Жуырда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазақтың көрнекті ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Алты алаштың ақын қызы – Фариза» тақырыбында кеңейтілген аймақтық ғылыми-педагогикалық семинар өтті.
Осы ғылыми-әдістемелік семинар жұмысына университетіміздің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Абат Қыдыршаев қатысты. Ол «Ақын Фариза Оңғарсынова – қазақ поэзиясы төріндегі тұғырлы тұлға» тақырыбында ғылыми баяндама оқыды.

Сонымен қатар Абат Сатыбайұлы Атырау университетінің I-IV курс студенттері үшін «Кәсіби ритор – педагогтің профессиограммасы» тақырыбында арнайы шеберлік сағатын өткізіп, кәсіби шешендікке, шешен сөйлеу мәдениетіне қатысты студент жастардың сұрақтарына жауап берді. Шеберлік сағат барысында университет ректоры, профессор Саламат Идрисов сөз алып, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ғылыми кеңесінің бірауыздан қабылданған шешімімен Абат Сатыбайұлына құрметті профессор атағы берілгенін хабарлап, ғалымға профессорлық мантия кигізіп, арнайы куәлікті табыс етті.
Жиын соңында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма басшысы-ректоры С. Идрисов профессор Абат Қыдыршаевқа білім ордасының профессор-оқытушылары және студент жастары атынан ризашылығын білдіріп, табысты ғылыми ізденіс тіледі.
Ділнәз Махутова,
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
қоғамдық даму департаментінің ғылыми қызметкері