28.03.2023, 10:00
Оқылды: 112

«Қысқа жіп күрмеуге келмейді...»

«Орал өңірі» газетінде (№1-2, 2023 жыл, 7 қаңтар) жарияланған «Көрпесіне қарай көсіледі-ау» атты мақалада жергілікті «Ақжайық» футбол командасы туралы айтқанбыз. Аталған мақалада биылғы маусымға арналған клуб бюджеті бірнеше есе қысқарып, 400 миллион теңгені құрағаны сөз болды. Осы күні ол сома тағы қысқарып, 357 миллионға түсті. Ол ақшамен жөні түзу команда құрап, премьер лигаға шығу мүмкін емес. Дәл сол мақалада «Тараз» командасының бюджеті 1,2 миллиард, семейлік «Елімай» клубының бюджеті 716 миллион теңге екені айтылды. Тіпті көрші Ақтөбе облысы командасының футбол орталығын дамытуға, яғни балаларға деп бөлген қаржысы 300 миллион, «Ақсу» футбол клубының балалары жаттығатын орталықтың бюджеті 367 миллион теңге делінген. Біреулер балалар футболына деп бөлген қаржыны біз толықтай бір клубқа жұмсамақпыз. Футбол үшін 357 миллион теңге өте аз. Ал келер маусымды жоғары дивизионда өткізсек деген мақсаты бар клуб үшін мұндай қаражат, сөздің шынын айту керек, тіптен жетпейді. Неге екенін талдап көрелік.

АКЖ (2)

«Ақжайық» футбол клубының құрамында негізгі командадан бөлек 9 балалар мен қыздар командалары бар. Олардың әрқайсысы бір маусымда еліміздің алыс-жақын қалаларына жоқ дегенде, бес рет сапарлайды. Балалар командасындағы 22 ойыншы мен екі бапкердің ел чемпионатына барып келу құны  2 миллионға шығады. Ал ондай 2 миллионның тоғызы керек. Сонда бір маусымда жоғарыда аталған 357 миллионның 180 миллион теңгесі балалар командаларының жүріп-тұруына кетеді. Бұл сомаға бапкерлердің жалақысы қосылмайды. Ал негізгі команда 13 рет түзде ойнайды. Балалардың бір сапары 2 миллионнан асатынын ескерсек, ересек футболшылардың шығыны қанша екенін елестетудің өзі қиын. Иә, нәтиже көрсетпейтін клуб үшін осынша қаражат жоюдың қаншалықты керегі бар деген ой келеді. Бірақ бар футболды жойғаннан не ұтамыз? Тіпті нәтиже жоқ деп айтуға тағы болмайды. Осы күні еліміздің жастар құрама командасына Орал футболының түлегі Азат Бақытов тұрақты түрде шақырылып жүр. Одан бөлек, Ислам Амангелдиев 17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының сапында ойнайды. Оралда жүріп-ақ ұлттық құрамаға ойыншы дайындай алатын командада нәтиже жоқ деп қаражатын қысқарту қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақ  күйі қалып отыр.

Қыста команда екі оқу-жаттығу жиынын Оралда өткізді. Одан соң Өзбекстан астанасы Ташкентке аттанып, сол жақта толыққанды тағы бір рет жаттықты. Ол сапарға жоқ дегенде бөлінген қаржының 10-15 пайызы кетті. Сыртта жүріп, құрамға тағы бірнеше футболшы қосылды. Ал команданы шын мәнінде күшейте алатын футболшы арзан тұрмайды. Осы ретте көпшілік «жергілікті жас таланттарды құрамға тартса да жаман болмас еді» деген пікірін айтады. Қазірдің өзінде оралдық бапкерлердің тәлімін алған Батыр Мұқашев атты жас футболшы «Тұран» командасына кетіп қалды. Себебі «Ақжайық» оның сұранысын қанағаттандыра алмады. Енді өсіп, өзімізге пайдасы тиеді-ау деп жүргенде ақшасы аз клубта доп тепкісі келмеген жас талантымызды ұстап қала алмадық. Жастар құрамасына шақыртылды деп жүрген қақпашымыз Азат Бақытов та болашағын кедей клубпен байланыстырғысы келмей, «Арыс» командасының жейдесін киді. Осындайда өзге түгілі, өз тәрбиеленушісіне жағдай жасай алмайтын клубқа өзге өңірдің мықтысын қалайша шақырамыз? Сол себепті бар футболды жойып алмай тұрғанда командаға аздап болса да берілер бюджетті көбейту керек-ау?

Жүріп-тұрудың өзі қалтаға соғады

Біраз адам 357 миллион бірінші лига үшін жақсы сома екенін айтады. Тіпті спорт журналистерінің біразы да осындай пікір ұстанған. Иә, қаражат аз емес. Бірақ команда Шымкент, Қызылорда, Алматы, Астана сияқты тоғыз жолдың торабында тұрған болса, тамаша. Өйткені ол жақтардан еліміздің кез келген қаласына оңай жетуге болады. Ал Оралдан Семейге не Екібастұзға бару – қиынның қиыны. Мысалы, Оралдан Семейге жету үшін бір адам жолдың өзіне 21000 теңге жұмсайды. «Ақжайық» командасы Абайдың еліне барып, чемпионаттың бір ойынын өткізу үшін 1050000 теңге қаражат керек. Таразға барып ойнау құны  950 000 теңге болса, Екібастұзда күш сынасуға 1 120 000 теңге қажет. Үш ойынға кететін шығын үш миллионнан асып жығылады. Одан бөлек тағы түздегі 10 ойын бар. Сонда командаға бөлінген қаржының біраз бөлігі пойызбен жүруге ғана кетеді. Ал аты аталған қалаларға (Екібастұздан басқа) тек негізгі команда емес, жастар командалары да баруы мүмкін. Биыл түздегі ойындардың бәріне пойызбен баратын «Ақжайықтың» ең қысқа әрі арзан сапары «Орал – Ақтөбе» болады. Сапар шығынына бапкерлер мен ойыншылардың жалақысын қосып отырған жоқпыз.

Бір жағынан алып қарасақ, қып-қызыл шығын. Шыны керек, «Футбол елге эмоциядан басқа ештеңе бере алмайды» деген пікірді де алға тартуға болады. Орынды! Десе де, бөлінген ақшаны негізгі команданың жолына шығындап, футбол орталығындағы 500-ге жуық жас спортшыны тентіретіп қою – олардың арманына балта шабу емес пе? Иә, балалар футболын дамыту үшін қаладағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан футбол бөлімшесі ашылды. Ол да өзінше бір серпін шығар. Бірақ клуб жанындағы футбол орталығы бар кезде қаражатты екіге бөлу қаншалықты дұрыс? «Ол бөлімше бәрібір жаттығу жасайтын орындарды жалға алатын болса, футбол орталығына жойылар қаржы сол бағытта жұмсалар болса, оның дәл қазіргі уақытта керегі бар ма?» деген заңды сауал туады.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық спорт басқармасына Оралда №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан футбол бөлімшесі ашылып жатыр. Ол жоба қандай мақсат көздейді? Футбол бөлімшесінің тәрбиеленушілері ҚФФ (Қазақстан Футбол Федерациясы) ұйымдастыратын түрлі жастағы футболшылар арасындағы ел чемпионатына қатыса ала ма? Өйткені ел чемпионатының кестесіне сәйкес ел біріншілігіне тек қана ҚКФЛ-ның заңды мүшесінің футбол орталығы шәкірттері қатысуы керек. Ал ҚКФЛ-ның (Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы) өңіріміздегі жалғыз заңды мүшесі – «Ақжайық» футбол клубы.

Кезінде облыстық спорт басқармасы ҚФФ-мен бірлесіп, жергілікті «Ақжайық» футбол клубы жанынан футбол орталығын ашты. Ондағы мақсат кәсіби футболшы дайындау еді. Жетістіктері де жоқ емес. Жергілікті команданың қазіргі жағдайын ескере отырып, мұндай қадамға бару балалар футболының дамуына кедергі болмай ма?

Бар футбол орталығының үстінен жаңа бөлімшенің ашылуы қаражаттың екіге бөлінуіне алып келетіні анық. Алдағы уақытта «Ақжайық» футбол орталығының тәрбиеленушілері ел чемпионатынан қағылмай ма деген сауалдарымызды жолдадық. Бірақ жауап болмады.

 

Түйін

Билет сатып, жарнама жасап ақша табуға болады деген пікірдің жаны бар. Бірақ ол футбол клубының негізгі қаражат табу көзі бола алмайды. Клубқа ақшаны футболшы ғана алып келеді. Ал біздегідей 10 айға қарастырылатын бюджет шын мықты ойыншыны клуб сапында ұстап қалуға ешқандай да мүмкіндік бермейді. Өйткені футболшылардың көбі еркін агент ретінде маусымаралық үзілісте кетіп қалады. Ал бюджет бір жылға жасақталса, команда мықтыларымен маусым соңында келісімшарт жасап, жақсы ұсыныс түскен жағдайда сатуға болар еді. Бірақ ел клубтарының біразында ондай мүмкіндік жоқ.

Әлемдегі футбол клубтарының барлығы дерлік жекенің қолында. Күндердің күнінде біздің ел де соған көшуі керек. Өйткені ол – заман талабы. Клуб ақшаны игерумен емес, оны табумен шұғылдануы қажет. Бірақ біздегі инфрақұрылым ондай қадам жасауға мүмкіндік бермейді. Ал жаппай жекешелендіріп жіберетіндей мүмкіндік жоқ. Өйткені пайдасынан шығыны көп клубты ешкім керек қылмайды.

Түгелбай Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале