5.11.2021, 10:45
Оқылды: 298

Күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары

Адамзат  тарихына ХХ  ғасыр қасіретті болып енді. Кеңес өкіметінің 1920 жылдардың ортасынан бастап, 1930 жылдары жүргiзген  жаппай  тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, отырықшыландыру, бай-кулактарды тап жауы ретінде жою, мемлекетке  ет, астық тапсыру сияқты саяси науқандарының салдарынан қазақ халқы орны толмас зұлматқа ұшырады. 

10

Тарихшы ғалым Т. Омарбековтың пайымдауынша, жоғарыда айтылғандай, күштеп ұжымдастыру, тәркілеу және бай-кулактарды тап ретінде жою науқаны кезінде Қазақстан да 165 000 шаруа қуғын-сүргін көрген.

Алайда тарихтың бұл  шындығын кеңестік тоталитарлық үстемдік жағдайында ашық айту мүмкін болмады. Қазақ елінің тәуелсіздігі  ғана ұлттық тарихымызды жаңаша ой тұрғысынан пайымдауға кең жол ашты. 2020 жылы 24 қа­рашадағы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық  ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес құрылған Батыс Қазақстан өңірлік комиссиясы жұмыс істеуде. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті –  кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты  тарихи  әділеттілікті толық  қалпына келтіру.  Өңірлік комиссияның «Күштеп ұжымдастыру және 30-жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша» жұмыс тобының мүшесі ретінде  облыстық архив қорындағы құпиясыздандырылған құжаттарды зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз.  Ұзақ уақыт құпия сақталған деректерді саралау барысында Қазақстанның өзге өңірлері сияқты Орал өлкесінде де колхоздастыру, күштеп ұжымдастыру, мемлекетке ет даярлау және тағы басқа саяси  науқандар  асыра сілтеушілік, бұрмалаушылық, пайыз қуушылық  жағдайында жүргізіліп,  қорқыту, зорлық-зомбылық жасау, алдау-арбау әдістері қолданылғанына көз жеткіздік.

9

Бұған күштеп колхоздастырудағы ел ішіндегі сорақы бейбастақтық Кеңес өкіметінің абыройын түсіріп, халықтың антикеңестік наразылығын өршітіп отырғанына алаңдаған ОГПУ округтік атқару комитеті төрағасының «При аресте и конфискации имущества отбиралось  до пантолон и столовых ложек. Были случаи, что детей арестованных оставляли совершенно голыми» деген  мәлімдемесі айғақ. ОГПУ тағы бірде «Сіздің жіберген өкілдеріңіз ауыл қазақтарына ешбір түсінік жұмыстарын жүргізбестен «Бізді қолдап, колхозға  кіресің, кірмесең,  Кеңес өкіметінің жауысың, Колхозға кір! Жүн, ет, рабскот тапсыр! (жұмыс көлігі – Б.Б.)» деп дікеңдейді, күш көрсетеді. Оған   дәлел – Орда аудандық БКП(б) комитеті мен Қосшы одағы аудан тұрғындарына мал мүлкімен бірге  100%  колхозға  кіруді  бұйырған. Азғыр аудандық атқару комитетінің төрағасы жолдас Бүркітов 3 сәуір күні Ноғайбай ауылында жиын өткізіп, «Колхозға кіруден бас тартып, малды қайтаруды сұрасаңдар, Азғырдан милиция шақырып, барлығыңды да   тұтқындаймын» деп  қорқытқан. Кейбір  өкілдер «Колхозға кірсеңдер азық-түлік беріледі» деп шаруаларға өтірік  уәде берген.  Өкілдерден қорыққан немесе азық беріледі дегенге  сенген  шаруалар 100% колхозға кіруге мәжбүр. Осылайша Жәнібек ауданында 9 ауылдық  кеңес  тұрғындарының 90%-ы, Азғыр ауданының 75%-ы, Орда ауданының 80 %-ы  колхозға кірген. Алайда азық-түлік  бермегеннен кейін,  халық топ-тобымен  колхоздан шығып жатыр» деп  мәлімдеген.

Кеңес өкіметінің сталиндік күштеп ұжымдастыру режімі халықтың саяси, моральдық-экономикалық құқығын шектеп,   оны  тіршілік ету құралдарынан айырды. Бұл пікірге архив деректері айғақ. Орал округтік атқару комитетінің төрағасы Чадияров Орал округінің прокурорына «Біздегі мәлімет бойынша 20 адамнан құралған   комиссия мүшелері  Жаңақала ауданы Мокринкький ауылында кулак Черекаев Фокейдің мүлкін тәркілегенде, жіп, сабын сияқты ұсақ-түйек заттарды және соттың шешімімен жанұясына  қалдырылған 1 пұт астықты, майды кулакка бермей, өздері алып кеткен», «Ауылдық кеңестің төрағасы Синельникова мен комиссия мүшесі Өтепова Жәмила кулактың айна, тарелкелерін қиратып, кілем, үлкен жылы шұлығын (шаль), қызының  қолындағы сақина мен құлағындағы сырғаларын шешіп алған», «Сүйіндік ауылында кедейдің жалғыз түйесін тартып алған», «Азғыр ауданы, Шалқар ауылында  қолындағы соңғы  талғажау етін  тапсырмағаны үшін кедейді өкілдер соққыға жыққан» деп хабарлап, жаза қолдануды  сұраған.  Сондай-ақ  архив құжаттары өлкеміздегі әділетсіздік пен озбырлыққа  қарсы 1930 жылы жазда ел ішінде халық қарсылығының күшейгенін де аңғартады.

