Қырғызстан парламентінде педофильдердің жазасын қатаңдатып, өлім жазасына кесу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Азаттық Радиосына” сілтеме бере отырып.
Қырғыз депутаттары балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресу шараларын қатаңдатуды ұсынды.
“Жаза жасаған қылмысқа сай болу керек. Адамгершілікті ту етеміз деген сылтаумен өлім жазасын алып тастадық. Бірақ мұндай адамгершіліктің салдарын көріп отырмыз. Өлімнен басқа ештеңеден қорықпайтын адамдар бар. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елде қылмыскерлер жазадан қорықпайды – олар 15 жылға сотталады, бірақ 3 жылдан кейін бостандықта жүруі мүмкін. Түрме адамды түзетпейді, өлім жазасын енгізуден басқа шара жоқ", – деді депутат Нұржігіт Қадырбеков отырыста.
Қырғызстан бұрын өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстыруды көздейтін адам құқықтары туралы бірқатар конвенцияға қол қойған. Өлім жазасы 2007 жылы жаңа Қылмыстық кодекстің көздеуімен жойылды.
Соңғы уақытта Қырғызстанда кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілері қоғамдық резонанс тудыруда. Құқық қорғау органдарының іс-әрекеттері, көбінесе әрекетсіздігі, сондай-ақ айыпталушыларға қатысты сот шешімдері халықтың наразылығын арттырды.
Қырғызстанның ұлттық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2021 жылы балаларға қатысты 3034 қылмыс фактісі тіркелді, олардың 500-і жыныстық зорлық-зомбылықпен байланысты.