Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан кёрлингтен аралас командалар арасындағы әлем чемпионаты бел ортасына жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Қазақстан командасы (Абылайхан Жүзбай, Тылсымай Аллиярова, Айдос Аллияр мен Мерей Тастемір) кезекті турда Уэльс құрамасынан 10-3 есебімен басым түсті. Осылайша, біздің ойыншылар Е тобындағы 5 матчтан кейін 4 жеңіспен 1-орынды сақтап қалды. Келесі сатыдағы Швейцария командасында дәл осындай көрсеткіш.
Енді Ұлттық құрама Украина (16 қазан, сағат 20:00) және Бельгия құрамасымен (17 қазан, сағат 00:00) шеберлік байқасады. Осыдан кейін іріктеу кезеңі аяқталып, жартылай финалға шыққандар белгілі болады. Айта кетейік, Абердиндегі әлем чемпионатында барлығы 39 команда бақ сынап жатыр. Дода 19 қазанда мәресіне жетеді.