Мәселен, «Бригадирлер – Батримов және Лутемокиев жақын да колхозшылар Лукпанов пен Сахиповты соққыға жыққан. Осыдан кейін Жымпиты ауданындағы 19 ауылдың колхозшылары жаппай колхоздан шығып жатыр» десе, Қаратөбе ауданында Кулгазиев Мухамедьяр, Дибарова Кулсана, Сайдушев Сұлтан бастаған 19 мұғалім аудандық партия және атқару комитетінің төрағаларына  отбасыназықпен қамтамасыз ету талаптары орын­далмаса, жұмыстан бас тартып, өзге округке кететінін мәлімдеген. 1930 жылдың 30 қаңтарында БКП(б) Орталық  Комитетінің Саяси Бюросы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында кулак шаруашылығын жою шаралары туралы» қаулы қабылдады. Бұл Кеңес өкіметіндегі байкулак шаруашылығын жою науқаны Қазақстанды да айналып өтпеді. Жоғарыдағы қаулыға сәйкес 1930 жылы 13 мамырда Орал округінің Заураль, Камен, Теплов аудандары бойынша 3-категорияға жатқызылған 320 кулак жанұяларымен бірге Азғыр, Орда, Жаңақала аудан­дарына құм тоқтату, балық аулау жұмыстарына жөнелтілген. Осылайша қазақ даласының  байларын тәркілеу ісі екінші рет жанданып,  қазақ қоғамының меценаттарын ашық түрде қудалау басталды. Қазақ даласындағы шаруаларға қатысты жүргізілген саясаттың ерекшелігі – көшпелі шаруашылықты күйрету үшін қазақ ауылдарын орыс деревняларының үлгісіне көшіргісі келді.  Ол үшін алдымен қазақ халқының дәстүрлі көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарын отырықшыландыруды көздеді. Отырықшыландыру идеясы қазақ даласындағы дәулетті байларды күйрету жолымен жүзеге асырылды. Мәселен, біздің өлкедегі ауқатты адамдардың бірі – Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаровтың мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Жетісуға жер аударған. Ол кезінде  Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың  Санкт-Петербург қаласында оқуына қаржылай көмек көрсеткен, Алаш әскеріне 200 жылқы берген. Еліміз тәуелсіздік алысымен, саяси қуғынға ұшыраған  қазақ байларын ақтау мәселесі жедел көтерілді. Сталиндік күштеп көшіру саясаты қазақ этносының тіршілік ету қалыбын түбегейлі өзгертті. Облыстық архив құжаттарынан   1930 жылдың қаңтар айынан бастап Орал округіндегі дәулетті адамдардың жаппай көшкенін аңғарамыз. «Ауылдық кеңестер, аудандық атқару комитеті байлардың көшуіне  мән бермей, кейбір жағдайда өздері  де көмектесіп отыр» деген ОГПУ-дің мәлімдемелері де көп жайды аңғартады. 1930 жылы 4 ақпанда аудандық атқару комитетінің төрағаларына байлар мен кулактардың көшін тоқтатуға құпия түрде №4535/2  санды арнайы нұсқау жіберілген. Алайда көшті тоқтату қапелімде мүмкін болмаған.  Оған 1930 жылы шілдеде ОГПУ-дің «құпия» белгісімен Орал округі атқару комитетінің төрағасына жазған хаты дәлел. Онда  Шыңғырлау ауданы арқылы Орынбор округінің  Соль-Илецк ауданына Жымпиты, Қаратөбе аудандарындағы жеке байлардың көшуі жиілегенін, мұндай көшке жол бермеуді, Азғыр, Орда, Жәнібек аудандарының байлары Ресеймен шекарадағы Савинка ауылы сияқты  елді пункттерге малдарын айдап әкеліп, Астрахан, Сталинград және Пугачев округтерінің  мемлекеттік ұйымдарының агенттеріне малдарын жоғары бағамен жаппай сатып жатырғанын  хабарлап,  бақылау шараларын күшейтуді сұраған. Орал округтік атқару комитетіне байлардың тұрғын үйлерін, малдарын арзан бағаға сату  әрекетіне жол бермеуді нұсқаған ОГПУ-ге Орал қала лық кеңесі «Горсовет сообщает, что продажа домов сейчас воспрещена. Проходит дополнительная комиссия  муниципализация домов, работает специальная комиссия, которая наметила уже, 140 дом овладений к проверке, 4 дома Колоскова, Телегина и Левина взяты на учет, а следовательно к продаже допущены не будет.  Ответ секретарь Горсовете он же  член комиссии по выявлению допольнительной муниципиал» деген мазмұндағы жедел хат жөнелтеді.

Түйіндеп айтқанда, қазақ даласында жүргiзiлген ауыл шаруашылығын  күштеп ұжымдастыру, отырықшыландыру және кәмпеске науқанының салдары ХХ ғасыр басындағы ашаршылық сияқты ауыр қасiретке ұшыратты. Бұл – қазақ халқының қасіреті. Кеңестік сталиндік күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары арнайы зерттеуді қажет етеді. Ал бұл Отандық тарихты зерттеуші ғалымдарға үлкен міндет жүктейді.

Бақтылы Боранбаева,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің
доценті, тарих ғылымдарының кандидаты,

Жансулу Меңдіқұлова,

ІІ курс магистранты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале