Сұм соғыстың зардабын тартып, ел алдындағы жауапкершілікті ерте сезінген жанның бірі Нина Кочеткова екені даусыз. Бүгінде 97 жасқа толған кейуана 1943 жылы өз еркімен майданға аттаныпты.
– Біз соғыс басталғанда Сталинград облысының Елань поселкесінде тұрған едік. Отбасымда әкем, анам, ағам және екі сіңілім болды. Әкем мен ағам соғысқа кетерде анам сіңлілеріммен Қазақстанға, Оралдағы туыстарымыздың қасына қоныс аударды. Мен Волхов майданына сұрандым. Кейін Волхов пен Ленинград майданы бірікті. Әкем, бауырым секілді мен де Ленинградты жаудан қорғауға қатыстым. Майдан даласында құжаттар тасып, санитарларға көмектестім. Батпаққа батып жүріп, қолайсыз ауа райында да маңызды құжаттарды керек жеріне жеткізетінмін. Нақты қызметім болмаса да, оқ пен оттың ортасында жүріп, жауды тізе бүктіруге үлесімді қосқым келді. Ол кезде жаспын, қорқыныш дегеннің не екенін білмеппін, - деп әңгімелеген Нина Владимировнаның әкесі мен ағасы соғыстан жараланып оралады.
1944 жылы Оралға келген Нина Владимировна педагогикалық институттағы мұғалімдер дайындайтын екі жылдық курста оқиды. 1948 жылы Саратов облысының Бузулок поселкесінде математика пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Кейін 1953 жылға дейін К.Ворошилов атындағы машина жасау зауытында экономист болып жұмыс істейді. Денсаулығына байланысты жұмыстан шығып, ұлы мен қызының тәрбиесімен айналысады. Бүгінде қызымен тұратын кейуана өзіне Ленинград майданына қатысқан ерікті екенін білдіретін құжат берілгенін де айтты.
Өткенін саралап, бүгінгісіне шүкіршілік айтып отырған Нина Владимировна ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Ленинградтың азат етілгеніне 65 жыл» және басқа мерекелік медальдармен марапатталған.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress