Облыстық прокуратура осы жылдың өткен кезеңінде қайталанған қылмыстарды талдау мәселесі бойынша кеңейтілген алқа отырысын өткізді. Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыс прокуроры Серік Шалабаев және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері қатысты.
Облыс прокуроры өңірде жекелеген қылмыстардың көбейгенін атап өтті. Криминогендік жағдайға бұрын сотталған адамдар жасаған қылмыс айтарлықтай әсер еткен. Алынбаған және жойылмаған соттылығы бар адамдар жасаған қылмыс 58,8% (131-ден 208-ге дейін), қылмыстың қайталануы – 24% (25-тен 31-ге дейін) құрап отыр. Ең көп тіркелетіні – ұрлық (131), тонау, алаяқтық (16), есірткі қылмысы (15), денсаулыққа зиян келтіру (12), бұзақылық (5) және көлік ұрлау (4) деректері.
Облыс прокуроры Серік Шалабаев ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне тоқталып, сотталғандарды жұмысқа орналастыруға, учаскелiк полиция инспекторлары мен пробация қызметінің жұмысын жүйелі ұйымдастыруға, көңіл бөлуге шақырды.
Кеңесте белгілі болғанындай, бұрын сотталғандар жұмыссыздықтың кесірінен қайта қылмыс жасайды. Мысалы, бұрын сотталған O. есімді Орал қаласындағы пробация қызметінде есепте тұрған кезде 02.05.2024 ж. Н. есімді азаматқа қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Бұл қылмыс түнде және мас күйде жасалған. Бұған дейін O. есімді азамат қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп, айналасын ластағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың берген мәліметіне сүйенсек, алынбаған және өтелмеген соттылығы бар адамдармен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар 58,8%-ға (131-ден 208-ге дейін), қылмыстың қайталануы 24%-ға (25-тен 31-ге дейін) артқан. Негізгі мәселе – мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың болмауы.
– Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия институты формальді және тиімсіз болып қала береді. Олардың жұмысы тек жоспарларда, кеңестердің хаттамаларында және басқа да есеп беру құжаттарында көрінеді. Нақты жұмыс, яғни сотталғандарды әлеуметтендіру іске асырылмады. Қылмыстың қайталануының бір себебі – жұмыссыздық. Талдау көрсеткендей, қылмыс жасау кезінде адамдардың 85%-ы (413-тің 344-і) жұмыссыз болған. Жазасын өтеген 220 адамның 37-сі ғана жұмысқа орналастырылған.
Облыс әкімдігінің қаулысымен адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 2024 жылға арналған жұмыс орындарының квоталары белгіленген. Бірақ бұл квота облыс орталықтарында орналасқан ұйымдарда ғана бар. Ал шалғай елді мекендерде тұратын сотталғандар жұмысқа орналаса алмайды. Жағдайды тез арада түзету керек. Сонымен қатар квота бойынша жұмысқа қабылдаудан бас тарту деректері анықталды. 29 наурызда Касимов (пробация есебінде тұрған) «Талап» АҚ-ға квота алуға өтініш берді, бірақ соттылығына байланысты бас тартылды. Облыста осыған ұқсас деректер жетерлік, – деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары.
Сондай-ақ жиында 6 қазанда өтетін референдумның әр кезеңінде заңдылықты сақтау мәселелері талқыланды. Осыған байланысты облыстық прокуратурада жедел штаб құрылып, республикалық референдум туралы заңнаманың сақталуын қадағалау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті қалалық және аудандық прокуратураларға бағытталған. Отырыста өткен сайлауда сайлау заңнамасын бұзу деректері орын алғаны айтылып, бұдан былай мұндай жағдайға жол бермеу қажеттігі ескертілді. Бас прокурордың тапсырмасы аясында референдум қарсаңында прокуратура өз функцияларын күшейтілген режімде атқармақ.
Кеңейтілген алқа отырысында есірткі қылмысына қарсы күреске қатысты Бас прокуратураның «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасын іске қосқаны да талқыланды. Жобаның мақсаты – өңірлердегі есірткі жағдайының нақты көрінісін анықтау және есірткінің кеңінен таралуын азайту, ұлттың, оның ішінде өскелең ұрпақтың денсаулығын жақсарту.
Облыс прокурорының бастамасымен облыс әкімдігі және облыстық полиция басқармасымен бірлесіп, аталған жобаны өңірде жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарда есірткі қылмысына тосқауыл қоюға арналған хабарландыруларды бақылау, нашақорлармен кездесулер мен әңгімелесу өткізу, оларға әлеуметтік көмек көрсету, оның ішінде жұмысқа орналастыру мәселесі бар. Сондай-ақ рейдтер, спорттық іс-шаралар, марафондар, флешмобтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, буклеттер тарату және басқа да іс-шаралар жүргізу қарастырылған.
Жалпы жобаны жүзеге асыруға барлық құқық қорғау және жергілікті атқарушы құрылымдар, сондай-ақ қоғамдық және жастар бірлестіктері, еріктілер тартылған. Барлық мақсат пен міндетке қол жеткізілгенше жұмыс жалғаса бермек.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz