақпарат министрлігі.
Атап айтсақ, жастар ресурстық орталықтар қолдауымен гуманитарлық көмек қабылдау бойынша жұмыстарды 20 волонтерлер фронт-кеңсесі атқарды. Жастар ресурстық орталықтары жанынан жұмыс істейтін көмек жинау пункттерінде зардап шеккендер үшін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында 4 048 тонна көмек жиналды.
Облыстық жастар ресурстық орталықтарының басшылары су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-шараларға, оның ішінде қажетті гуманитарлық көмекті жеткізуді үйлестіру жұмыстарына белсенді қатысуда.
Сонымен қатар, республикалық жастар ұйымдары акция шеңберінде 2,3 мыңнан астам іс-шара өткізді. Іс-шараға 32,5 мыңға жуық белсенді жастар қатысып, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көмек көрсетіп, гуманитарлық көмекті қабылдау және іріктеу жұмыстарына атсалысты.
Түркістан, Алматы, Павлодар, Жетісу облыстарының, Астана қаласының жастар ресурстық орталықтары Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына көмекке барды.
Қазіргі уақытта «Biz Birgemiz» Қорының қолдауымен су тасқынына қарсы іс-шараларға, сондай-ақ тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарына волонтерлермен бірге «Қазақстан студенттер альянсы», «Жастар Рухы» ЖҚ, «Қазақстан жастар конгресі», «Ауыл» партиясының «Ауыл жастары» жастар қанаты, Түркістан облысының жастар ресурстық орталығы қатысуда. «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері Ақмола облысында тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырды.