26.08.2025, 14:45
Оқылды: 635

Қыруар қаржы жұмсалып, ауқымды жобалар жүзеге асады

Облыс  әкімінің  орынбасары  Тілепберген  Каюповтың  қатысуымен  облыстық  қоғамдық  кеңестің  кезекті  отырысы  өтті. 

DSC09614

Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов жиында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №16-1 «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралатынын айтып, сөз кезегін облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевке ұсынды. Нұрлан Мұхитұлының баяндауынша, әлеуметтік салаға – 7,4, ауыл шаруашылығын дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға – 1,2, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына – 18,7, көлік инфрақұрылымына 1,8 млрд теңге  бөлу  жоспарлануда.

– Әлеуметтік сала бойынша білім беруге – 4,2, мәдениет пен спортқа – 1,3, денсаулық сақтау ісіне – 1,9 млрд теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға 95 млн теңге бөлінбек. Қаржының негізгі бөлігі білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарын күтіп ұстауға, білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды тегін тамақпен қамтуға, пәндік кабинеттерді жасақтауға, дәрілік заттарды сатып алуға жұмсалады. Казталов аудандық ауруханасының ғимаратын реконструкциялауды бастауға – 1,2 млрд теңге, Орал қаласындағы 600 орындық мектеп құрылысына сыртқы инженерлік желілер нысанын аяқтауға – 164,5 млн теңге, 2 білім беру нысанының күрделі жөндеуін аяқтауға және 3 білім беру нысанының құрылысын бастауға – 550,8 млн теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Ақжайық ауданының құрамындағы  Көнеккеткен ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға – 147,6 млн теңге, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратының ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жалғастыруға – 500 млн теңге, Бөрлі ауданындағы Ақсай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас корпусына күрделі жөндеу жүргізуге 95 млн теңге берілмек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін мамандандырылған ұйымдарға берілетін несие көлемі 1 млрд теңгені құрайды, – деді Нұрлан Мұхитұлы.

Нұрлан Есенғалиев басқа да салалар бойынша атқарылатын жұмыстарға, бөлінетін қаржы көлеміне тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, алдағы уақытта Тасқала ауданы және Орал қаласында  кезекте тұрған жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар үшін пәтерлер сатып алынбақ. Магистральный (Теректі), Сегізсай (Шыңғырлау), Чапаев (Ақжайық), Димитрово (Бөрлі) ауылдарында су құбырларының құрылысы аяқталмақ. Оған қоса, Подстепный және Теректі ауылдардағы екі көппәтерлі тұрғын үй құрылысы тәмамдалмақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша бұдан басқа да ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.

– Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 1,8 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Жолаушылар тасымалын субсидиялауға – 125 млн теңге, Бөкей ордасы мен Бәйтерек аудандарының кентішілік аутомобиль жолдарын күрделі жөндеуді жалғастыру және аяқтауға – 560,8 млн теңге, облыстық маңызы бар Теректі-Ақсай аутомобиль жолын күрделі жөндеуді жалғастыруға – 384,5 млн теңге, «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» аутомобиль жолын орташа жөндеуді аяқтауға 700 млн теңге бөлінбек, – деді Нұрлан Мұхитұлы.

Осы айтылғандар бойынша Бауыржан Ғұбайдуллин, Нұрлан Сәдір, Бауыржан Зәки, Шаттық Өтепәлиева секілді қоғамдық кеңестің мүшелері сұрақ қойып, түйткілді мәселелерді алға тартты. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов айтылған мәселелер бойынша өз пікірін ортаға салды.

Жиын соңында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №16-1 «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу бірауыздан мақұлданды.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале